Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті.
Депутаттардың өңірлерге сапары қорытындыланды
85
оқылды

Онда депутаттар 15 қаңтарда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ сенаторлардың өңірлерге сапарының және тұрғындармен кездесулерінің қорытындылары талқыланды.

Мәулен Әшімбаев палата депутаттарының өңірлерге сапарын қорытындылай келе, сенатор­лардың жергілікті тұрғындармен тұрақты кездесу­лері және мәслихаттардағы әріптестермен бірлескен жұмысын нығайту аса маңызды екенін айтты.

«Сенат депутаттары өңірлерге барып, халықпен кездесулер өткізді. Онда сенаторлар Мемлекет басшының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған бастамаларды талқылап, Парламент қабылдаған заңдардың маңызына тоқталды. Жалпы, өңірлерде ауқымды, белсенді жұмыс жүргізілді. Облыстар мен ауылдардағы өзекті проблемалар көтеріліп, оларға баса мән берілді. Енді сол кездесулердің нәтижесі бойынша депутаттық сауалдар жариялап, азаматтарды алаңдатқан түйткілдерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу және оларды шешу жолдарын бірлесіп әзірлеу қажет. Әріптестерімнен осы мәселені бақылауда ұстауды сұраймын», – деді Сенат Төрағасы.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес алдағы бейсен­біде сенаторлар «Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» заңды қарайды. Құжат нормалары академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуге, дипломдарды, дәрежелерді және өзге де білік­тіліктерді тануды жеңілдетуге, сондай-ақ оларды бағалау кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге ба­ғыт­тал­ған. Сонымен қатар палата отыры­сын­да «Қазақстан Республикасындағы сайлау тура­лы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы­ның Конституциялық заңы бойын­ша Қазақстан Республикасы Парламенті палата­ларының бірлескен комиссиясының құрамына Парламент Сенатының депутаттарын сайлау мә­селесі қаралады.

Бюро отырысында депутаттар бұған дейін Мә­жіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөліп берді.