Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы бірқатар өндірістік және әлеу­меттік нысандарды аралап, Астана қаласын дамытуға арналған кеңес өткізді.
Бас қаланың бағыты айқын
102
оқылды

Кәсіпорындардың қарқынды жұмысы

Алдымен Президент Tausogar зауытына барды. №1 Индустриалдық паркте орналас­қан кәсіпорын құрылыс саласын заманауи жүк көтергіш машиналармен және меха­низм­дермен қамтамасыз етеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ірі құры­ыс компанияларына қажетті мұнара кран­дары мен эскалаторлар өндірісімен таныс­ты. Қа­зір Tausogar зауытында жоғары білікті 44 маман еңбек етеді. Өндіріс орны жылына 200 лифт, 70 эскалатор және 70 мұнара кра­нын шығара алады.

Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында кәсіпорынның ел инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, оның алдағы уақытта бәсекеге қабілеттілігі арта түсетініне сенім білдірді.

Бұдан кейін Президент өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының көрмесін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа винилді гип­со­картон панелін шығаратын «Гипсовинил», өрт дабылдары, бейнекамералар мен до­мо­фондар өндіретін QR Systems зауыттарының өнімдері көрсетілді. 

Сондай-ақ көрмеде Астана электротех­ни­ка зауытының, «Арыстан» Астана құбыр зауытының, құрылыс және жол химиясына маманданған ARGP кәсіпорнының қызметі жөнінде мағлұматтар ұсынылған.

Бұдан бөлек, Президентке мемлекет-же­кеменшік серіктестік қағидаты бойынша пай­далануға берілетін №2 Индустриалдық пар­кінің даму перспективасы жайында баян­далды.

Аталған алаңда жалпы құны 500 мил­лиард теңгеден асатын және 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бере­тін 100-ден астам жобаны іске қосу жоспар­ла­нып отыр. 

Сонымен қатар логистикалық инфра­құры­лымды ілгерілету бағытында белсенді жұ­мыс атқарылуда. Соның ішінде «Астана-Тех­нополис» арнайы экономикалық айма­ғын­да логистикалық парк құрылатын бо­ла­ды.

Астананың жалпыұлттық пулы аясында 1,9 триллион теңгеге 120 жоба жүзеге асы­ры­лады. Осы арқылы 22 мыңға тарта жұмыс ор­нын ашу көзделген.

Мемлекет басшысы шынжыр табанды және дөңгелекті бронды машиналар шы­ға­ра­тын, сондай-ақ оларға техникалық қыз­мет көрсететін Besqaru зауытына барды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев цехтардағы құ­растыру жұмыстарын аралап көріп, қор­ғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіп­орын­ның технологиялық процестерімен және өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.

Компания жылына 200 бронды техника құ­растырады. Олардың қатарында суды ке­шіп өте алатын, дөңгелекті Taimas8x8, Aibar 4x4 бронды машиналары, сондай-ақ Tulpar шынжыр табанды техникасы бар. Besqaru компаниясы өз өнімін Қорғаныс ми­нистрлігі мен басқа да күштік құры­лым­дарға арнап шығарады. Өндіріс алаңы биыл ақпан айында іске қосылды. Жалпы құны 13,5 миллиард теңге болатын жоба аясында 134 жұмыс орны ашылды. 

Мемлекет басшысы зауыт қызмет­кер­лерімен әңгімелесіп, олардың еңбегі өнімді болуына тілектестік білдірді.

Қаланың қаржылық әлеуеті қарыштады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аста­наны дамыту жөніндегі кеңесте қаты­сып, сөз сөйледі.

– Қазір Астана қарқынды өсіп келеді. Түрлі бағыт бойынша белсенді жұмыс істе­ліп жатыр. Бүгін елорданы дамытудың өзек­­­­­ті мәселелерін талқылаймыз. Соңғы 11 айда қысқа мерзімге арналған эко­но­ми­калық индикатор 118,6 пайызға жетті. Ин­вес­тиция, құрылыс, шағын және орта биз­нес саласындағы көрсеткіштер бойын­ша Астана алдыңғы орында тұр. 

Елорданың көш басында болуы – заң­дылық. Биыл елордадағы тұрғын үй құры­лы­сы 5 миллионға жуық шаршы метрді құ­­­­райды. Бұл елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі және Орталық Азия аймағындағы басқа астаналардың көр­сеткіштерінен бірнеше есе артық, – деді Мемлекет басшысы.

Президентттің айтуынша, қаладағы өң­деу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жыл­дың 11 айында 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни, 6 миллиард доллар ша­масында. Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен. Бұл – шамамен 22,5 мил­лиард доллар. Маған берілген мәлімет бойын­ша, қала бюджетіне 4,3 триллион тең­ге салық түскен. Астананың 2024 жылғы өңір­лік жалпы өнім көлемі 15 триллион тең­геден сәл асты. Бұл – 32 миллиард дол­лар. Биылғы қорытынды бойынша 34, тіпті 35 миллиард доллар болады деп күтілуде. Ал қаладағы халықтың ресми саны 1,6 мил­лион адамға жеткен.

Мемлекет басшысы Oxford Economics 2025 рейтингінде Астана Азия құрлығында 36-орын алғанына назар аударды. 

– Жан басына шаққандағы өңірлік жал­пы өнім көрсеткіші көңіл көншітерлік. Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көр­сеткіші көңіл көншітерліктей. Oxford Economics 2025 индексіне тоқталайын. Бұл зерттеулер әлемнің ең ірі мың қаласын эко­­­номика, адам капиталы, тұрмыс сапасы, қор­шаған орта және басқару санаттары бойын­ша бағалайды. Астана Азия құрлы­ғында 36-орынға жайғасса, әлем бойынша 276-орынға тұрақтап, өңіріміздегі бәрімізге белгілі қалалардың алдына шықты.

Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйт­кені әлеуетіміз зор. Біз үнемі алға жыл­жуы­мыз керек. Сондықтан дәл осы индекс бойынша келесі жылы Астананың өз рей­тин­гісін жақсартуға мүмкіндігі бар деп есеп­­теймін. Соның арқасында біздің Азия­дағы рейтингіміз де артады. Бұл біздің қо­лы­мыздан келеді деп ойлаймын. Астана бас­қа аймақтарға үлгі болуға тиіс. Шаһар­дың экономикалық белсенділігі күшейіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Соған сәйкес әкім­дікке және мүдделі мемлекеттік орган­дарға жаңа міндеттер жүктеледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент озық шешімдерді мемле­кет­тік басқару саласына енгізуде Жапония тә­жірибесіне назар аударуға шақырды. Жа­санды интеллект және цифрлық техно­ло­гияны дамытуға баса мән беру керек. 

– Менің өткен аптада Жапонияға ресми са­пармен барғанымды білесіздер. Сапар ке­зінде Токио губернаторымен кездестім. Түрлі салада ынтымақтастық орнатуға келістік, цифрлық технологияларға ерекше назар аудардық. Токиодағы Smart City жо­басымен таныстық. Жапония озық ше­шім­дерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тап­сырды. 

– Бұған дейін менің тапсырмам бойын­ша Астанада Smart City жобасы қолға алын­ды. Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералар­дың жұмысы және басқа да қызметтер осы ор­талықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүм­кіндік береді. Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы са­лы­нып жатыр. Осы цифрлық инфрақұры­лым­ды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін кү­шейтуге мүмкіндік туады. «Заң және тәр­тіп» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс. Астана әкіміне осы шаруаны тездетіп аяқ­тау­ды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, елі­міз­дегі басқа қалалар да осындай платфор­ма­ны енгізуге тиіс. Бұл жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіруі керек. 

– Үйлесімді қала кеңістігін қалып­тас­тыру­ға айрықша мән беру қажет. Азамат­тар­дың тұрмыс-тіршілігі мен жұмысына барын­ша қолайлы жағдай жасау барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті болуға тиіс. Ал елорда заманауи урбанистиканың үл­гісі болуы керек. Өйткені оның мәртебесі бө­лек. Бұл орайда Астанада қазірдің өзінде бір­шама нәтижеге қол жеткіздік. Қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тәсілі ай­қын­далды. Мұны биыл жазда елімізде өткен сам­­миттер кезінде өзге де мемлекеттер бас­­­­­шылары байқаған. 

Мысалы, Төраға Си Цзиньпин қала­мыз­дың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл – әлем­дік ірі державалардың басшылары Қа­зақ­станға келгенде біздің қалаларымыздың кел­бетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұ­ны қаперде ұстау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Астананы абаттандыру ісін­дегі оң өзгерістерге тоқталды. «Жаңа кел­бет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғима­рат­тың қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшелер абаттандырылады. Жалпы, соңғы екі жылда Астанада көптеген қо­ғамдық кеңістік пайда болды. Жасыл же­лек мол егіліп, демалыс аймақтары кө­бей­ді. 

– Бұл өте жақсы. Мұны елорда тұрғын­дары оң бағалап отыр. Енді осы аумақтарды тиісті деңгейде сақтауға тиіспіз. Бұл әуелгі ке­зекте елордада тұратын және шаһарға қо­наққа келетін Қазақстан азаматтарына ті­келей байланысты. Осы істі Ішкі істер ми­нистрлігі, полиция департаменті жіті ба­қылағаны жөн, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Даму даңғылындағы жоспарлар

Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың шет­­кері аудандарына да көңіл бөлу керек еке­нін жеткізді. Қаланы безендіру жұмыс­та­рына бюджеттен бөлек демеушілер қара­жа­тын да тартуға болады. 

– Жаңа жылда кәсіпкерлеріміздің ба­сын қосуды жоспарлап отырмын. Оларға тағы да үндеу жасаймын. Қатаң шаралар қабыл­даймын. Түптің түбінде, Отанды сүю – ортақ борыш. Сондықтан оң жағалаудағы сауда, өнер­кәсіп орамдары мен тұрғын үй алап­тарын жаңарту жұмыстарын жандандырған жөн. Көріктендіру мәселесі азаматтарды әрдайым толғандырады. Бұл түсінікті, сон­дықтан олардың осылай айтуға қақысы бар. Дегенмен әкімдік те елорда тұрғындары мен қала қонақтарынан жоғары мәдениетті талап етуі керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қор­ғау – стратегиялық мәселе екеніне на­зар аударды. 

– Әрине, қоғамда жоғары экологиялық мә­дениет қалыптасып, тұрғындар ортақ ме­кеніміздің тыныс-тіршілігіне белсенді ара­ласа бастағаны қуантады. Дәл осы се­беп­ті «Таза Қазақстан» жобасын бастадым. Оны бүкіл ел қолдады. Қоршаған ортаны қор­ғау – стратегиялық мәселе. «Таза Қазақ­стан» идеологиялық кампаниясына не үшін бастамашы болғанымды айтайын. Өйткені экология, тұрмыс-тіршіліктегі тазалық бол­мысымыздың бір бөлігіне айналуға тиіс. Жал­пы, Азияның бірқатар қаласында қал­дықтарды жоюдың экономикаға негіз­дел­ген тәсілдері қолданылады. Шынында да, қо­қыспен күресу керек. Токиода 14 мил­лион адам тұрады. Азғантай аумақта осын­ша­ма халық өмір сүріп жатса да, ондағы та­залық пен тәртіп өте жоғары деңгейде. 

Мысалы, саммитте сөйлеген сөзімде Жа­пония Премьер-министріне «Еліңіздің қуаты – адамдарыңызда. Сіздер үнемі үйле­сімділікке үндейсіздер. Жапондар үйрену­ден жалықпайды. Өзін қалай ұстауды біледі, өзге адамдарға құрметпен қарайды. Үйін, пәтерін, өзі отырған ғимаратты таза ұстайды. Сонымен қатар олар үздіксіз білім алады әрі оны өскелең ұрпаққа да сіңіреді» деп жылы сөзімді арнадым. Бізге де дәл осын­дай менталитет қажет. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллектіден үлкен үміт күтемін. Біз алға қарыштап қа­дам басып, технологиялық ұлт болудың үлгі­сіне айналуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осы тектес жобаларды іске қосу пысықталып жатқанын жеткізді. Соның аясында тәулігіне мың жарым тоннаға дейін қалдық өңдеу, электр энергиясын өндіру қарастырылған. Ел бойынша қалдықтарды жоюды көздейтін 40-тан астам жоба жос­парланған. Олардың бәрі белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуға тиіс. 

– Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қоқыс полигондарын дамыту мәселесіне мән беру маңызды. Бұл істі кейінге қалдырудың экологиялық салдары ауыр болатынын әрі оның тұрғындар тұрмысына теріс әсер ететінін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Сон­дықтан Үкімет осы бағытта қажетті шаралар қабылдағаны дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырды.

– Мен бұған сенімдімін. Бұл – стратегия­лық сипаттағы міндет. Оның орындалуын Президент Әкімшілігі қадағалауда ұстайды. Дегенмен бізге тез шешім қабылдап, әрі сапалы жұмыс атқару қажет. Әрбір мәселеге пікір таластырудың қажеті жоқ. Елорда тұрғындарының көбі демалыста немесе мереке күндері әдетте Бурабайға барады. Жол қашық. Оның үстіне, табиғи парктің экожүйесіне айтарлықтай салмақ түседі. 

Сондықтан Астана маңайында экосая­бақтар ашатын уақыт жетті. Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырамын. Тағы да қайталап ай­та­мын, ол жерлерде де тазалық болуға тиіс. Бурабайда не болып жатқанын қара­ңыз­дар. Ұят жағдай. Ұлттық қорықты бүл­діріп жатқан бөгде ғаламшарлықтар емес, өзіміздің халқымыз ғой, – деді Президент.

Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыту маңызды екеніне тоқталды. Қалада сапалы және қолайлы инфрақұрылым болуға тиіс. 

– Биыл Астананың көлік жүйесін дамы­тудың 2035 жылға дейінгі кешенді бағдар­ламасы қабылданды. Бұл құжаттағы іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыру керек. Қаладағы көлік инфрақұрылымына назар аудару керек. Азаматтар жолдың сапасы нашар екенін айтып, жиі шағымданады. Қоғамдық көліктердің қызметіне қатысты мәселелер де бар. Келеңсіз жайттар Астананың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Қоғамдық көліктер ең алдымен тұрғындарға ыңғайлы болуы керек және уақытылы жү­ру­ге тиіс. Жеке көліктен гөрі автобуспен жү­рудің тиімді болғаны жақсы. Сондықтан қо­ғамдық көліктердің санын көбейту қа­жет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту және Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдады. 

– Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржы­ландыру мәселесін шешуге тиіс. Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысқа қолдау білдіремін. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет. Бұған қоса, Үкімет әкімдікпен бірлесіп, Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жұмысын жалғастыруы керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев елорда жол-көлік оқиғаларының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. 

– Жалпы, қалада құрылыс өте көп. Көлік саны да аз емес. Бұл жағдай, бір жағынан, тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіп­сіздігіне қатер төндіріп жатыр. Биылғы он бір айда Астанада жол-көлік оқиғасынан 675 бала зардап шеккен, бес бала қаза болған. Жұрт үйлердің арасында жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу белгілері жоқ деп шағым айтады. Мұның қандай себеппен болып жатқанын ешкім білмейді.

Ауланы жарықтандыру мәселесі де өзекті. Мен өзім бұл мәселеге баса назар аударып отырмын. Әсіресе, тұрғын үйлер және білім беру мекемелерінің маңындағы жүк көлік­терінің қозғалысын реттеу қажет. Шешілмей жатқан тағы бір мәселе – көлік тұрақтарының жетіспеушілігі. Бұл мәселені ретке келтіретін кез келді. Шетелдің озық тәжірибесін қолдану керек. Мысалы, көпқабатты тұрақтар салуға болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдікпен бірге осы мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырды. 

– Жуырда біз елімізде толыққанды авиа­хабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар. Бірақ Қазақстанда өндірілетін авиа жанармай көлемі жеткіліксіз. Осы жағдай авиахабтарды дамытуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қа­былдауға тиіс. Бәлкім, жаңа мұнай өңдеу за­уытын салу керек шығар. Оның артық­шылығы да, кемшін тұстары да бар. Үкімет осыған қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, көші-қон қарқы­нының артуы, ірі қалалардағы құрылыстың тығыз салынуы инженерлік желілер мен шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға айтарлықтай салмақ салады. 

– Бірнеше жыл бұрын елордада ауыз­судың тапшылығы сезілді. Оның сапасына қатысты сын айтылды. Осы мәселелерді шешу үшін жаңа су құбырлары тартылып, сорғы-сүзгі станциялары салынып жатыр. Олардың кейбірі пайдалануға берілді. Елдің бас қаласын сумен тұрақты қамтамасыз 

ету – техникалық міндет қана емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мұнда ұсақ-түйек нәрсе болмайды, барлығын алдын ала ойластырып, уақытылы жасау қажет. Төртінші ауызсу станциясын межелі мерзімде салған жөн. Биыл Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстың осы қарқынын жоғалтпау маңызды. Екінші кәріз-тазарту құрылысы мен қалаішілік тазарту жүйесін іске қосу керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ісінде энергетикалық инфрақұрылым аса өзекті мәселе екенін жеткізді. 

– Жаңа қосалқы станцияларды салуды жеделдеткен дұрыс. Мұнда қандай да бір кедергілерге жол бермеу керек. Үкіметке қажетті қаржыны бөлуді тапсырамын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелері мен энергетикалық инфрақұрылым­ның үздіксіз жұмыс істеуі – кез келген қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің басты шарты. Олай болмаса қалған шаруадан қайран жоқ. Мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылды. Ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты. Экономиканың қажеттілігі артып келе жатқанын ескерсек, қазір өндірілетін 29 миллиард текше метр тауарлы газ ішкі сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан газ өңдеу бойынша жоспарланған барлық жобаны уақытылы іске қосу өте маңызды. Бұл жұмыс орнықты әрі кепілді ресурстық база қалыптастырумен қатар жүргізілуі керек, – деді Президент.

Құрылыс сапасы бақыланады

Мемлекет басшысы тұрғын үйлер сапалы салынуы қажет екенін айтты. 

– Астана – құрылыс қарқыны бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері қалада 5 миллион шаршы метр үй салынған. Бұл – бүкіл елде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің төрттен бірі деген сөз. Әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар. Мысалы, таяуда тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. 

Сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау – нағыз қылмыс. Мұны ашық айтуымыз керек. Бұған мүлдем жол беруге болмайды. Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жоба­лаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруға тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуі қажет. Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек. Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Үй салып жатқан компаниялар мен мердігерлер туралы және сараптама нәти­желері жайлы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. 

– Тағы бір мәселе: елордада жұмыста жүріп жарақат алу деректері көбейіп барады. Жыл басынан бері қаладағы өндіріс орын­дарында 32 адам зардап шегіп, 12 адам қаза тап­қан. Әкімдік Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігімен бірлесіп, өнді­рістегі қауіпсіздікті күшейту үшін нақты ша­ралар қабылдауға тиіс. Жұмыс орнында болуы мүмкін қауіп-қатерлерді саралап, оқыс оқиғалардың алдын алу қажет. Әр қайғылы оқиғаның себеп-салдарын мұқият зерделеп, тиісті қорытынды жасаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қала халқының саны өте жылдам өсіп жатыр. Әлеуметтік инфрақұрылымға, әсіресе денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне зор ауыртпалық түседі. 

– Мәселе тым күрделенбей тұрғанда, жүйелі жұмыс істеу керек. Астана әкімі бірқатар медицина нысанының жұмысымен таныстырды. Екі емхана және балаларға арналған травматология орталығы салына­тынын айтты. Қаланың медицина инфра­құрылымын дамыту – өте маңызды міндет. Осыған орай, әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтар адам тығыз қоныстанған аудан­дарда көбірек ашылуға тиіс. Бұл талап білім беру нысандарын салған кезде де қатаң сақталуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп тапшылы­ғы – еліміздегі аса өзекті мәселенің бірі екенін еске салды. Мектеп салу қарқыны бала санының өсу қарқынына ілесе алмай келеді. Алдағы үш жылда мектептегі орын тапшылығы 400 мыңға дейін жетуі мүмкін. Соның ішінде елордада 28 мың оқушыға орын жетіспейді деген болжам бар. 

– Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында осындай жағдай қалыптасуы мүмкін. Әрине, бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Соңғы 5 жылда бір миллионнан астам оқушыға ар­налған мыңға жуық мектеп пайдалануға берілді. Астанада 75 мектеп салынды. Қазір қалада үш ауысыммен оқытатын мектеп қал­ған жоқ. Бұл ретте «Келешек мектептерін» ерекше атап өткен жөн. Архитектуралық және техникалық тұрғыдан қарағанда, бұл – заманауи әрі жоғары деңгейде жаб­дық­талған мектептер. Аталған бағытта әжеп­тәуір тәжірибе жинадық. Сондықтан ауқымды жобадан гөрі қауіпсіз, сапалы құрылыс жұмыстарына кірісуіміз керек. Дегенмен оның бағасы қымбат болмауға тиіс. Бұл еліміздегі білім беру инфрақұры­лымын жаңғыртуда қалыпты жұмысқа айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мектеп құрылыс бойынша мемлекет-жекеменшік серіктестігін жетілдіруді тапсырды. 

– Әсіресе, жеке мектептерді дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл салаға инвестиция тарту ісінде жүйелі шаралар қабылдаған дұрыс. Атап айтқанда, мемлекет-жекеменшік серіктестік құралын жетілдіру маңызды. Дәл қазір жеке мектептердің өрісін кеңейту міндеті тұр. Өйткені тексеріс барысында қызметін теріс мақсатта пайдалану, тіпті алаяқтық жағдайлары анықталып жатыр. Мұндай фактілер лицензия беру, қаржыландыру, бақылау жұмыстарының әлсіздігін көрсетеді. Сонымен қатар кейбір әкімдіктер жоспарлау кезінде үлкен қателіктер жіберген. 

Атап айтқанда, демографиялық өсім мен ау­мақтық даму мәселелері ескерілмей, жеке мек­тептерді ашуға беталды рұқсат берілген. Со­ның салдарынан, бір жерде мемлекеттік жә­не жеке мектеп қатар салынған. Ал шын мұқ­­таж аудандарда білім беру инфрақұрылымы сол күйі дамымай қалған. Бұл – ведомствоаралық бай­ланыстың әлсіздігін көрсетеді, жұмысқа жүр­дім-бардым қараудың дәлелі. Орта білім беру жү­йесін демографиялық есепке және нақты нә­тижелерге негіздей отырып кешенді түр­де дамыту қажет. Қолданыстағы модельді түбе­гей­лі өзгерту керек, – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын, соған қарамастан еліміз жақсы қарқынмен дамып келетінін айтты. 

– Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік-логистика салалары дамудың қозғаушы күшіне айналды. Жыл қорытындысы бойынша, экономикамыз 6 пайызға өседі деп болжанып отыр. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 15 мың доллардан асады. Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс өз нәтижесін беруде. Біз қазір ел өміріндегі тағдыршешті реформалар кезеңіне қадам бастық. Бүкіл мемлекеттік аппарат, бірінші басшыдан қарапайым қызметкерге дейін мұны терең түсінуі керек. Бұрын-соңды болмаған маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары қарқын мен бастамашы­лық таныту қажет. Батыл, шеңберге сыймай­тын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабыл­да­ған жөн. Мемлекеттік қызметте жалқау­лыққа, жұмысқа жауапсыз қарауға орын жоқ. Халыққа әдемі есеп емес, нақты іс керек. Сондықтан барлық басшы мен ла­уазым­ды тұлғадан елге пайдасы бар жұмыс талап етемін. Алдымызда атқаратын міндет көп, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде реформалар жалғаса беретінін жеткізді. 

– Мен Жолдауымда бір палаталы Пар­ла­мент құру туралы бастама көтердім. Бұл – соңғы жылдары қолға алынған ауқымды өзгерістердің заңды жалғасы. Түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады. Азаматтарымыз мақұлдаса, Ата Заңға көптеген өзгеріс енгізіледі. Түзетулердің ауқымын ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдаумен бірдей қадам деуге болады. Біз озық ойлы ұлт ретінде болашаққа сеніммен қараймыз. 

Алдымызда биік мақсаттар тұр. Қазақ­­станның транзиттік әлеуетін арттыруымыз қажет. Толық цифрлық мемлекет болуымыз керек. Энергетика, ауыл шаруашылығы са­лаларын дамыту қажет. Мұның барлы­­ғы – бір күндік шаруа емес. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктірсек, осы мақсаттың бәріне же­теміз. Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруға тиіс. Елордамыз басқа аймақтарға барлық жағынан үлгі болуы керек. Айтылған міндеттердің барлығы уақытылы әрі сапалы орындалуға тиіс, – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.

Білім берудегі басымдық

Бұдан соң Президент Tanym көпфунк­ционалды кешенін аралап көрді. Мемлекет басшысы оқу сыныптарын, хореографиялық залды, коворкинг-орталықты, жасанды интеллектінің инновациялық жүйесі енгізілген жүзу бассейнін, кеме модельдеу шеберханасын, театр өнері студиясы мен спортзалды аралады. 

750 балаға қызмет көрсететін бұл орталық балалар мен жастардың талантын шыңдауға, көшбасшылық қабілетін, ғылыми ойлау жүйесі мен шығармашылық әлеуетін жетілдіруге мүмкіндік береді. 

Жоба балаларға заманауи білімді, технологияны, мәдениет пен спортты қолжетімді етуге бағытталған. 

Қазір кешенде 100-ден астам жоғары білікті педагог жұмыс істейді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтың ұстаздарымен және оқушыларымен әңгі­мелесіп, балалар мен жастар шығармашы­лығын дамытудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар балаларға табыс тіледі.

Елорда нысандарын аралау барысында Мемлекет басшысы Нұра ауданында орналасқан NGS Astana жеке меншік білім беру мекемесінің жұмысымен танысты. 

1 320 оқушыға есептелген мектеп жара­тылыстану-математика және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарында білім береді. Әсіресе, математика мен ағылшын тілі те­реңдетіп оқытылады. 

Оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қажетті барлық жағдай жасалған. Оқушылар үш мезгіл тамақтандырылады. Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға қолайлы орта қарастырылған. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектеп құры­лысының бизнесті мемлекеттік қолдау ша­ралары аясында бой көтергені жөнінде баян­далды. Қаржының 40 пайызын «Даму» қоры кредит ретінде бөлген. 

Президент оқу кабинеттерін, кітапха­наны, спортзалын аралап көрді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Инклюзивті спорт орталығының қызметімен танысты. 

Бұл – еліміздегі мүгедектігі бар адамдарға арналған спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктірген алғашқы кешен. 

Астанада мүмкіндігі шектеулі 42 мыңға жуық азамат тұрады. Олардың басым көпшілігі – балалар, жастар мен еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Олар орталықта спортпен тұрақты түрде шұғылданып, оңалту курсынан өте алады. Осылайша, әлеуметтік ортаға бой үйретеді. 

Мекемеде көпфункционалды спорт­залы, реабилитация блогы, 15 медициналық кабинет, конференц-зал, сондай-ақ алты бөлмелі қонақ үй секторы қарастырылған. Мұнда оқу-жаттығу жиыны, жарыстар мен білім беру бағдарламалары кезінде параспортшылар жайғасады. 

Орталықта спорттың 12 бейімделген түрінен жаттығу жүргізіледі. Спорт және білім салаларында мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін маман даярлауға айрықша мән беріледі.