«Елімізде коменданттық сағат енгізілмейді және бұл мәселе талқыланбайды. Вирусты инфекцияның таралу қаупін азайтуды қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай режимі де жеткілікті», – деді министр. Министрліктің Заңнама департаментінің директоры Олжас Данабековтің айтуынша, коменданттық сағат енгізу Төтенше жағдай туралы заң негізінде жүзеге асады. Оны енгізу үшін заңда көрсетілген он шақты негіз болуы керек. Әділет министрі Марат Бекетаев Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын карантинге жабу заң аясында жүргізілгенін айтады. «Бұл – уақытша және мәжбүрлі шара. Аталған қалаларды карантин режиміне көшіру, қозғалысты шектеу туралы шешім конституциялық заңға сәйкес келеді. Бұл шешім инфекцияның таралу қаупін төмендету мақсатында қабылданды», – дейді ол.Министрдің айтуынша, карантин кезінде уақытша тіркеу тоқтатылмайды. Себебі Халыққа қызмет көрсету орталықтары карантин кезінде де жұмыс істеп жатыр. Электронды үкімет арқылы да көптеген мәселені шешуге болады. Әзірге жұмыс әдеттегідей таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасуда. Алдағы уақытта сот орындаушылар да жұмысын тоқтатпайды. Яғни, оларға онлайн режимге көшу ұсынылған. Сот орындаушылары электронды жүйе арқылы медиатор ретінде шығып, екі тарапқа тиімді ортақ шешімге келуге қолғабыс ете алады. Өйткені базада орталық мемлекеттік органдардың 52 сервисімен және барлық екінші деңгейлі банк сервистерімен байланыс орнаған. Бұл сот орындаушыларының жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді және қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Тұмар МЫРЗА