Қоғалыдағы орта мектепте оқыған жылдарында әнге құмартты.
Нұрғали Нүсіпжанов 89 жасқа толды
Фото: YouTube
692
оқылды

Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжанов 89 жасқа толды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Нұрғали Нүсіпжанұлы Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы, қазіргі Жетісу облысы, Кербұлақ ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында 1937 жылдың 5 қаңтарында қарапайым шопан отбасында дүниеге келді. Оның ата-бабалары ежелден осы өлкенің күңгей-теріскейін мекендеген.

Қоғалыдағы орта мектепте оқыған жылдарында әнге құмартты. Көркемөнер ұйымының құрамында үшінші сыныпта жүрген шағында сайлау алдындағы ата-аналарға арналған концерттердің бірінде «Қызыл бидай», «Қыздар-ай» әндерін орындағаны үшін мақтау қағазын алды. Студенттер мен жастар арасында Мәскеуде өтетін фестивальге жолдама алу үшін ауылдық, облыстық конкурстардан өтеді. Ақыры Алматыдағы қорытынды байқауға қатысты. Әділқазылар алқасы Нұрғалидың ән салушылық қабілетін көріп, консерваторияға қабылдауға ұсынды.

Ол 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Мұнда ол белгілі ұстаз – Қазақстанның халық әртісі Надежда Николаевна Самышинаның класында жеті жыл оқыды. Ұстазға Нұрғалидың кең тынысты, сазды дауысы ұнады. Консерваторияны бітірген соң Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жіберілді. Осы кезде Қазақстанның кейбір аймақтарында концерттер бере бастаған. Мұнда ол екі жылдай әншілік қызмет атқарды. Ол жеке әнші болуды аңсады. Қызмет жолы оны Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетіне әкелді. Бұл ұжымда Нұрғали Нүсіпжанов музыкалық хабарлар редакторлығынан редакция меңгерушісіне дейін көтерілді. Осы ұжымда Нұрғали Нүсіпжанов (1966 – 1976) он жыл қызмет етті. Қызмет бабы әншілікті кең атқаруға бағыштады, ол концерттерге тікелей қатысуды қалады. 

Оның бұл талабы 1976 жылы орындалды. Нұрғали Нүсіпжанов Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әншілікке қабылданды. Осы сәттен бастап оның ән шырқауына даңғыл жол ашылды, ол әншілік шеберлігімен көрермен қауым алдында құлашын жайды. Нұрғиса Тілендиев Нұрғалиға «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты тамаша әндерді арнап жазған. Ол М.Маңғытаевтың «Сағыныш», Ә.Бейсеуовтың «Айнашым», «Мұңайма», «Аспан қызы», Қ.Қуатбаевтың «Қарындас», «Шолпаным», Т.Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда» сияқты көптеген эстрадалық әндерін сахнаға алып шыққан. Әнші Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы АХА оркестрінде 20 жыл жетекші әнші болып қызмет атқарған соң, «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан «Жазира» атты аспаптық ансамблін ашты. Енді жастарды таңдауға, ансамбльге тартуға белін бекем буып кірісті. Әрі қарай ансамбль еліміздің түпкір-түпкіріде концерттер бере бастады. Алжирде де өнерлерін көрсетіп, сол елдегі Кеңес елшілігі қабылдауында болған-ды, сонда, ұжым Құрмет мақтау қағазымен марапатталды.

Жанұя, туған-туыстары Нұрекеңнің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Өз елім» (мақалалар, сұхбаттар жинағы) кітабын жарыққа шығарды. Қазақ халқының толағай көңіл ықыласымен сүйетін әншісі Нұрғали Нүсіпжанов бұл күндері қазақ халқына аянбай, барлық табиғат берген дарынын арнап келеді. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.