Ел аумағында су тасқынымен қатар қар көшкіні, сел басу оқиғалары да жиі болады. Қайғылы жағдайлар кездесетін кездер де аз емес. 22 қаңтар күні Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен – Алтай» тасжолын қар көшкіні басып қалды. «Қазгидромет» Үлкен Алматы су алабында жылымықтың әсерінен 2 200 метр биіктіктен қар көшкіні болатынын айтып дабыл қақты. Су тасқынымен әлек болып жатқанда таулы аймақтардағы халық қар көшкінінен зардап шегіп қалмай ма? Қауіпсіздік шаралары орындалып жатыр ма? Мұндай кезде сақтықты ұмытып тау бөктеріне шығып кететін саяхатшылар жайы да алаңдатары анық.
Қауіп қайдан төнеді?
Елімізде тау бөктерінің аймағы қар көшкіні, сел мен сырғыманың ошағы саналады. Осы секілді қауіпті мекендер республика аумағының 13,3 пайызын қамтып жатыр. Қар көшкіні мен селдің зардабы бойынша Қазақстан – ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі. 300-ден астам қар көшкіні бассейндерінің болуы, 500-ге жуық қар көшкінінің аймағы – сөзімізге дәлел. Бұл аймақтарда жайылымдар, шаруашылық нысандар мен коммуникация желілері орналасқан. Оның үстіне, ШҚО, Алматы, Түркістан мен Жамбыл облысында тау етегіндегі елді мекендер барын есепке алсақ, қар көшкінінен сақтану керек-ақ. «Қазселденқорғау» мекемесінің дерегінше, соңғы елу жылда Алматы маңында 143 адам қар көшкінінің астында қалған екен. Олардың 66-сы қаза болған. Ең қайғылы жағдай 1972 жылдың 9 сәуірінде Шайтан шатқалында, Кіші Алматының шалғайында, Тұйықсу қақпасының маңында болды. Альпинистер тобы Тұйықсу қақпасының аумағындағы Шайтан шатқалына жаттығуға аттанып, көлденең жатқан 200 метр ормансыз қырды қиялап жүрген. Бір адам аяқ киімінің бауын байлау үшін кешеуілдеп артта қалып, кейін басын көтергенде, жолдастарының жүріп өткен ізімен ысқырып жатқан қар көшкінін көрген екен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар олардың сегізін ғана құтқарды. Қалған тоғыз адам сол жерде көз жұмыпты. Одан кейін 1990 жылы 27 сәуір күні Тұйықсуда болған көшкін 5 адамды басып қалды. Келесі жылы 6 қарашада осы жерде 8 адам көшкіннің астында қалып, төртеуі қайтыс болды. Жақын жылдары болған қайғылы оқиғалар да жетерлік. «Қазгидромет» орталығы 2003-2009 жылдар аралығында адамдардың қар көшкіні астында қалуына байланысты 18 жағдай тіркелгенін айтады. Оның 12-сі – Іле Алатауында болған. 12 адам ажал құшқан. 17 жағдайда қар көшкініне адамдардың өздері себепші болыпты. 2018 жылы ақпанның ортасында Жамбыл облысындағы жаттығу кезінде 7 әскери қызметкер қар көшкіні астында қалды. Мамандардың айтуынша, әртүрлі аймақтарда белгілі бір типтегі қар көшкіндері бар. Көшкіннің пайда болуына жер бедерінің ерекшеліктері, ауа райы мен климаттық жағдайлар ықпалын тигізеді. Табиғаттың заңды құбылысына ешкім дау айта алмасы белгілі. Десек те сақтыққа салғырт қарайтын жандар да аз емес. Ал жауапты мекемелердің дайындығы қандай дәрежеде? – Құтқарушылар «Еврокоптер» тікұшағының көмегімен өңірдің таулы аймақтарындағы қар қоры мен өзен арналарындағы мұз жағдайын тексеріп жатыр. Жалпы қар еру процесі қалыпты, су да арнасынан асқан жоқ. Комиссия бұрын сел жүріп, қар көшкіні болған және өзен суы тасыған аймақтарға ерекше назар аударып отыр , – дейді ШҚО Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі. «Қазселденқорғау» мекемесінің Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныш құрылыстарын пайдалану бөлімінің бас инженер-метеорологы Әсия Бостаева таулы аймақтардағы қар көшкіндері бақылауда екенін жеткізіп отыр. – Елімізде Іле, Жетісу, Талас Алатаулары мен Қаратау жоталары, Алтайдың қазақстандық бөлігі қар көшкінінің ең белсенді аймағы саналады. «Қазселденқорғау» теңгерімінде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан қар көшкініне тосқауыл болатын 2100-ден астам қарұстағыш қалқандар бар. Тұрғындар мен қала қонақтары жиі ағылатын тау шаңғы курорты аймағында қар көшкінінің алдын алу мәселесі жиі қадағаланады. Осы қауіптің алдын алу мақсатында бірнеше жауапты ұйымдармен жүргізілген келісім негізінде бірлесіп қызмет атқарамыз. «Қазселденқорғау» мамандары өздігінше, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар комиссияларымен бірлесіп те қауіпті аймақтарға жер беті және аэрошолу зерттеулерін жүргізіп отыр , – деді білікті маман.Сақтансаң сақтайды
Таулы өлке тұрғындары қолы бос бола қалса шаңғы теуіп, тыныққанды ұнатады. Одан бөлек туристер легі де жыл сайын көбейіп келеді. Дегенмен қыс қызығын сезінгісі келген адамдар қар көшкіні жайлы біліп, сақтанып жүргені абзал. Статистикалық деректерге сүйенсек, қар көшкінінің астында қалған әрбір үшінші адам өз бетінше күресіп аман қалады екен. Құтқарушылардың сөзінше, қыстыгүні тауға шыққанда кетіп бара жатқан туристік топ пен олардың жүретін жолдары алдын ала тіркелуі қажет. Бұл мәліметтер қайғылы жағдайда оларды тауып, құтқаруға айтарлықтай септігін тигізеді. Сонымен қатар тауға шығар алдында құтқарушылардан кеңес алған абзал. Кейде тауға серуендеп шыққан жандар қарапайым ережелерді де ескермей жатады. Хабар таратқыш құрылғы алып жүру, қауіпті аймақта айқайламау деген сыңайлы. Бұл пікірді маман да қостап отыр. – Алматылықтар мен қала қонақтары көп серуендейтін Үлкен және Кіші Алматы өзені алаптарында 100-ге жуық көшкінжинағыш бар. Сондықтан тауға шығарда қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстаған жөн. Қауіпті жерлердегі өзен арналары мен автожолдарда ақпараттық тақталар мен ескертпе белгілері бар. Жалпы, ескертпе-хабарламалар берілген тұрғындардың және қала қонақтарының, ақпарат кітапшаларын алған адамдардың осы ескертпелерге мұқият болғаны жақсы болар еді, – деп сақтандырды Әсия Бостаева. Түйін: Тиісті мекемелерге хабарласу кезінде барлық техника мен қауіпсіздік шаралары сақталып отырғанына көз жеткіздік. Тау бөктерінде арнайы ескерту тақтайшалары ілінген. Дегенмен серуеннің қызығында ескертуді де елемей кететіндер жоқ деп айта алмаймыз. Қар көшкіні – табиғат заңдылығы. Ал оның басым бөлігі қайғылы аяқталуына адамдардың өз өміріне жауапсыз қарауы себепкер болғанын мамандар баяндап отыр. Ал тау қателікті кешірмейді.