Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова микронесие алу жасын 21-ге дейін көтерудің орынды екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл пікір Парламент Сенаты депутаттарының сауалына жауап беру кезінде айтылды.
Агенттік басшысының мәліметінше, елімізде 18-21 жас аралығындағы 847 430 адам тұрады. Оның ішінде 136 239 жас микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған. Солардың 18 638-і немесе 13,7%-ы берешекті 90 күннен асырып, мерзімі өткен борышкерлер санатына енген.
Мадина Әбілқасымова қазіргі таңда халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу мақсатында тұтынушылық несиелерге қатысты шектеу шаралары қабылданып жатқанын атап өтті.
– Агенттіктің аталған бағыттағы жүйелі жұмысы оң нәтиже беруде. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы он айында кепілсіз тұтыну несиесінің өсімі 13,2%-ға дейін баяулады. Ал бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 24,3% болған еді, – деді ол.
Сонымен қатар, 20 жасқа толмаған азаматтар үшін борыш жүктемесін шектеу мақсатында №215 қаулы қабылданбақ. Қаулыға сәйкес, несие алу кезінде табыс көзі ретінде тек ресми жалақы немесе оқу орнынан берілген шәкіртақы ескерілетін болады. Бұл – борыш жүктемесі коэффициентін есептеу барысында тек нақты және құжатпен расталған табыс көздері есепке алынады деген сөз.