Арамызда осындай желі арқылы ерекше қабілетімен танылып жатқаны да, қылығымен көпшілікті сүйсінткені де бар. Біз солардың ішінен миллиондаған қаралым жинаған бейнежазбалар мен «парақшадан парақшаға» тарап, түрлі басылым жарыса жазған кейіпкерлерге шолу жасап көрдік.
Қаздан қашқан бала
Үш жасар Керейдің қаздан қашып бара жатқан видеосы аз уақыт ішінде әлемге таралып үлгерген. Видеоны тіпті америкалық рэпер Snoop Dogg репост жасап, желіні шулатты. «Құлынға жем беріп келе жатқанбыз. Балам артта қалып қойды. Қаздар оның қолындағы шелекті тамақ деп ойлап, соңынан жүгірген ғой. Ал ол қорқып қаша барды. Сол сәтті видеоға түсіріп, 9 тамызда желіге салған едім. Бір аптада-ақ 100 миллион қаралымға жетті. 88 миллион оқырманы бар танымал рэпер репост жасады. Әлемнің түкпір-түкпірінен видеоның түпнұсқасын ақшаға сатып алуды сұрап жазып жатыр. Құжаттар да жіберіп жатыр, бірақ оны түгел аударып, түсіну керек», – дейді әкесі.
Қазір Instagram-да 298 миллион қаралып және 22 миллион лайк жинаған. Ал 95 мыңнан аса оқырман пікір қалдырыпты. Шетелдіктер де тәнті болған Керейге алғашқы ұсыныстар да түсіпті. «Қолындағы шелекті көрдіңіз бе? Сол компания 75 литр өнім берді», – дейді әкесі.

6 жасар барабаншы
Әлеуметтік желіде кішкентай бала қондырғыға отырып, Сырым Исабаевтың әніне барабанмен мінсіз ритм ұстап ойнаған видео кеңінен тарады. Темптен жаңылмай, акценттер мен филлдерді дәл берген Әли Әбсейіт бейнебір айлар бойы дайындалғандай әсер қалдырды. Пікір қалдырған оқырмандар оның алты жасында ритмді осындай деңгейде сезінуін туа біткен талант ретінде бағалап, ерекше қабілетке тәнті болды. «Ыдыс-аяқты барабан етіп ойнайтын», – деді анасы Шынар Утепберген. Ол парақшасына «Егер видео 20 мың лайк жинаса, әкесі Әлиге электронды барабан алып береді» деп жазба қалдырғаннан кейін кең тарап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Осыдан кейін кішкентай Әли республикалық телеарналарға шақырылып, тіпті Сырым Исабаевпен арнайы кездесті. Әнші алдағы уақытта барабаншы Әлимен бір сахнада өнер көрсететінін хабарлады.
750 мың теңгеге жасалған той
Қазақ қоғамында «Той – халықтың қазынасы» деген түсінік қалыптасқан. Уақыт өткен сайын той мәдениеті де жаңа сипат алып келеді. Шығынға батып, даңғаза той жасау қалыпты жағдайға айналған уақытта Кенжебек Зұлқарнаев пен Айдана Хожанованың үйлену тойы әлеуметтік желіде тез тарап, оқырмандарды тәнті етті. Олар небәрі 750 мың теңгемен шағын форматтағы, мәні мен мазмұны бар той жасауды жөн көрген. «Біз танымайтын 300-500 адамға арнап үлкен той жасаудың қажеті жоқ деп санадық», – дейді ол.
7 сәуір күні Айданаға сырға салынып, ұзатылу рәсімі жасалған. Ертеңіне жігіт жақта үй ішінде 30-50 адамға арналған шағын беташар өтті. Ал 12 сәуірде жас жұбайлар достары үшін өздері қалаған еркін форматтағы басқосу ұйымдастырған. Қонақтар саны 50 адамнан аспапты. Ең бастысы – олар дәстүрлі тойға кететін 7-8 миллион теңгені пәтердің бастапқы жарнасы ретінде құйып, үйлене сала екі бөлмелі баспанаға қол жеткізген. Ипотекалық бағдарлама арқылы үйдің жарты құнын төлеп, қалғанын кезең-кезеңімен өтеп отыр. Тойға жұмсалған жалпы шығын – 750 мың теңге. Достары берген сыйақы 400 мың теңгені құраған. Осылайша, той жасауға кеткен толық шығын 350 мың теңге шамасында болып шыққан.

«Бұл сома біреулерге аз, енді біреулерге көп болып көрінуі мүмкін. Негізгі қаражат видеограф пен фотографқа, асаба қызметіне және дастарқан мәзірін дайындаған аспаз еңбегіне жұмсалды. Үйде өтетін тойға үстелдерді жалдап алдық, безендіру заттарын қарапайым базардан сатып алдық. Артық ыдыс алмағанымыз дұрыс деп шешіп, жетпегенін достарымыздан уақытша алдырдық. Ал даяшы қызметін туыстаpымыз атқарды», – дейді Айдана.
Тойдан кейін жас отбасы бал айын Бали аралында өткізіп қайтқан. Бұл да – олар отау құрмай тұрып алдын ала келіскен әрі бірлесіп қабылдаған шешім.
Арбаттағы жас «Димаш»
Алматының Арбат көшесінде ән салған 8 жастағы Әділ Бектұрсын әлеуметтік желіде танылып, бір сәтте көптің сүйікті кейіпкеріне айналды. Ол Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы «Любовь уставших лебедей» әнін ерекше орындап, талай тыңдарманды тәнті етті. Интернет кеңістігінде тараған бейнежазбаны бүгінде 2 миллионнан астам адам тамашалаған. Әділ үш жасынан бері ән айтады екен. Сөйтіп, маусым айында Алматыдағы көше музыканттарының микрофонын алып, Димаш Құдайбергеннің күрделі шығармасын жоғары деңгейде орындап, көптің алғысына бөленді. Қазір ол Құрманғазы атындағы музыка мектебінің вокал сыныбында білім алып жүр. Осы уақытқа дейін түрлі қалалық және республикалық байқауға қатысып, 50-ден астам жүлделі орын иеленген. Димаш Құдайбергенді үлгі тұтатын Әділ белгілі әнші Ескендір Хасанғалиевтің шығармаларын да аса сүйіп орындайды. Жазғы демалысын жаңа әндерді үйреніп, репертуарын толықтыруға арнаған. Арманына жету үшін ол музыкалық білімін жетілдіріп, орындаушылық шеберлігін одан әрі дамыта бермек.
60 гитарашы бір мезетте ән шырқады
Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың 60 жылдық мерейтойына орай оның туған өңірінде 60 гитарашы бір мезетте ән шырқап, өнер иесінің рухына тағзым жасады. Мерейтойлық шара барысында ақын ескерткішінің жанында жиналған өнерпаздар маңғыстаулық шайыр Светқали Нұржановтың сөзіне жазылған, Табылды Досымовтың кеңінен танымал «Сәйгүлік» әнін бір мезетте орындады. Көп дауысты гитара үні мен жүректен шыққан ән көрермендерге ерекше әсер сыйлап, Табылды шығармашылығының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама бірреттік шара емес. Жыл сайын өнерге құштар жастардың қатары артып, Табылды әндерін орындауға ниетті жас гитарашылар көбейіп келеді. Бұл бард ән өнерінің өлмейтінін, керісінше жаңа буын арқылы жаңғырып жатқанын көрсетеді.
Компьютерлік ойын арқылы дертпен күрескен
86 жастағы Саду атаның компьютерлік ойын арқылы дертпен күресуі жайлы әлеуметтік желіде жиі айтылды. Жастардың ермегі саналатын Counter-Strike ойыны бұл жолы медицина мен технологияның тоғысқан тұсындағы тың тәжірибе ретінде танылды. Саду атаға Паркинсон ауруы диагнозы төрт ай өткен соң қойылған. Осы уақыт ішінде науқастың жағдайы біртіндеп нашарлап, отбасы дәстүрлі ем-доммен қатар, балама әрі заманауи әдістерді де қарастыра бастаған.
Саду атаның ұлы Ердос шетелдік зерттеулерді оқи отырып, компьютерлік ойындардың ми қызметіне оң әсер ететініне назар аударады. Осылайша, әкесіне күнделікті ойын ойнауды ұсынған. Таңдау Counter-Strike ойынына түскен. Қазіргі таңда Саду ата күн сайын шамамен екі сағат бойы компьютер ойнайды. Отбасының айтуынша, бұл әдет оның денсаулығына оң әсер еткен. Реакциясы жақсарып, қимыл-қозғалысы шираған, ұйқысы түзеліп, жалпы көңіл күйі көтерілген. Ең бастысы – ойыннан кейін қолдағы діріл айтарлықтай бәсеңдейді. Бұл тәжірибе әлеуметтік желі қолданушыларының да қызығушылығын тудырды. Бүгінде Саду атаның TikTok желісіндегі парақшасында 30 мыңнан астам жазылушы бар. Ол тікелей эфирлер өткізіп, ойын барысындағы сәттерімен және өз әсерлерімен бөліседі. Көпшілік оны ерік-жігердің, өмірге деген құштарлықтың символы ретінде қабылдай бастады. Мамандардың айтуынша, компьютерлік ойындар Паркинсон ауруын толық емдей алмаса да, миды белсенді күйде ұстап, ауру белгілерін жеңілдетуге көмектесуі мүмкін. Ал Саду атаның оқиғасы – технологияны дұрыс қолданудың, сондай-ақ жастың шектеу емес екенін дәлелдейтін жарқын мысал.
Әлеуметтік желіде жарқ еткен жұлдыздар виртуалды кеңістікке де жаңа реңк, эмоция әкелді. Сондықтан 2025 жыл әлеуметтік желі арқылы кейіпкерлеріміздің жұлдызын жаққан жыл болып қорытындыланды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ