Оқиға 22 желтоқсан күні кешкісін орын алған.
Павлодарлық такси жүргізушісі зейнеткерді алаяқтардан құтқарып қалды
139
оқылды

Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов азаматтық қырағылық пен белсенді азаматтық ұстаным танытқаны үшін такси жүргізушісі Алексей Бортовойға алғыс білдіріп, оған Алғыс хат пен ведомстволық қолсағат табыстады. Бұл оқиға ел тұрғындарының оң бағасына ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Сіздің қырағылығыңыздың арқасында ірі көлемдегі алаяқтықтың жолы кесіліп, зейнеткердің өмір бойы жиған қаражаты аман қалды. Бұл – отбасындағы дұрыс тәрбиенің, отансүйгіштіктің және өзгеге бейжай қарамайтын азаматтық қасиеттің айқын көрінісі, – деді Болат Нұрсейітов.

Оқиға 22 желтоқсан күні кешкісін орын алған. Такси жүргізушісі Алексей Бортовойға бір затты жеткізу жөнінде тапсырыс түскен. Алайда жеткізу ақысының әдеттегіден әлдеқайда жоғары болуы оның күмәнін тудырған. Барған кезде, жөнелтуші жасы үлкен әже екенін байқап, не жөнелтіп жатқанын сұраған. Әже нақты жауап бере алмай, қобалжып тұрғандықтан, жүргізуші оны көлігіне отырғызып, учаскелік полиция пунктіне апарған.

– Полиция қызметкерлері бұған дейін алаяқтардың осындай схемалары туралы ескерткен болатын. Сезіктеніп, барлығын тексеру қажет деп шештім. Нәтижесінде, әженің алаяқтардың құрбаны бола жаздағаны және белгісіз тұлғаларға 8,5 миллион теңге бермек болғаны анықталды. Ол ақшаны не үшін бергісі келгенін де нақты түсіндіре алмады. Менің орнымда кез келген адам осылай жасар еді деп ойлаймын. Ең бастысы – бәрі жақсы аяқталды, – деді Алексей Бортовой.

 

Полиция департаменті азаматтарды мұқият болуға шақырады: ешбір мемлекеттік орган ақша талап етпейді, «сақтап қоюға» алмайды және курьер жібермейді. Мұндай әрекеттер – алаяқтардың айласы.