Мұнай бағасы соңғы үш күнде бір түсіп, бір көтеріліп, құбылып тұр. Мысалы, 18 наурызда 27,22 долларға сатылған WTI америкалық мұнай маркасының баррелі 19 наурызда 23 доллар 80 центке төмендеді. Қара алтынның бұлай құнсыздануы 2008 жылдан бері болмаған. Мұнай бағасымен қатар теңгеміз де құнсызданып барады. Ал кеше Brent маркалы солтүстік теңіз мұнай қоспасына мамыр фьючерстерінің бағасы 6 пайызға артып, барреліне 30,17 долларға дейін жетті, WTI маркалы мұнай бағасы да 27,72 долларды құрады. Ал ұлттық валютамызда не өзгеріс?
Қазақстан қор биржасындағы кешегі сауда нәтижесінде доллардың орташа бағамы 444,8 теңге болды. 19 наурыздағы қорытындымен салыстырғанда (448,5 теңге) ұлттық валюта бағамы 0,8% (3,47 теңгеге) нығайды. Алайда валюта айырбастау нүктелерінде доллар бағасы әрқилы құбылып тұр. 480-нен асып жығылғанын да көз көрді. Алдағы апта 1 доллардың бағасы 500 теңгеден асады деген болжап жатқандардың аузына қақпақ бола алмайсыз. Сондықтан Ұлттық банк қаржы нарығы қатысушыларының валюталарды сатып алу және сату бағамы арасында негізсіз жоғары маржаны орнатуға жол бермеу үшін «Айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын теңгеге сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілеу туралы» ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының №33 қаулысын (19.03.2020) қабылдады. Қаулыда уәкілетті банктердің және уәкілетті ұйымдардың (банктік емес айырбастау пункттері) айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегі АҚШ доллары үшін 6 теңге, ал еуро үшін 7 теңге етіп белгіленді.
Кешегі оң өзгеріс мұнай бағасы мен теңге бағасы тұрақтанды дегенді білдірмейді. Өйткені халықаралық сарапшылар доллар бағасы алдағы тоқсанда 20 долларға дейін құлдырайды дегенді болжап отыр.
Халықаралық сарапшылар болжамымен Centrasia Group компаниясының басқарма төрағасы Алмас Құдайберген келісетін сыңайлы. Оның айтуынша, өткен жылдың соңында мұнайға деген сұраныс пен ұсыныс тәулігіне 100 млн тонна болған. Күніне 100 млн тонна мұнай өндіріліп, сол мөлшерде сатылып отырған. Ал IGS агенттігі 2020 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша нарықта 1,3 млрд баррель мұнай артылатынын болжап отыр. 2015-2016 жылы мұнай бағасы төмендеп кетті деп байбалам салғанымызда, артық мұнай көлемі 350 млн баррель болған екен. Бұл мөлшер бағаға қысым көрсеткен. Ал енді коронавирусқа байланысты Қытайда мұнай тұтыну деңгейі 20 пайызға төмендеді, әуе қатынастары да 20-30 пайызға қысқарды. 1 сәуірден бастап ОПЕК+ жұмысын тоқтатады, сол кезде Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак секілді елдер мұнай өндірісін арттыра түседі. Ал Қазақстан мұнай-сервис компаниялар одағының төрағасы Рашит Жақсылықовтың болжауынша мұнайға қатысты жағдай 1-2 жылға созылуы мүмкін. Себебі ел бюджетінің негізгі кірісін қамтамасыз етіп отырған мұнай-газ өндіруші компаниялар. Олардың бюджетке түсіретін түсімдері: ұлттық қорға құйылатын трансферт 3,4 трлн теңге, сатылған өнімге салынатын баж кірісі – 1 трлн теңге. Егер мұнай бағасы 25 долларға түссе баж алымы төленбейді. Мұнайға қызмет көрсету саласының бюджетке беріп отырған қаржысы – 500 млрд теңге. Егер мұнай бағасы қазіргі көрсеткіште қалса, кіріс үш есе азаяды. Осылайша бюджетке қомақты қаражат түспей қалады. «Мұнай-газ өндірісіне қызмет көрсету саласында 2 мыңнан астам кәсіпорын бар. Онда 200 мыңға жуық қазақстандық еңбек етеді. Бұл – өте үлкен экономикалық сала. Мұнай бағасы төмендеген сайын мұнай өндіруші компаниялар шығынды үнемдеуге кіріседі. Бұл мұнайға қызмет көрсету саласына ауыр соққы болады. Жалпы, жұмыс орнын қысқарту және қаржылай үнемдеу – өндіруші компаниялар мен олардың бас мердігерлерін айналып өтеді. Ол тікелей қызмет көрсету компанияларында кездеседі. Мысалы, Теңізшевройл компаниясы жүргізіп жатқан «Болашақ-Даму» жобасына қатысып, жақын арада өз жұмысын аяқтайтын қазақстандық компаниялардың 5 мыңға жуық жұмысшысы жазда жұмыссыз қалу қаупі бар. Оларды біз қайда жібереміз?» – дейді Рашит Жақсылықов. Сондықтан ол осы кезге дейін қол қойылған келісімшарттардың қаржылай құнын төмендетпеуді ұсынады. Өйткені 2015 жылы тура осындай жағдай болғанда операторлар құнды 20 пайызға төмендетіп, бірталай компания банкротқа ұшыраған. Екіншіден, келісімшарттардың бәрі де теңгемен бекітілгендіктен, инфляциялық жағдай келісімшарттың құнсыздануына ықпал етеді. Сондықтан инфляцияның өзгеруіне байланысты келісімшартты өзектендіріп отыру қажет. Үшіншіден мұнай өндіруші компаниялар мұндай жағдайда салықтық жеңілдіктер алады. Бұл жеңілдіктерді инвестициялық міндеттемелерін тоқтатпайтын операторларға ғана беру керек. Сонда олар құрылыс және бұрғылау жұмыстарын тоқтатпауға міндеттеме алады. Төртіншіден, елімізде жаңа жобаларды іске қосу жұмысы жеделдетілуі тиіс, мысалы, Қарашығанақ кен орнының кеңеюі 4 млрд доллардың жобасы. Одан бөлек Қазақстандағы газ-химия жобаларын тезірек іске қосқан абзал.
Ал бұл бағытта сала министрлігі қандай амал-айла қарастырып отыр? Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, мұнай бағасының төмендеу салдарын төмендету мақсатында мұнай өндіру компаниялары үшін рента салығын мұнай бағасына байланыстыру қолға алынбақ екен. Вице-министр сонымен қатар мұнай өндіруші компанияларға қолдау көрсетуге барлық құрал барын, министрлік қазіргі жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп отырғанын айтады. Ең бастысы, мұнай өндіру көлемі қысқартылған жоқ.