Аза тұту кезеңінде ел аумағында мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылады.
Венесуэлада жеті күнге ұлттық аза тұту жарияланды
1,099
оқылды

Венесуэла билігі елді қорғау жолында қаза тапқан азаматтарды еске алу мақсатында жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Бұл туралы республика вице-президенті Делси Родригес мемлекеттік VTV телеарнасының эфирінде мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, аза тұту күні Венесуэланы және президент Николас Мадуроны қорғау кезінде өмірін қиған жас әйелдер мен ерлердің құрметіне жарияланған.

Вице-президент қаза тапқандар «республиканың ең жоғары құндылығы жолында жанын қиған шейіттер» ретінде ұлықталатынын атап өтті. Сондай-ақ ел ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау қажет екенін айтып, халықаралық қауымдастықты Венесуэлаға қысым мен сыртқы шабуылдарды тоқтатуға тағы да шақырды.

Еске салсақ, АҚШ-тың Венесуэла президентін тұтқындау операциясы кезінде 32 кубалық азамат қаза тапқан. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, кубалықтар Венесуэланың Революциялық қарулы күштері мен Куба ішкі істер министрлігінің өтініші бойынша тапсырмаларды орындаған.