«Мемлекет дегеніміз – біздің әрқайсымыз өз-өзімізге жеткіліксіз болып, көпке мұқтаж болғанымызда өсіп шығатын ортақ мекен» дейтін Платонның сөзі бар. Былайша айтқанда, есте жоқ ескі заманда қоғам мүшелері бір жерге жиналып, хаос пен зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында заңдар қабылдаған. Оның орындалуын қадағалау үшін мемлекеттік аппарат құрып, алғашқы шенеуніктерін сайлаған. Ал қазір Қазақстанда қажетсіз заңдар да қабылданады кейде. Депутаттар кейбір заңдардың «шикілігін» мойындағанымен, жеме-жемге келгенде «бірауыздан» мақұлдап жібереді. Алайда олардың қаншалықты деңгейде орындалатыны ойландырады. Яғни, заң қабылдау ойыншыққа айналып бара жатыр ма дейсің. Былтыр Сенат спикері Дариға Назарбаева да осы мәселені биліктің биік мінберінде көтерген. – Заң мен құқық күнделікті өмірімізді реттейді. Заң мемлекеттің бюджетімен бірдей маңызды. Ал бюджеттің дұрыс орындалуын Есеп комитеті, мемлекеттік аудит секілді тексеруші органдар, Парламенттің өзі қадағалайды. Одан кейін қаражаттың қалай игерілгені және неге қол жеткізілгені жөнінде Үкіметтен есеп талап етеді. Бірақ бүгінде не Үкіметте, не Парламентте қабылданған заңдардың орындалуына мониторинг жүргізудің пәрменді құралы жоқ. Формализмнен арылатын уақыт келді, – деген еді Сенат төрағасы. Мәселен, 2019 жылдың қарашасында «Мемлекеттік қызметкерлер және жемқорлықпен күрес» жөніндегі заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер: министрлер, олардың орынбасарлары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, облыс, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары өзіне тікелей бағынатын қызметкері парамен тұтылса, дереу отставкаға арыз жазуы керек. Ең қызығы, отставканы қабылдау немесе қабылдамау – Президенттің құзырында. Сонда дейміз-ау, Мемлекет басшысы шешім қабылдағанда қандай тетіктерге сүйенеді? Шенеуніктің жазықты не жазықсыз екенін қайдан біледі? Әрбір жемқорлық дерегін жеке-жеке тексеруге қайдан уақыт табады? Сол қылмыстың алдын алуға әкімнің не министрдің мүмкіндігі болған-болмағанын қалай анықтайды? Арнайы тергеу жүргізе ме, әлде ішкі түйсігіне иек арта ма? Сауал көп, жауап жоқ. Бұл сұрақтар басы ашық күйінде қалса, жаңа заңның нақты жұмыс істейтін механизмге айналуы неғайбіл. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің 8 сағаттан артық жұмыс істеуіне тыйым салатын заң да көп ретте жұмыс істемейді. Мәселен, жуырда құзырлы органдар осыған қатысты тексеру жүргізді. Тексеру барысында Ұлттық экономика министрлігінде қызметшілердің артық жұмысының жалпы уақыты – 4 970 сағат, Денсаулық сақтау министрлігінде – 3 100 сағат, Ауыл шаруашылығы министрлігінде – 552 сағат болғаны анықталды. Оның үстіне артық жұмысқа жұмылдырғаны үшін қызметкерлерге ешқандай өтемақы төленбеген. Компьютерлерді автоматты түрде өшіру тәртібі орнатылса да, бұл шара көмектесе қоймаған. Тілге тиек еткеніміз – мыңнан бір мысал ғана. Көпшілік білмейтін, білсе де үндемейтін жағдайлар қаншама? Тағы бір дерек. Конституцияда адамдардың еркін жүріп-тұруына кепілдік берілген. Алайда уақытша тіркеу туралы заң азаматтардың сол құқығын шектейді. Басында солай ойлағанбыз. Бірақ бұл заңның орындалуын да ешкім қадағаламады. Қоғамда дау тудырған заң бойынша әрбір қазақстандық басқа қалада белгілі бір мерзімге барып, біршама уақыт тұрса, уақытша мекенжай бойынша тіркелуге міндетті еді. Тіркеуге тұрмағандарға 10 АЕК айыппұл салынады делінген. Оны естіген халық дүрлігіп, ХҚКО-ларға жаппай ағылған. Уақытша тіркеудің жыры уақытша болып шықты. Әр пәтердің, әр үйдің есігін қағып, тексеріп жүрген тәртіп сақшыларын көрмедік. Яғни, заң жайында қалған. Бүгінде уақытша тіркеліп жатқан ешкім жоқ. Қазақстанда заң жүзінде бейбіт жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация өткізуге тыйым салынбаған. Десек те, билік өкілдері көп жағдайда әртүрлі сылтау айтып, наразылық шарасына рұқсат етпейді. 2016 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әр азамат мемлекеттен тегін 10 сотық жер ала алады дегенді естіп, төбеміз көкке жетіп еді. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бастапқыда Үкімет «жылына 40 мың тұрғын меншікті жеріне ие болады» деген мәлімдеме жасады. Содан кейін «10 сотық жер инфрақұрылым салынған аумақтарда ғана беріледі» деді. Қысқасы, іс аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. «Мәдениет туралы» заңның кинематографияға қатысты 28-бабында «Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуы тиiс» деп талап қойылған. Оны кинотеатрлар әлі күнге дейін орындамай отыр. Сылтау көп. Міне, біршама жыл өтті. Бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Кинопрокатпен айналысатын ұйымдар заңды сол күйінше бұзудан танған емес. Қайсыбірін айтайық. Орындалмайтын заңдардың бәрін жіпке тізсек, таңды таңға ұрар едік. Бірақ онсыз да бәрі түсінікті. Жалпы, заң қоғамның сұранысына қарай, халықтың қалауымен қабылдануы керек. Ал біздегі кейбір заңдар мен қоғамның тілегі тым алшақ. Заңдар біресе қабылданады, біресе шынайы өмірге икемсіздігінен кейінге шегеріледі. Бір нәрсені ескерейік, заң шығару кезінде мұндай келеңсіздіктерге жол беру азаматтардың заңды сыйламауына, келекшекте заңға бағынбауына әкеп соғуы мүмкін. О баста заңмен қатаң тыйым салып, кейін заңды бұза бер деп халыққа рұқсат берудің арты жақсылыққа апармайтыны анық.