Офри Арад «Қайраттан» кетті. Бұл туралы команданың ресми парақшасында мәлімет пайда болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
27 жастағы израильдік жартылай қорғаушы алматылық клубтағы өнерін келісімшарт мерзімінің бітуіне байланысты аяқтады.
Офри «Қайратқа» 2023 жылы қосылып, бастапқыда орталық қорғаушы ретінде ойнады. Келесі маусымда ол тіреуіш жартылай қорғаушы позициясына сәтті ауысып, қысқа уақыт ішінде команданың маңызды ойыншыларының біріне айналды.
Арад клубқа 2024 және 2025 жылдары Қазақстан чемпионы атануға, 2025 жылғы Қазақстан Суперкубогын жеңіп алуға, сондай-ақ Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуға көмектесті. «Қайрат» сапындағы соңғы матчында ол «Джузеппе Меацца» стадионында «Интердің» қақпасына гол соқты (1:2).
Алматылық клуб құрамында үш маусым ішінде Офри Арад 92 матч өткізіп, 3 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.