Бас көлік прокуратурасы интернет-кеңістіктегі суық қарудың заңсыз айналымының жолын кесу бойынша шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жүргізілген талдау көрсеткендей, жекелеген онлайн-платформалар тыйым салынған заттарды, соның ішінде бүркемеленген немесе «тұрмыстық» тауарлар кейпінде сатуға әлі де жол беріп отыр. Мұндай тәжірибе азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді және маркетплейс иелері тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін айғақтайды.
Суық қарудың кәмелетке толмағандар үшін қолжетімділігі ерекше алаңдаушылық тудырады. Сүзгіден өткізу мен бұғаттаудың тиімді тетіктерінің жоқтығы жасөспірімдердің заңсыз әрекеттерге тартылуына және кейіннен олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына жағдай жасайды.
Бұған дейін мемлекеттік органдар мен маркетплейс әкімшіліктері арасында тыйым салынған өнімдерді орналастыруға және сатуға жол бермеу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілгені атап өтілді. Соған қарамастан, кейбір платформалар өздеріне алған міндеттемелерді елемей келеді, бұл — жол берілмейтін жайт.
Мәселен, уәкілетті орган — Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті — «Satu.kz» интернет-дүкенін суық қаруды жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 455-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Осыған байланысты онлайн-алаң иелерінің жауапкершілігін күшейту, тыйым салынған тауарларды сүзгіден өткізу мен бұғаттаудың тиімді тетіктерін енгізу, сондай-ақ қосымша профилактикалық шаралар қабылдау қажеттілігі баса айтылды.
Бас көлік прокуратурасы ескертеді: аңшылық кәсіпшілікпен байланысты жағдайларды қоспағанда, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу, сол сияқты тиісті рұқсаты жоқ адамдарға қару мен оқ-дәрілерді сату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады.
Бұл мәселе «Атамекен» Астана қаласының өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында егжей-тегжейлі талқыланды. Онда мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ ірі маркетплейстердің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті.
Жиын қорытындысы бойынша қауіпті және тыйым салынған өнімдерді онлайн-саудадан шығару, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік мәселелерінде бизнес пен мемлекеттің бірыңғай ұстанымын қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.