Мәжіліс Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдады

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар Жоғары аудиторлық палата төрағасының «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит» тақырыбындағы есебін тыңдады. Сонымен қатар отырыста креативті индустрияларды қолдау мен дамыту туралы заң екінші оқылымда қабылданды.

Депутаттарға аудит нәтижелерін тан­ыстырған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беретінін атап өтті. Ол өңірлерді мамандандырудың және бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды атаулы қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Аудиттің мақсаты – мемлекеттік қолдау­дың бизнестің іскерлік белсенділігіне қаншалықты серпін беретінін анықтау екенін айтты.

Жоғары аудиторлық палатаның төра­ғасы атап өткендей, ұзақ уақыттан бері бұл саладағы саясатты қалыптастыруға жауап­ты мемлекеттік органның бекітілмеуі жүйелі кемшілік болып отыр. Ұлттық экономика министрлігіне бұл міндет 2023 жылдың сәуірінде ғана жүктелген, алайда әлі де болса жүйе  тәртіпке келтірілген жоқ, қабылданған шаралар жеткіліксіз болып отыр.  

– Бүгінгі таңда түрлі шаралар, тетіктер, операторлар көп, қарапайым кәсіпкерге оның бәрін түсіну қиын. Тиісті деңгейде цифрландырудың жүргізілмеуі  жағдайды ушықтыра түседі. Өтініш беруден бастап, шаралардың әсерін бағалауға дейінгі аралықтағы қолдаудың барлық түрін қамтитын бірыңғай ақпараттық платформа әлі іске қосылған жоқ, – деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау жүйесіндегі бірізділіктің жоқтығы сал­дары­нан көптеген оператор пайда болған. Мәселен, қарыздарды субсидиялау, экс­портты қаржыландыру, консультация беру, шығындардың бір бөлігін өтеу опера­торлары және басқа да қызметтерді ұсын­атындар бар. Операторлардың қызметіне жұмсалатын шығыстарды есептеу бір ізге түсірілмеген, іс жүзіндегі еңбек шығын­дары есепке алынбайды. Операторлар көрсеткен қызметтердің сапасына бағалау жүргізілмейді. Бұл ретте ведомствоаралық үйлестіру жеткіліксіз болғандықтан, операторлар өз ережелерін орнатқан.

Аудит нәтижесінде Жоғары ауди­тор­лық палата 133 млрд теңге бюджет қара­жатының тиімсіз жоспарланғанын және пайдаланылғанын, 132 млрд теңгенің  қар­жылық есебі бұрмаланғанын, жалпы сомасы 13 млрд теңгеге тең қаржылық бұзушылықтар болғанын анықтады. Әкімшілік жауапкершілік бойынша 105 материал жолданып, 14 материал құқық қорғау органдарына жіберілгені белгілі болды.

Өз кезегінде Мәжілістің Экономи­калық реформа және өңірлік даму коми­тетінің төрағасы Нұртай Сабильянов кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

– Үкімет экономиканы дамыту үшін жеңілдетілген несие беру жүйесін қалып­тастыруы керек. Атап айтқанда, кәсіпкер­лік субъектілеріне жылдық 8-10 пайыз мөл­шерлемемен несие беру тетігін енгізу қажет. Қайтарымсыз субсидия беру тә­жіри­бесін тоқтатқан жөн. Соңғы 3,5 жыл­да бизнес субъектілерін қолдау мақсатымен бюджеттен банктердің сыйақы мөлшер­лемесін субсидиялауға 686 млрд теңге жұмсалған, – деді депутат. 

Ол сондай-ақ егер мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлік субъектілер өз қызметін тоқтатқан жағдайда кәсіпорын, оның құрылтайшылары мен акционерлері көр­се­тілген мемлекеттік қолдауды толық көл­емде мемлекетке қайтаруды міндеттеу қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар депутат мемлекеттік қолдау көрсетілген кәсіпорындар шикізатты, тауар мен қыз­метті тек отандық өндірушілер тізілі­міне енгізілген кәсіпкерлерден ғана алуы керек деген пікір білдірді.

Нұртай Сабильянов жақында депутат­тар мемлекеттік қолдау шаралары бойын­ша бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу бойынша түзетулер енгізіп, қабыл­дағанын еске салды. Бұл оларды жүйелеуді және ашықтықты қамтамасыз етеді. Осы­ған байланысты комитет төрағасы Үкі­метке тиімділік көрсеткіштерін әзір­леуді, мемлекеттік органдар мен даму инсти­туттарының барлық ақпараттық жүйесін біріктіріп, платформаны іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ қолдау шараларын ұсыну мерзімдерін анықтап, бір кәсіп­орынға екі рет қолдау көрсетуді тоқтату қажеттігін айтты.

Депутаттар қолдау шараларының бір­ыңғай тізілімін қайта қарау және құру, олардың қолжетімділігі мен тиімділігін бағалау мәселелерін талқылады. Ресурс­тарды жоғары қосылған құны мен экс­порт­тық әлеуеті бар салаларға бағыттауға, әлеуметтік жағынан осал топтардан шық­қан кәсіпкерлерді қолдауға, өнімді өңдеу деңгейіне байланысты бизнесті ынталан­дыруға ерекше назар аударылды. Мәжіліс депутаттары шараларға «бір тере­зе» қағи­даты арқылы ашық қолжетім­ділікті қамта­масыз ету, тиімсіз кәсіпорын­дарды қолдауды тоқтату қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және «АМАNАТ» партиялары фракцияларының жетек­ші­лері де өз пікірлерін білдірді. Депутат­тардың барлық ұсынысы мен сұрақтары қорытынды ұсынымдарда жинақталып, Үкіметке жолданады. 

Талқылаудан кейін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов елде кәсіпкерлікті қол­даудың ауқымды шаралары ұзақ жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын, осы бағытта Мемлекет басшысы нақты тап­сыр­малар бергенін атап өтті. Спикер бар­лық қолдау шараларына кешенді ревизия жүргізіп, бірыңғай, орталық­тандырылған саясатты әзірлеу, институционалдық жауапкершілікті арттыру және заңнаманы кәсіпкерлердің сұранысына бейімдеу қажет екенін айтты.

– Мемлекет басшысы біздің алдымызға нақты міндет қойды. Ол – жеке кәсіпкер­лікті қолдауды экономикалық өсімнің драйверіне айналдыру. Осы ретте мемле­кеттік қолдау жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірісті нығайтуға ықпал етуі керек. Бүгінгі Жоғары аудиторлық палата­ның ұсынымдары мен депутаттар айтқан барлық ұсынысты Үкімет назарға алуға тиіс. Біз осы мәселеге әлі де қайтып орала­мыз. Бұл депутаттардың тұрақты бақы­лауында болады, – деді Е.Қошанов.

Жалпы отырыс барысында Мәжіліс де­путаттарының бастамасымен әзірленген креативті индустрияларды қолдау және да­мыту мәселелері туралы заң екінші оқы­лым­да қабылданды. Жұмыс тобының же­тек­шісі Нұргүл Таудың айтуынша, түзе­тулер шы­ғармашылық қызметті жүзеге асыру рә­сімдерін одан әрі реттеуге бағыт­талған.

– «Креативті индустрия қызметкері» және «креативті индустрия субъектілерінің тізілімі» ұғымдары енгізіледі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустриялар саласындағы жобаларға жеке инвестицияларды тарту монитор­ин­гін жүргізу құзыреті белгіленді. Әкім­дік­терге креативті индустриялар саласындағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы оның әлеуе­тін көтеруге және талантты азаматтарды қолдауға жағдай жасау құзыреті беріледі. Шығармашылық пен кәсіби даму еркіндігі үшін креативті индустрия қызметкер­лерінің құқын қорғау туралы нормалар қарастырылған, – деді Мәжіліс депутаты.

Екінші оқылымға дайындық барысын­да депутаттар уәкілетті органның мем­лекеттік қолдауға өтініш беретін креативті индустрия саласы субъектілерінің бірың­ғай тізілімін құру және жүргізу, сондай-ақ жастардың шығармашылық бастамалары мен жобаларын қолдау арқылы жастарды шығармашылық салаларға тарту өкілеттігі қамтылған түзетулерді енгізді.

Сонымен қатар осы құжат бойынша, шетелдік әртістер қатысатын ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезіндегі ұйымдастырушылардың қызметі регламенттеледі. Кинопрокатқа шығатын фильмдерге прокат куәлігін беру тәртібі де өзгереді.

 Отырыста палата комитеттері екі жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар: балара шаруашылығы туралы, баламалы энергия көздерін дамыту туралы заң жобалары.