Қар көшкінінен қауіп көп
Қар көшкінінен қауіп көп
962
оқылды
Ел аумағында су тасқынымен қатар қар көшкіні, сел басу оқиғалары да жиі болады. Қайғылы жағдайлар кез­десетін кездер де аз емес. 22 қаңтар күні Шығыс Қа­зақ­стан облысындағы «Өскемен – Алтай» тасжолын қар көшкіні басып қалды. «Қазгидромет» Үлкен Алматы су алабында жылымықтың әсерінен 2 200 метр биік­тіктен қар көшкіні болатынын айтып дабыл қақты. Су тасқынымен әлек болып жатқанда таулы аймақтардағы халық қар көшкінінен зардап шегіп қалмай ма? Қауіпсіздік шаралары орындалып жатыр ма? Мұндай кезде сақтықты ұмытып тау бөктеріне шығып кететін саяхатшылар жайы да алаңдатары анық.  

Қауіп қайдан төнеді?

Елімізде тау бөктерінің аймағы қар көшкіні, сел мен сырғыманың ошағы саналады. Осы секілді қа­уіпті мекендер республика аума­ғының 13,3 пайызын қамтып жа­тыр. Қар көшкіні мен селдің зар­дабы бойынша Қазақстан – ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі. 300-ден астам қар көшкіні бассейндерінің болуы, 500-ге жуық қар көшкінінің аймағы – сөзімізге дәлел. Бұл аймақтарда жайылымдар, шаруашылық ны­сандар мен коммуникация желі­лері орналасқан. Оның үстіне, ШҚО, Алматы, Түркістан мен Жам­был облысында тау етегіндегі елді мекендер барын есепке алсақ, қар көшкінінен сақтану керек-ақ. «Қазселденқорғау» мекемесінің дерегінше, соңғы елу жылда Ал­ма­ты маңында 143 адам қар көш­кінінің астында қалған екен. Олар­дың 66-сы қаза болған. Ең қайғылы жағдай 1972 жылдың 9 сәуірінде Шайтан шатқалында, Кіші Алматының шалғайында, Тұйықсу қақпасының маңында болды. Альпинистер тобы Тұйық­су қақпасының аумағындағы Шайтан шатқалына жаттығуға аттанып, көлденең жатқан 200 метр ормансыз қырды қиялап жүрген. Бір адам аяқ киімінің бауын байлау үшін кешеуілдеп артта қалып, кейін басын кө­тер­генде, жолдастарының жүріп өт­кен ізімен ысқырып жатқан қар көшкінін көрген екен. Оқиға ор­нына жедел жеткен құтқарушылар олардың сегізін ғана құтқарды. Қалған тоғыз адам сол жерде көз жұмыпты. Одан кейін 1990 жылы 27 сәуір күні Тұйықсуда болған көшкін 5 адамды басып қалды. Келесі жылы 6 қарашада осы жер­де 8 адам көшкіннің астында қа­лып, төртеуі қайтыс болды. Жақын жылдары болған қай­ғылы оқиғалар да жетерлік. «Қаз­гидромет» орталығы 2003-2009 жыл­дар аралығында адамдардың қар көшкіні астында қалуына бай­ланысты 18 жағдай тіркелгенін ай­тады. Оның 12-сі – Іле Алата­уында болған. 12 адам ажал құш­қан. 17 жағдайда қар көшкініне адам­дардың өздері себепші бо­лыпты. 2018 жылы ақпанның ор­та­сында Жамбыл облысындағы жат­тығу кезінде 7 әскери қыз­мет­кер қар көшкіні астында қалды. Мамандардың айтуынша, әртүрлі аймақтарда белгілі бір типтегі қар көшкіндері бар. Көшкіннің пайда болуына жер бедерінің ерекше­ліктері, ауа райы мен климаттық жағдайлар ықпалын тигізеді. Табиғаттың заңды құбылысына ешкім дау айта алмасы белгілі. Десек те сақтыққа салғырт қа­рай­тын жандар да аз емес. Ал жауапты мекемелердің дайындығы қандай дәрежеде? – Құтқарушылар «Еврокоп­тер» тікұшағының көмегімен өңір­дің таулы аймақтарындағы қар қоры мен өзен арналарындағы мұз жағдайын тексеріп жатыр. Жалпы қар еру процесі қалыпты, су да арнасынан асқан жоқ. Комиссия бұрын сел жүріп, қар көшкіні болған және өзен суы тасыған аймақтарға ерекше назар аударып отыр , – дейді ШҚО Тө­тен­ше жағдай департаментінің баспасөз қызметі. «Қазселденқорғау» меке­ме­сі­нің Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныш құрылыстарын пайдалану бөлімінің бас инженер-метеорологы Әсия Бостаева таулы аймақтардағы қар көшкіндері бақылауда екенін жеткізіп отыр. – Елімізде Іле, Жетісу, Талас Алатаулары мен Қаратау жота­лары, Алтайдың қазақстандық бөлігі қар көшкінінің ең белсенді аймағы саналады. «Қазсел­ден­қор­ғау» теңгерімінде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан қар көшкініне тос­қауыл болатын 2100-ден астам қарұстағыш қалқандар бар. Тұр­ғындар мен қала қонақтары жиі ағылатын тау шаңғы курорты ай­мағында қар көшкінінің алдын алу мәселесі жиі қадағаланады. Осы қауіптің алдын алу мақса­тын­да бірнеше жауапты ұйымдармен жүргізілген келісім негізінде бір­лесіп қызмет атқарамыз. «Қаз­сел­денқорғау» мамандары өздігінше, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар комиссияларымен бірлесіп те қауіпті аймақтарға жер беті және аэрошолу зерт­теу­лерін жүргізіп отыр , – деді білікті маман.  

Сақтансаң сақтайды

Таулы өлке тұрғындары қолы бос бола қалса шаңғы теуіп, ты­ныққанды ұнатады. Одан бөлек туристер легі де жыл сайын кө­бе­йіп келеді. Дегенмен қыс қызығын сезінгісі келген адамдар қар көш­кіні жайлы біліп, сақтанып жүр­гені абзал. Статистикалық де­ректерге сүйенсек, қар көшкінінің астында қалған әрбір үшінші адам өз бетінше күресіп аман қалады екен. Құтқарушылардың сөзінше, қыстыгүні тауға шыққанда кетіп бара жатқан туристік топ пен олардың жүретін жолдары алдын ала тіркелуі қажет. Бұл мәліметтер қайғылы жағдайда оларды тауып, құтқаруға айтарлықтай септігін тигізеді. Сонымен қатар тауға шығар алдында құтқарушылардан кеңес алған абзал. Кейде тауға серуендеп шыққан жандар қара­пайым ережелерді де ескермей жатады. Хабар таратқыш құрылғы алып жүру, қауіпті аймақта ай­қайламау деген сыңайлы. Бұл пікірді маман да қостап отыр. – Алматылықтар мен қала қо­нақтары көп серуендейтін Үлкен және Кіші Алматы өзені алап­тарында 100-ге жуық көшкін­жинағыш бар. Сондықтан тауға шығарда қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстаған жөн. Қауіпті жерлердегі өзен арналары мен автожолдарда ақпараттық тақ­талар мен ескертпе белгілері бар. Жалпы, ескертпе-хабарламалар берілген тұрғындардың және қала қонақтарының, ақпарат кітап­шаларын алған адамдардың осы ескертпелерге мұқият болғаны жақсы болар еді, – деп сақтан­дырды Әсия Бостаева.   Түйін: Тиісті мекемелерге хабарласу кезінде барлық техника мен қауіпсіздік шаралары сақталып отырғанына көз жеткіздік. Тау бөктерінде арнайы ескерту тақтай­шалары ілінген. Дегенмен серуеннің қызығында ескертуді де елемей кететіндер жоқ деп айта алмаймыз. Қар көшкіні – табиғат заңдылығы. Ал оның басым бөлігі қайғылы аяқталуына адамдардың өз өміріне жауапсыз қарауы себепкер болға­нын мамандар баяндап отыр. Ал тау қателікті кешірмейді.  

 width=   Мадияр ТӨЛЕУ