Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан өз мансабына қатысты сұрақтарға жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Футболсүйер қауымның сүйікті ойыншысы атанған Исламхан алаңға қайта оралуды мақсат етіп отырғанын айтты.
– Елдос Ахметов пен Руслан Эсатовпен бауырдай араласамыз. Руслан мен үшін ағадай. Ол "Каспий" клубын Премьер-лигаға алып шықты, енді туған клубы – "Таразды" көтеру үшін қайта оралды. Оған сәттілік тілеймін. Ал өзіме келсем, әзірге бапкерлікке бет бұру ойымда жоқ. Басты мақсат – алаңға қайта шығу. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деді Б. Исламхан.
Айта кетейік, 32 жастағы жартылай қорғаушы 2025 жылғы маусымда жарақатына байланысты бірде-бір ресми матчқа қатысқан жоқ. Оның соңғы ойыны – 2024 жылдың 17 қарашасында Норвегияға қарсы өткен Ұлттар лигасы аясындағы кездесу (0:5).
Исламхан Қазақстан чемпионатын, төрт рет Ұлттық кубокты және екі мәрте Суперкубокты жеңіп алған. Сонымен қатар, үш рет (2014, 2016, 2019) Қазақстанның "Жыл футболшысы" атанған.