Оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Астанада мас күйінде көлік жүргізген судьяға үкім шықты
www.istockphoto.com
262
оқылды

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мас күйінде және құжатсыз көлік басқарған судья Әсел Досаеваға қатысты шешім қабылдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты судья Әсел Досаеваны мас күйінде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп таныды. Оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Құқықбұзушылық 2025 жылы жасалғандықтан, өндірілетін сома  786 400 теңге.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылы 1 қарашада болған. Полиция қызметкерлері рейдтік шаралар кезінде Mazda маркалы автокөлікті тоқтатады. Тексеру барысында жүргізушінің көлік басқару құқығы жоқ екені анықталады. Оның куәлігінің мерзімі 3 шілдеде өтіп кеткен. Медициналық сараптама жүргізушінің жеңіл дәрежедегі мас күйде екенін растайды.

Сот шешімі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 8-бөлігіне негізделді. Бұл бап жүргізуші куәлігі жоқ адамның мас күйде көлік басқаруын қамтиды. Әдетте мұндай әрекет үшін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Алайда Досаеваның 2013 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар. Заңнама бойынша 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған әйелдерге әкімшілік қамақ жазасы қолданылмайды. Осы себепті сот жазаны айыппұлмен шектеді.

Еске сала кетейік, қараша айының басында желіде Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаеваның мас күйінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін Ішкі істер министрлігі бұл деректі ресми түрде растаған болатын.