Асанәлі Әшімовтің «Қазіргі театрда өмір бар да, өнер жоқ. Өмірден өнер жасау керек» деген сөзін әрбір жас режиссер қаперінде ұстайтыны белгілі.
Жан сыры – өте жасырын
252
оқылды

Таяуда Астана қаласының «Жастар» театры әлемдік классик жазушы Стефан Цвейгтің  «Бейтаныс әйелдің хаты» новелласын пьесаға аударып, жаңа қойылымның премьерасын өткізді. Режиссердің шеберлігіне тамсанып, өмірден өнер өрген туындының куәгеріне айналдық. 

Стефан Цвейгтің күрделі бол­мысын, сан саладағы еңбегін әлем жұрты ерекше бағалайды, деген­мен оның атын паш еткен де өмі­ріндегі сол бір бейтаныс әйелдің хаты еді. Біз баяндап отырған қойылымда режиссер Стефан Цвейгті емес, бейтаныс әйелдің әлемін басты назарға қояды. Өш­пес-өлмес махаббатты емес, әйел­дің үнсіз тағдыры, ішкі құрбан­дығы, нәзік жүректің ерлігі бей­не­ленеді. Бейтаныс әйел де­генімізбен, бұл кейіпкер барлық қыз баласының жиынтық образы сынды. Әрине, көрерменнің қабылдауына ауыр соқты, тіпті жұрт адам баласында мұндай сезім болады екен ғой деп қайран қалы­сып жатты. Пре­мьера­дан соң қо­йылымның ре­жиссері Нұрфат Уа­хитовты сөзге тартып, пікірін білдік. 

– Әр премьера театр үшін бір баланың дүниеге келуімен бірдей. Осы айдағы премьерамыз өте қиын болды, жанры психология­лық драма болғандықтан да ауыр тиді. Стефан Цвейгтің новел­ласын пьесаға аудару, драма шығару оңайға соқ­пады. Көрерменге әсер еткенде, өзіміз де бір жеңіл­деп қал­дық. Шы­ғар­маны пси­хо­логия­лық тұрғыда қабыл­дау ауыр, де­ген­мен де қазақ хал­қына айтары бол­са, неге ұсынбасқа деген ой келді. Жұрт түсінбей жатса, бұл да – ой салға­ны­мыз. Неге түсінбей кет­ті, яғни ары қарай ізденіп, оқуға да итермелеуіміз мүм­кін, – дейді Н.Уахитов.

Режиссердің интер­претация­сы, қойылымды беру формасы да дүйім көрерменге ерекше әсер берді. Мұнда бір әйелдің бейнесін, тағдырын жеті актриса сомдайды. Әр актриса әйелдің өмірдегі елеулі әр кезеңін, ішкі әлемін шынайы жеткізуге күш салғаны көрініп тұрды. Егер кейіпкерді бір актриса алып шықса, көрермен мұндай ғажап сезімге бөленбес еді әрі жас актрисалардың шыңда­лып, кәсіби өсуіне де керемет мүмкіндік туды.

– Жастарды кінәлаудан аулақ­пын, бірақ көбі кітап оқымайды. Әлемдік әдебиет пен қазақ әде­биетінде сабақтастық болу керек. Жалпы, шығарма өте көлемді, 1 са­ғат 20 минутқа сыйдыруға ты­рыс­тық. Шығарманы түгел сах­налайтын болсақ, көлемді сериал шығатын еді. Қойылым Әзер­байжанда, Ресей театрларында сахналанып жүр. Шығарма Еу­ропа елдерінде деректі фильм, кино, қойылым ретінде де өте танымал. Еліміздегі театрларда бұл шығарма әлі кездескен емес, алғашқылардың бірі болып сах­наладық, – дейді Н.Уахитов.

Режиссер жеті актри­саны да өте сәтті, үйлесімді таң­дап алған. Актрисалар әйелдің жеті түрлі кезеңін ойнаса да, шынайылығы сонша жете­уінен бір күйді сездік, жетеуі де құдды бір әйелге айналып кет­кендей сендік, тұтас тағдырды көре білдік. Әйелдің 13-17 жас аралығын ойнаған Әйгерім Дәуренқызының өнері жөнінде бірауыз айта кеткеніміз жөн болар. Актриса бала шақты, жастықты, албырт сезім мен махаббат күшін шынайы жеткізді, ауыр үстелді арқасымен көтеріп ала жөнелгені, алып-ұшып тұрған ұшқалақтығы сондай әсерлі шыққан. Өнер иесінің өзімен де тілдесіп үлгердік. 

– Кейіпкерімнің жанына балалық сезімді беруге тырыстым. Жүрісін, тәтті қылығын көрсету үшін аяғымды ішке қарай басып жүрдім. Бала махаббатты жеткізу үшін ұяң болып, жазушының көзіне тік қарамай, үстелдің астына тығылып, оған есіктің көзінен сығалап қарап, ауа жетпегендей қысылып та, әртүрлі қызық әрекетті қостым. Өзім де әлі жаспын ғой, балалығымды жо­ғалтпай, бойыма еркіндік бердім. Бастысы, әйелдің жеті шағы біртұтас болып, яғни жеті актриса бір адам болып шығу керек. Бәріміз бірге жалаңаяқ билеп көрдік. Кейіпкердің дауысын табу үшін «читка» кезінде түрлендіріп оқып көрдік. Ең басты реквизит орындық болған соң орындықпен 1 ай достастық. Оған шығып билеп, астына кіріп, тығылып, құлатып та көрдік, құшақтадық та, – дейді Әйгерім Дәуренқызы.

Режиссердің ауыр тағдырды да өнердің биік деңгейінде жеткізуге күш салғанын айттық. Оған тағы бір дәлел – режиссер ассистенті Айнұр Рахипова  мен хореограф Гүлсая Тәуірханованың еңбегі дер едік. Өмірдің қалтарыс-бұлт­арысы, тартысы нәзік иіріммен – сәтті пластикалық элементтер арқылы көрермен жүрегіне жетті. Бұған қоса, эстетика­лық тал­ғаммен дайындалған рек­ви­зиттердің де маңызы зор. Ак­три­салардың киімі, жазу­шының кітап, сөм­кесі, көкте ілінген ақ мата, ақ раушан гүлі, әр детальдың да көрерменге жеткізер сыры бар, ал жас көрермен үшін шыр айнала, жүйтки қозғалып бара жатқан пойыз, сірә, қызық көрінді. Бұдан кейін кейіпкердің бойжеткен шағын сомдаған ак­триса Перизат Ақан­қызының да әңгімесін тың­дадық. 

– Премьерадан соң әлемімде бір тыныштық пайда болғандай, тұтас кезеңмен қоштасқандай күй кештім. Кейіпкерімді тереңірек таныған сайын әйелдің қанша­лықты нәзік, соған қарамастан мықты екенін түсіндім. Кейіпкер маған бөтен емес, болмысыммен көп жерде үндестікті байқаймын. Сезімге адалдық, махаббатқа бар жаныңмен берілу – бойжеткен шаққа тән қасиет. Адам өмірді де, сезімді де шектемейді, бәрі шексіз көрінеді. Әдемілікке жаны құш­тар, сұлулықты сүйетін қыздың ғашық болуы да ерекше болады, соны біз көрсете алдық деп ойлай­мын. Қойылымдағы көп дүние халқымыздың түсінік-пайымына жат көрінуі мүмкін, біз махаббатты сұлулыққа балап, ерекше сезімнің де болатынын танытқымыз келді. Қыздың жаратылысы, қиялы, ой­лауы мүлдем бөлек, осылай да адам сүюге болады, – дейді Пери­зат Ақанқызы.

Қыз баласының ерлігінің бір қыры – өмірге сәби әкелуі. Өмір мен өлімнің арпалысына түсіп, ұрпақ сүйе білуін ешбір сөзбен жеткізе алмаспыз. Сол кезеңді қойылымда шынайы көрсете білген актриса – Айбибі Дархан­қызы. Премьерадан кейін, бір­неше күннен соң актрисаға хабар­ласқанымызда, оның әлі де сол бір толқыныстан арыла алмағанын бай­қадық. Көңілі босап, әсерлі әң­гімесін ақтарып салды.

– Маған толғақты көрсету ке­рек болды, алайда өзім әлі тұр­мысқа шыққан жоқпын, толғақты басымнан өткерген емеспін, сон­дықтан да осы рөлімді, моно­логымды халыққа жеткізе аламын ба деген қобалжу болды. Бірақ дайындық кезінде алғашқы сөзім­ді оқығаннан бастап жүрегім ауы­рып, көңілім толқып қоя берді. Қо­йылым мүлде басқа стильде болды, пластикамен және моно­логпен көп жұмыс істедік. Бастап­қыда тыныштықта ақырын да­йын­далып бастағанымыздың өзін­де жүрегім дүрсілдеп, көзімнен жас парлап ақты. Бұл сәтті әлі басымнан кешіп көрмесем де, сезіне білдім. Осы 26 жасқа келген шағымда, анамның қалай қина­лып, мені дүниеге алып келгенін түсініп, сол дүниені алғаш рет ой­ладым. Әрине, премьера кеше ғана болды, әлде де рөлімді жетіл­діре түскім келеді, өзінің жететін шыңына, кемеріне жеткізуге ты­ры­самын, – дейді Айбибі Дархан­қызы.

Қойылым әйелді кінәламай, керісінше оның жанын түсінуге итермелейді. Бейтаныс әйелдің кешкен ғұмыры, бастан өткен оқиғасы – өмір шындығы, бүгін­гінің де көрінісі. Бұл шындық елді де, адамды да, уақытты да таң­дамайды, әрбірімізде кездесуі мүмкін. 

Айсұлу СЪЕЗХАН