Алда жанкүйерлердің жүйкесін ширықтыратын жарыстар, тағдыр шешті кездесулер мен күтпеген нәтижелер көп болмақ. Халықаралық ареналарда бәсеке күшейіп, жарыстар көрігі қыза түспек. Бұл жыл спортшылардың дайындығы мен мінезін ғана емес, жанкүйерлердің төзімі мен сенімін де сынайтын кезеңге айналмақ.
Әлем көз тіккен төрт жылдықтың аламаны
Биыл әлем жұртшылығының басты назары Италияның Милан-Кортинада қаласында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарында болмақ. Себебі төрт жылда бір келетін басты доданың алауы жағылып, ақпан айында бастауын алады. Иә, қысқы Олимпиада әрқашан ыстық естеліктерімен, тарихи жүлделерімен есте қалатыны сөзсіз. Биылғы Олимпиаданың басты ерекшелігі – жарыстың бірнеше қалада өткізілуінде. Олардың ішінде Миланда орналасқан Ломбардия, Венето және Трентино өңірі, оның ішінде Кортина-д’Ампеццо, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме бар. Ашылу салтанаты екі қалада, яғни Милан мен Кортина-д’Ампеццода қатар өтеді. Спортшылар шеруі де екі аймақта бір мезетте өтіп, екі Олимпиада алауы жағылады.
Ойындарда 116 олимпиадалық және 79 паралимпиадалық медаль жиынтығы сарапқа салынады. Барлық классикалық қысқы спорт түрлері ұсынылады. Оларды атап өтсек: тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, сноуборд, фристайл, бобслей, шана спорты. Бұл доданың тағы бір жаңалығы алғаш рет ски-альпинизм жарысы да бұл тізімнен орын тапты.
Шыны керек, соңғы қысқы Олимпиада ойындарында бағымыздың жанбай жүргеніне тарих куә. Мәселен, Пекинде өткен додада жүлдесіз қайтқанымыз бар. Одан қалса, Ресей мен Корея елдерінде өткен төрт жылдықтың басты бәсекесінде тек бір-бір қоланы місе тұтқанымызды ұмытпауымыз керек. Биыл Италияға елімізден 35 спортшы ат басын бұрмақ. Ендігі медальдан үміт күттіретіндер қатарында шорт-тректен ерлерден Денис Никиша мен Абзал Әжғалиев болса, әйелдерден Ольга Тихонова мен Яна Хан бар. Сонымен қатар мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров пен София Самоделкинаға және фристайл шаңғысынан Анастасия Городько мен Юлия Галышеваға үлкен үміт артылып отыр. Иә, бұл спортшылар өткен жылы түрлі халықаралық жарыста өз жетістігімен ерекше көзге түскен болатұғын. Қайткен күнде де, алтыннан алқа тағатынына сеніміміз мол.
Спорт және туризм министрінің айтуынша, 2026 жылғы Олимпиада ойындарының дайындығына 13 миллиард теңге бөлінген екен. Ендеше сол қаражатты ақтайтын сәт те туған сияқты.
Қазақ боксының биік белесі
Былтырғы жыл қазақ боксы үшін табысты жылдардың бірі болды. Неге десеңіз, саңлақтарымыз әлем чемпионаттарында 10 алтын медаль, Әлемдік бокс федерациясынан бірыңғай турнир титулы және спорттың ең үздік чемпиондары мәртебесі атағын алды. Биылға әлем чемпионаты жоспарланбаған, алайда алда Азия чемпионаты күтіп тұр. Дода осы жылдың наурыз айында Моңғолия мемлекетінде өтпек.
Команда құрамы мен іріктеу әдісі әлі жарияланған жоқ, бірақ елдің ең үздік өкілдері, соның ішінде қазіргі әлем чемпиондары Моңғолияға баруы мүмкін. Турнирге дайындық қазірдің өзінде басталды.
Құрлықаралық бәсеке
Биыл мезгілді додалар жинақталған жыл болады. Қысқы Олимпиадамен қоса, жаздыгүні Азия ойындары да өз жалғасын таппақ. XX жазғы Азия ойындары биылғы жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Іс-шарада 41 спорт түрі, соның ішінде олимпиадалық және брейкинг, киберспорт және MMA сияқты жаңа дисциплиналар қамтылған. Қазақстан 30 спорт түрінен 500-ден астам спортшыны жіберуді жоспарлап отыр.
Қазір Азия ойындарындағы кейбір спорт түрлері бойынша бәсекелестіктің күштілігі соншалық, Олимпиада ойындарынан қалыспай келеді. Сонымен қатар Жазғы Азия ойындары спортшыларымыз үшін маңызды болмақ. Себебі олар Жазғы Олимпиада ойындарына дайындығын пысықтайды. Соңғы рет Жазғы Азия ойындарында асығымыз алшысынан түсті. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласындағы додада спортшыларымыз 10 алтын медаль жеңіп алып, медальдар тізімінде 11-орынға тұрақтаған еді.
Ала доп бәйгесі
Осы жылдың тағы бір атышулы додалардың бірі футболдан әлем чемпионаты болмақ. Бүкіл әлем көз тіге қарайтын мундиальға тарихта алғаш рет 48 ұлттық құрама қатысады. Өкінішке қарай, бізден құрама болмайды.
Турнирді әйгілі жұлдыздармен сапталған Франция, Испания, Португалия, Бразилия және Аргентина сияқты құрамаларсыз елестету қиын. Футбол дүлдүлдері Криштиану Роналду мансабындағы ең қалаулы кубокты жеңуге тырысса, ал Лионель Месси әлем чемпионы атағын қорғауға бар күшін салады. Футбол додасы жаздың маусым-шілде айларына жоспарланған. Жарысты Америка, Мексика және Канада мемлекеттері қабылдайды.

коллаж: Елдар ҚАБА
Әлем чемпионатының жеңімпаз командасына берілетін бас кубок 26 қаңтарда Алматыға келеді деген сыбыс бар. Ол мегаполисте бірнеше сағат қана болады екен. Түпнұсқа кубокқа қол тигізуге тыйым салынады, себебі оған тек әлем чемпионатының жеңімпаздары (ойыншылар мен жаттықтырушылар) және мемлекет басшылары ғана рұқсат етіледі. Дегенмен кубокпен бірге суретке түсуге рұқсат етіледі.
Әлем кубогы бұған дейін 2018 жылы Алматыға әкелінген болатын. Түпнұсқа кубок туры ФИФА әлем чемпионаты басталмас бұрын ұйымдастырылып, алты құрлықтағы 50 елді қамтиды.
Салмағы 6,142 келі болатын түпнұсқа, таза алтын кубок Цюрихтегі ФИФА мұражайынан тек екі рет шығады: әлем чемпионаты туры кезінде және әлем чемпионатының өзінде. Биылғы әлем чемпионатында кімнің жұлдызы жанар екен? Оны уақыт көрсетеді.
UFC: Шавкат оралады
Қазақстандық жанкүйерлер 2024 жылдың желтоқсанынан бері жекпе-жек өткізбеген Шавкат Рахмоновтың октагонға қайта оралуын асыға күтуде. Жарақатына байланысты 2025 жылды өткізіп алған қазақстандық файтер 2026 жылы UFC-де өзін қайта дәлелдеуге ниетті.
Қазір Шавкат жартылай орта салмақта UFC рейтингінде екінші орында тұр. Бұл көрсеткіш оның алдағы уақытта бұрынғы чемпион Джек Делла Маддаленамен немесе қарқыны қатты, жұлдызы жаңа жанып келе жатқан Майкл Моралеспен жекпе-жек өткізуіне жол ашуы мүмкін. Қай қарсылас таңдалса да, бұл титулдық айқасқа апарар шешуші қадам болмақ.
Ал MMA-дегі 2026 жылдың ең ірі оқиғаларының бірі – Асу Алмабаевтың келесі жекпе-жегі. Қазақстандық спортшы 28 ақпанда салмақ дәрежесінде бесінші орында тұрған экс-чемпион Брэндон Мореномен кездеседі. Қазір Алмабаев өз дивизионында жетінші орында тұр, ал бұл жекпе-жек оның чемпиондық арманын айқындайтын маңызды белес болмақ.
Сонымен қатар UFC-де Әліби Идристің дебюті де жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Дияр Нұрғожай, Николай Веретенников және Бекзат Алмахан да 2026 жылы әлемдегі ең беделді MMA лигасында өнер көрсетеді деп күтілуде. Қазірдің өзінде UFC-де Қазақстаннан алты бірдей белсенді жауынгер бар.
Кәсіби бокста жағдай біршама күрделі. Орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының тағдыры В сынамасының нәтижесіне тікелей байланысты. Егер 8 қаңтарда мельдоний қолданғаны дәлелденсе, қазақстандық боксшы чемпиондық титулынан айырылып, бірнеше айға жарыстардан шеттетілуі мүмкін. Бұл жағдай отандық бокстың халықаралық беделіне де әсер етпек.
Дегенмен жағымды жаңалықтар да бар. Қазақстанның соңғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов наурыз айында рингке қайта оралады деп күтілуде. Оның жекпе-жегі Дана Уайт бастамашы болған жаңа кәсіби бокс лигасының алғашқы турнирлерінің бірінде, АҚШ аумағында өтуі мүмкін.
«Үлкен дулығаға» үлкен үміт бар
Теннисте қазақстандық спортшылар жаңа маусымды қаңтардың ортасында бастайды. Елена Рыбакина, Александр Бублик және ұлттық құрама өкілдері жылдың алғашқы ірі додасы Аустралия ашық чемпионатында бақ сынайды.
2026 жылы тенниссүйер қауымды тағы үш «Үлкен дулыға» турнирі күтіп тұр. Бұл турнирлерде қазақстандық теннисшілердің әрбір ойыны ел жанкүйерлерінің жіті назарында болмақ.
Жалпы алғанда, 2026 жыл спорттағы тартыс пен интригаға толы болатыны анық. Жарыстардың нәтижесі тек жеңіс пен жеңіліс арқылы өлшенбей, спорттың қоғамдағы орнын, елдің халықаралық беделін айқындайтын маңызды көрсеткішке айналады. Жанкүйерлер үшін бұл жыл эмоцияға, үмітке толы маусым болып есте қалмақ.
Әсет ҚАЛИ