– Бір-екі күннің ішінде «жатақхананы босатыңдар» деп студенттерді қуа алмаймыз. Бұл орайда біз жоғары оқу орындары мен колледж басшылығына арнайы тапсырма бердік. Түрлі себептермен үйіне қайта алмай қалған немесе қайтуға мүмкіндігі жоқ студенттердің жатақханада қалулары үшін барлық жағдай жасалынады, – деді А.Аймағамбетов.Оның айтуынша, жатақханада ешқандай шаралар өткізілмейді. Тек әр студент өз бөлмесінде ғана болуы тиіс. Басқа студенттермен араласуға тыйым салынған.
– Елімізде 90 мыңға жуық студент жатақханамен қамтамасыз етілген болса, қазіргі кезде соның 20 мыңнан астамы әлі де жатақханада тұрып жатыр. Жатақханада қалған студенттерге шектеу қойылып, сақтық шараларын сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дейді министр.Иә, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қатысты пандемия жариялаған соң, Қазақстан аурудың таралуына жол бермеу шараларын күшейтті. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов та коронавирустың таралуына байланысты оқушылар 2020 жылдың 16 наурызы мен 5 сәуірі аралығында демалыста болатынын, ал 16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшетінін жариялаған болатын. Қазіргі уақытта ауылдарына қайта алмаған студенттерді көбі пойызға билет таусылғанын, ұшақ билеті де қымбаттағандықтан жатақханада қалуға мәжбүр болғанын айтып отыр. Осы тұста олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ылғалды тазалаудан бөлек, арнайы мамандардың көмегімен дезинфекциялық жұмыстар да жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Бұл ретте студенттер де жауапкершілікті түсініп, бөлмелерін таза ұстап, ескертпелерді естен шығармай, сақтық шараларын қолға алған көрінеді.
– Жатақханаларда коронавирусқа қатысты ылғалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бөлмелерді екі сағат сайын арнайы физрастворлармен тазартамыз. Кіреберіске антисептик қойдық. Балалар кіріп-шыққан сайын қолдарын міндетті түрде тазалайды, – депті жатақхана меңгерушісі Сәуле Батырханова «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында.Біз өз кезегімізде студенттердің жайын білу мақсатында бірнеше оқу орнының студенттерімен хабарластық. Олардың көбі жатақханада қолға алынып жатқан сақтық шаралары туралы пікір білдіруден бас тартты. Тек бір студент қана сұрағымызға нақты жауап берді.
– Жатақханадағы жағдай жақсы. Дезинфекция жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі кезде студенттердің көбі үйлеріне қайтып кетті. 600-700 студенттен 50 шақтысы ғана қалды. Студенттер үйіне пропускімізді көрсетіп, чип арқылы кіреміз. Бөтен адамдар жатақханаға кіре алмайды. Түнгі 11-ден кейін рұқсатсыз бөлмемізден шықпаймыз, – деп жауап берді атын атамауды өтінген Қарағанды медициналық университетінің студенті.Бүгінгі таңда еліміздегі барлық жоғары оқу орындарындағы жатақханаларда студенттерді коронавирустық инфекциядан қорғау бойынша іс-шаралар күшейтіліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуде. Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты үйіне бара алмай, жатақханада қалған студенттерге барынша көмек көрсетілетіні туралы аталған жоғары оқу орнының жеке сайтында үндеу жариялаған. Онда: «Коронавирус мәселесіне студенттеріміз, олардың ата-аналары аса түсіністікпен қарап, уақытша орын алған сын мен қиыншылықты бірге еңсереміз деген ойдамын. Егер білім алушылар туған жерлеріне бармай, осында қаламыз десе, олар үшін де барлық қолайлы жағдай жасалған» деп жазылған. Қалай дегенмен де, коронавирус пандемиясымен күресуді мықтап қолға алғанымыз жөн. Бір қуантарлығы, университет қабырғалары мен жатақханаларда да вирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселеге байланысты университет басшылары арнайы комиссия құрып, жатақханада санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалауды тапсыруда. Бас қаламыздағы Астана медицина университетінің волонтер студенттері де мамандарға коронавирустың алдын алуға көмектесуде. Коронавирус пандемиясымен күресуді медицина қызметкерлері мен аталған оқу орнының студенттері алғашқылардың бірі болып бастағанын хабарлады. «Сақтықта қорлық жоқ» дейміз. Әзірге басты міндет немқұрайдылыққа салынбай, ауруға қарсы сақтық шараларын жүргізуді тоқтатпау болып тұр.
Абылайхан ЖҰМАШ