Экологиялық іс-шараға 20-ға жуық партия мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Таза Қазақстан идеясын жүзеге асыру – бәрімізге ортақ міндет
93
оқылды

«AMANAT» партиясының бастамасымен барлық облыста тұрақты түрде жалғасып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы халықтың белсенділігін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті нығайтып келеді. Іс-шара Президенттің «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық бастамасы аясында өткізіліп, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Мәселен, Атырау облысы  Исатай ауданы  Аққыстау ауылында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында тазалық іс-шарасы өтті. Игі бастамаға қатысушы партия мүшелері, филиал қызметкерлері және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қоғамдық орындар мен аумақтарды қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы нақты жұмыстарды атқарды. 

Экологиялық бастамалардың маңыздылығына тоқталған «AMANAT» партиясы Исатай аудандық филиалы атқарушы хатшысының міндетін орындаушы Жанаргүл Жақашева: «Тазалық – бір күндік акция емес, бұл әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымы. «Таза бейсенбі» сияқты шаралар арқылы біз қоршаған ортаға деген жанашырлықты күшейтіп, жастарға үлгі көрсетуді көздейміз. Партия алдағы уақытта да экологиялық бастамаларды қолдап, тазалық акцияларын жүйелі түрде жалғастыра береді», – деді.

Ал Абай облысы Абай ауданының орталығы Қарауылда осы акция негізінде тұрғындар  «Жеңіс» саябағын қардан тазартты. Шараның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық жай-күйін жақсарту.

Экологиялық іс-шараға 20-ға жуық партия мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Белсенділер аудан тұрғындары үшін маңызды демалыс орыны – аумағы 1 гектар «Жеңіс» саябағын ретке келтірді. Нәтижесінде саябақ ішінен 0,8 тонна қар шығарылып, жаяу жүргінші жолдары тазартылды.

Партияның Абай аумақтық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Қалиев тазалық жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, белсенділерге алғыс білдірді: «Таза Қазақстан идеясын жүзеге асыру – бәрімізге ортақ міндет. Қоғамдық кеңістікті күтіп-ұстау, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі таза орта қалыптастыру жолында ортақ еңбектің маңызы зор. Бүгінгі акцияға белсенді қатысқан азаматтарға шынайы алғыс айтамын. Бірлікте атқарылған іс қашан да нәтижелі болады», – деді ол.

Акция Қарағанды қаласының халқы арасында да кең қолдау табуда.  Бастама аясында абаттандыру мәселелеріне, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, сондай-ақ азаматтардың экологиялық мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгін партия белсенділері экологиялық және әлеуметтік бағыттарды ұштастырып, Ұлы Отан соғысының ардагері Шелудяков Виктор Андреевичті 100 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, ардагердің үйінің ауласындағы қарды тазалады. Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Шелудяков:

«Жастар мен қоғамдық ұйымдардың ардагерлерді ұмытпай, қамқорлық танытып жүргенін көру мен үшін үлкен қуаныш. Ыстық ықылас, назар аудару секілді қарапайым игі істер арқылы адам бойына күш бітіп, көңліне сенім ұялайды» - дейді.

Қарағандыдағы «Жастар Рухы» ұйымының төрағасы Кеңес Жолдасбектің айтуынша, «Таза бейсенбі» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, Қарағанды тұрғындарын тазалық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты құндылықтар төңірегінде біріктіре бермек.

Осы ретте, Шымкент қаласында кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы «AMANAT» партиясы қалалық филиалының бастамасымен өтті. Осы игілікті іске «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері, коммуналдық сала мамандары мен белсенді қала тұрғындарын қосқанда жалпы саны 30 адам қатысты. Бұл жолғы акция Абай ауданында ұйымдастырылып, қатысушылар көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық орындарды қоқыстан тазалады. 

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, «Таза бейсенбі» — тек бір күндік тазалық жұмысы емес, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға үндейтін тәрбиелік мәні бар бастама.

Жыл басынан бері бұл акция 52 рет өткізілген. Осы кезеңде 4 мыңнан астам адам қатысып, қала аумағынан шамамен 49 тонна тұрмыстық қалдық шығарылған.  

«AMANAT» партиясының Ақтөбе облысы Шалқар аудандық филиалы Шалқар қаласындағы «Бауырластар зиратына» экологиялық акция өткізді. Сенбілікке «Жастар рухы» жастар қанатының 40 белсендісі қатысып, зираттың айналасындағы шамамен 3 тонна қарды тазалады. Партияның аудандық филиалы тарихи нысандарды күтімге алуды тұрақты түрде жүзеге асырып жатыр.

«Шалқар қаласындағы бауырластар зираты – маңызды тарихи ескерткіштердің бірі. Бұл зират Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлерге арналған. Зират басына арнайы ескерткіш белгі қойылып, онда қаза тапқан жауынгерлердің есімдері жазылған. Акция басталғалы ауданымыздағы бірнеше маңызды тарихи ескерткіштерге, оның ішінде "Есет-Дәрібай" кесенесіне, "Бауырластар зиратына" тазалық жұмыстарын жүргіздік», - деді партияның Шалқар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айнагүл Жұмағұлова.

Дәл осы «Таза бейсенбі» акциясы Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында да  ұйымдастырылды. Іс-шараны партияның Риддер қалалық филиалы, волонтерлер және Жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізді. Акция аясында қала көшелерін қардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Белсенді жастар мен еріктілер қыс мезгілінде тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге үлесін қосты.

Іс-шара барысында акцияға қатысушылар мен қала тұрғындарына ыстық шай мен бауырсақтар таратылып, өзара қолдау мен жанашырлыққа толы жылы көңіл-күй қалыптасты. Мұндай игі бастамалар қоғамда өзара көмектесу мәдениетін нығайтып, азаматтардың белсенділігін арттыруға септігін тигізеді.

Ұйымдастырушылар «Таза бейсенбі» акциясы алдағы уақытта да жалғасып, қала тұрғындарының кең қолдауына ие болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы Талшық ауылында «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері республикалық «Таза бейсенбі» акциясы аясында жалғызілікті зейнеткерге көмек көрсетті. Волонтерлер үйдің ауласын қардан тазалап, қыс мезгілінде күнделікті қажет отын дайындады. «Таза бейсенбі» акциясы экологиялық бастама бағытында ғана  емес, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында да жүзеге асырылып отыр.  

«Қарттарға көмектесу – біздің азаматтық борышымыз. Әсіресе қыс мезгілінде оларға көмек ауадай қажет. Мұндай жұмыстар біз үшін өте маңызды», – деп атап өтті «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері.

Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы партияның бастамасымен республика бойынша тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шара тек тазалық орнату ғана емес, сонымен қатар қоғамда қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруды көздейді.

«Таза бейсенбі» акциясы 2025 жылдың басынан бері еліміз бойынша 51 рет өткізіліп,  оған 70 мыңға жуық адам қатысты. Тазалау жұмыстары ластанған аумақтардың картасы негізінде орман алқаптары, саябақтар, және жағалау аумақтарында жүргізілді. Акция басталғалы бері 2,5 мыңнан астам ластанған жер тазартылып, Қостанайдағы «Батырларға тағзым» мемориалы, Абай облысындағы Жеңіс саябағы, Қызылорда облысындағы ҰОС жауынгерлеріне арналған ескерткіш аумағы қайта қалпына келтірілді. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.