Ауыл шаруашылығы министрлігінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, салалық құрылымдардың, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, қоғаммен және кәсіби қауымдастықпен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, күн тәртібіндегі басты мәселе - 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті дамытудың Кешенді жоспар жобасын талқылау.
Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Ол өндіріс көлемін арттыруға, өнімділікті күшейтуге және саланың экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған. Жобаны дайындауға Парламент депутаттары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, ғылым, қаржы секторы мен бизнес өкілдері, соның ішінде «Атамекен» ҰКП мүшелері қатысып, белсенді атсалысты.
Жұмыс барысында 9 отырыс өткізіліп, 154 ұсыныс қаралды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Кешенді жоспар жобасы өзара тығыз байланысты екенін әрі шынайы тәжірибеге бағытталған шаралар топтамасын қамтитынын атап өтті.
«Құжатта мал шаруашылығын қаржыландыру тетіктерін қалыптастыруға баса назар аударылған. Атап айтқанда, жануарлардың барлық түрлері бойынша асыл тұқымды малды сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске қосу көзделген. Айналым қаражатын толықтыру үшін мал шаруашылығының ішкі салаларына шектеу қойылмай, 5% мөлшерлемемен кредит беру тетігін енгізу жоспарланып отыр. Қаражат жем-шөп сатып алуға, жанар-жағармай материалдарына, ветеринариялық препараттарға және басқа да өндірістік шығындарға бағытталуы мүмкін», – деді вице-министр.
Пайдаланылмай жатқан жайылымдардың әлеуетін іске қосу мақсатында көшпелі (отгонды) мал шаруашылығын дамыту үшін 6% мөлшерлемемен бірыңғай кредиттік өнім құру көзделген. Барлық кредиттік бағдарламаларды өсімдік шаруашылығында қолданылатын тетіктерге ұқсас «Даму» институты арқылы мемлекеттік кепілдік жүйесімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Кешенді жоспардың тағы бір бөлігі мал шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамытуға, ветеринариялық қауіпсіздік мәселелеріне және цифрлық бақылауға арналған. Құжатта саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету бойынша шаралар көзделген. Мал шаруашылығы өкілдерін әлеуметтік қолдау мәселелері де қарастырылған, оның ішінде қойшылар мен бақташылар үшін зейнеткерлік жасты төмендету, олардың балаларына білім беру гранттарын басым тәртіппен бөлу, әскер қатарына шақыруды кейінге қалдыру ұсынылады.
Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері егін шаруашылығы субъектілерін мал шаруашылығына тарту, жайылымдық жем-шөп өндірісін дамыту, қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарын қолдауды күшейту, ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғау, малшылар үшін тұрғын үй құрылысына субсидия беру және басқа да ұсыныстарды алға тартты.
Көпшіліктің атынан ортақ пікір білдірген республикалық QazaqSut сүт және аралас ірі қара тұқымдары палатасының директоры Азамат Сағынбаев :
«Жоба фермерлер пікірін ескере отырып әзірленді. Біз саланың дамуына серпін беретін барлық ұсыныс, пікірлеріміздің құжатта ескерілгенін көріп отырмыз. Кешенді жоспар жобасы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың орнықты моделін қалыптастыруға және мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті жүйелі қолдауға негіз болады деп сенеміз», – деді.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері Кешенді жоспар жобасын бірауыздан мақұлдады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.