VIII шақырылым басталғалы бері депутаттар – фракция мүшелері 88 заң жобасына бастамашылық етті. Оның ішінде 46 заңға қол қойылды.
Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы биыл атқарылған жұмысты қорытындылады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
190
оқылды

Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы биыл атқарылған жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарлар мен мақсат-міндеттерді талқылады. 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмалары және партияның сайлауалды бағдарламалары аясында сапалы әрі уақытылы орындалып, жүзеге асып жатқан жұмыстар жеткілікті. Фракция мүшелері бастамашылық еткен бірқатар заң азаматтардың тұрмыс сапасына, әлеуметтік қорғауға және экономикалық даму бағыттарына тікелей ықпал ететін нормалармен толықты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жасанды интеллект туралы заң

«AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің бастамашылығымен қабылданған негізгі заңдардың бірі – Жасанды интеллект туралы заң. Ол Мемлекет басшысының ЖИ технологияларын пайдаланудың бірыңғай құқықтық базасын белгілеу туралы тапсырмасы аясында қабылданды. 

Заң 7 тараудан және 28 баптан тұрады және:

  • жасанды интеллект саласын құқықтық және ұйымдастырушылық реттеу, сондай-ақ ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
  • мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жасанды интеллект технологияларын пайдалану ерекшеліктерін айқындауға;
  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы құзыреттерін кеңейтуге;
  • жасанды интеллект саласындағы қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылауға бағытталған.

Заң бойынша жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, деректерді қорғау мен инновацияларды қолдауға бағытталған.

– Жасанды интеллектіні әзірлеу және енгізу үшін Ұлттық платформа құрылады. Ол деректер кітапханаларына, жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу және пайдалану ортасына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ашық, жабық және жергілікті жүйелер санаттары енгізіледі. Жабық ортада оқытылатын және жұмыс істейтін жергілікті жүйелер мен модельдерге ерекше назар аударылады. Бұл –  ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Жергілікті үлгілер ұлттық ЖИ жүйелерінің негізіне айналуға тиіс, – деді депутат Екатерина Смышляева.

Сонымен қатар  «Жасанды интеллект туралы» заңды талқылау қорытындысында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан мұндай құжатты қабылдаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі екенін атап өткен еді.

 – Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президентіміз бүгін әлемнің ең басты мінбері – Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен де жариялады. Бұл жаһандық үрдіс екенін көріп отырмыз. Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды. Жасанды интеллект туралы заң – осы бастаманы іске асыру жолындағы іргелі қадам. Ол еліміздің цифрлық дамуын жаңа деңгейге шығаруға жол ашатыны анық, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Аталған заңға 17 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Білім грантын өтеуден босату және фонограммаға тыйым салу

Президент биыл Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Аталған құжаттың қабылдануына «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары да бастамашылық етіп, үлес қосқан болатын.

Заңдағы өзгерістер нәтижесінде енді мүгедек баласы бар немесе ауыр науқас туысын бағып отырғандар білім грантын өтеуден босатылады. Ал шетелде оқуын жалғастырып жүргендерге (резидентура, магистратура, аспирантура, докторантура) оқуын аяқтағанға дейін кейінге қалдыру құқығы беріледі. 

– Мүгедек баласы бар немесе бірінші топтағы мүгедек жанды бағып отырған болса, мемлекеттік грантты өтеуден босатылады. Ал шетелде білім алып, ғылыми жобалармен айналысып жатқан жастар мерзімін шегере алады. Яғни, толық босатылмайды, тек кейінге қалдыруына болады. Себебі қазір бізге халықаралық деңгейдегі үлкен компаниялар мен корпорацияларда оқып, жұмыс істеп келген тәжірибелі мамандар керек. Сол үшін осындай норма енгіздік, – деп түсіндірген еді бұған дейін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт.

Сонымен қатар осы заңның негізінде Қазақстанда мәдени-бұқаралық іс-шараларда әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салынады. Заңды бұзып, әншінің фонограммамен ән айтуына жол берген мәдени шараны ұйымдастырушылар айыппұл арқалайды.

– Норма тек 200 адамнан жоғары сыйымдылығы бар мәдени бұқаралық іс-шараларға қатысты. Оның ішінде бейімделмеген, арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталмаған алаңдар болатын болса, ол жерде фонограммаға рұқсат етіледі. Басқа жерде алдымен көрерменнің, тұтынушының мүддесін алға қою керек. Фонограмма қолдану бойынша ұйымдастырушыларға жауапкершілік қарастырылған. Бұл нормативтік құқықтық актілерде нақты бекітіледі. Әзірге айыппұл сомасын 1 000 АЕК мөлшерінде деп белгілеп отырмыз, – деді Ринат Зайыт.

Бұдан бөлек, аталған заңға тағы бірнеше маңызды норма енгізілді:

  • мәдениет және білім беру ұйымдарында кітапхана қорын дамыту және сақтау;
  • мемлекеттік кітапханаларға олардың ғимаратында білім беру және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсетуге мүмкіндік беру;
  • 1-сынып оқушыларына арналған бейімдеу оқу бағдарламаларын әзірлеу бөлігінде білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыретін кеңейту;
  • мектепке дейінгі ұйымдарды салу үшін резервтелген жер учаскелерін жекеменшікке беруге тыйым салуды белгілеу;
  • халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарына және оларды дайындаған педагогтерге біржолғы төлем;
  • ономастикалық комиссиямен келісу рәсімін белгілеу бойынша атақты тұлғалардың құрметіне жеке білім беру ұйымдарына атаулар беру және қайта атау;
  • жоғары оқу орындары мен колледждер үшін олардың қызметінің рейтингтік көрсеткіштерін бағалау әдістемесі негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу;
  • санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы және бала құқықтарын қорғау саласындағы балаларға арналған ұйымдарда ерекше мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібін реттеу.

Жер қойнауын игеру саласы жетілдіріледі

Мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне де өзгерістер енгізілді. 

Заң жобасының мақсаты – индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру. Геологиялық барлау – жоғары тәуекел мен ұзақмерзімді капитал салымын қажет ететін сала. Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, егер мемлекет пен заңнамалық жүйе инвестордың құқығын кепілдендірмесе, ол жаңа аймаққа қаржы салмайды.

Заңда жер қойнауын пайдаланушыларды мұнай өндіруді ұлғайтудың арнайы әдістерін қолдануға ынталандыру шаралары да қарастырылған. Алыпсатарлық мәмілелерді барынша азайту үшін келісімшарт қолданысының алғашқы үш жылы ішінде көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалану құқығын беруге тыйым салынады. Сондай-ақ заңда уран саласын дамыту бойынша бірқатар түзету бар. Мәселен, уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатымен мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалған уран кенденуі немесе уран кен орындары бар аумақтарда өтініш беруші ретінде уран саласындағы ұлттық компания ғана әрекет ете алады.

Заң жобасындағы басты жаңалықтар

Біріншіден, шегінде шектеулі өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізілмеген немесе жүргізілген, олардың нәтижелері бойынша перспективалы шөгінді бассейндер анықталмаған аумақтар заң жүзінде «аз зерттелген аумақтар» ретінде танылады.

Екіншіден, өз қаражатына аз зерттелген аумақта геологиялық зерттеу жүргізген инвесторға барлау және өндіру кезеңіне басым әрі кепілді құқық беру нормасы енгізіледі. Бұл үшін алғашқы үш жылда келісімшарт аумағының кемінде 30 пайызын қамтитын 2D сейсмикалық зерттеу жүргізу талап етіледі. Яғни, зерттеуге нақты қаржы салған инвестор игеру құқығына ие болады.

Үшіншіден, ұзақ уақыт игерілмеген учаскелерді резервте ұстау мерзімі шектеліп, босайтын аумақтар электрондық аукцион арқылы нарыққа шығарылады. Бұл бәсекелестікті күшейтіп, барлау жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден, уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын іздеу және игеру бойынша басым құқық беріледі. Бұл шешім атом энергетикасының маңызы артып отырған жағдайда елдің стратегиялық және энергетикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.

– Бұл заң жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – ауыр және тақтатас мұнайын өндіруді ынталандыруға бағытталған өзгерістер. Мұндай мұнай түрлерін өндіру оңай шаруа емес. Ол үшін қымбат әрі жоғары технологиялар керек, сонымен қатар арнайы экономикалық жағдай жасалғаны маңызды. Сондықтан депутаттар осы бағыттағы жобаларды іске асыру үшін жетілдірілген үлгілік келісімшарттың талаптарын кеңейтуді ұсынды. Себебі егер қажетті қолдау болмаса, бұл жобаларды экономикалық тұрғыдан жүзеге асыру тиімсіз болып кетеді. Депутаттар мен министрліктердің бірлескен жұмысы жер қойнауын барлау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды дер едім. Бұл бастама еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ұзақмерзімді инвестиция тартуға да жол ашады, – деді Еділ Жаңбыршин.

Тұрғын үйді басқару жүйесіндегі өзгерістер

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытудың маңызына ерекше тоқталған болатын. Бұл ретте ТҮКШ саласын реттейтін заң жобасының күшіне енуі – саланы жаңғыртудағы нақты қадамдардың бірі болды. «AMANАT» партисы фракциясы мүшелері бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Президент шілде айында қол қойған еді.

Биыл қыркүйекте күшіне енген заңда Жер, Кәсіпкерлік, Азаматтық процестік, Әлеуметтік және Су кодекстеріне, одан бөлек тағы 23 заңға түзету енгізілді.

Енді қазақстандықтар көппәтерлі тұрғын үйдегі басқару түрін өздері таңдайды. Бұл ретте пәтер иелеріне екі түрлі нұсқа ұсынылады:

  • Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) – бұл басқару түрінде бір үйдің тұрғындары ортақ мүлікті күтіп-ұстау мәселелерін шешу үшін белгілі бір адамды төраға етіп сайлайды;
  • Тікелей бірлесіп басқару – бұл жағдайда тұрғындар заңды тұлға сайламай-ақ, үйді басқаруға қатысты шешімдерді өздері қабылдауына болады.

Аталған екі тәсіл де қарапайым серіктестік принципіне ұқсас, бірақ оған қарасты пәтер санына шектеу қойылмайды. 

Сондай-ақ пәтер иелерінің кооперативтері енді жаңа тәртіппен жұмыс істейді. Енді ПИК жеке басқару құрылымы емес, бірнеше тұрғын үйді біріктіріп, ортақ техникалық мәселелерді шешуге негізделген шаруашылық ұйым болады. 

Жаңа заңға сәйкес, бүгінде жұмыс істеп тұрған ПИК пен тұтыну кооперативтері міндетті түрде қайта тіркеуден өтуі тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, тұрғын үй инспекциясы оларды сот арқылы мәжбүрлі түрде тарата алады.

Заңға Президент қол қойғаннан кейін «AMANAT» партиясының өкілдері пәтер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің кооперативі қызметіне енетін жаңа өзгерістер мен жұмыс істеу тетіктері бойынша түсіндіру жұмыстарын да жүргізген еді.

«Әр басқару нысанының өз орны, өз сегменті бар. Бізде көпқабатты үйлер саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан барлық басқару формасына сұраныс жеткілікті. Басқарушы компаниялар жай ғана сыпырғы мен шелектің иелері емес, кәсіби кадрлары бар, арнайы жабдықпен жұмыс істейтін ұйымдар болуы тиіс. Бұл сала нақты кәсіпке айналуы қажет. Ескі үйлер үшін ең тиімді шешім – сыртқы басқарушы компания немесе бюджеттік тарифпен жұмыс істейтін ПИК. Бұл жағдайда шығындар азайып, тұрғындар үшін қолжетімді болады. Мысалы, мың пәтерлі үйде өз сантехнигі, электригі, аула тазалаушысы болғаны өте ыңғайлы. Мұндай үйлерге кәсіби басқарушы қажет, себебі тұрғындардың мүддесін қорғап, жұмысты ұйымдастыру міндетті түрде жүйелі болуы керек», – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Осылайша, еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін кешенді түрде жаңғырту бойынша нақты қадамдар жасалып жатыр. Азаматтар тарапынан жиі сынға ұшырайтын жүйедегі кемшіліктерді реттеуге бағытталған заң жобасы күшіне енді. 

VIII шақырылым басталғалы бері депутаттар – фракция мүшелері 88 заң жобасына бастамашылық етті. Оның ішінде 46 заңға қол қойылды, 1-еуі қайтарылған, 6-уы қабылданып, Сенатқа жолданды. Ал 35 заң Мәжілісте талқыланып жатыр.