Басты құндылық – қоғам сенімі. Осы орайда сайлауалды уәделерді орындауға, азаматтардың тұрмысын жақсартуға, тұрғындардың табысын арттыруға, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтауға, азаматтардың құқығын қорғауға және қоғам сенімін күшейтуге ерекше назар аударылды.
Отырар ауданында жыл басынан бері партия қатарына 110 адам қабылданып, партия мүшелерінің саны 3 448 адамға жетті. Жаңа мүшелердің қабылдануы партияның сапалық құрамын нығайтып, қоғаммен жұмыс жүргізу әлеуетін күшейтті. Әртүрлі сала мамандарының, белсенді азаматтардың қосылуы партия жұмысының практикалық тиімділігін арттыра түсті.
Партияның cайлауалды бағдарламасының Түркістан облысы Отырар ауданы бойынша іске асыру жөніндегі Жол картасында 2025 жылға жоспарланған 46 іс-шараның 37-і немесе 80 пайызы орындалып, қалғанының іске асырылу қорытындысы күтілуде.
Депутаттық корпуспен өзара іс-қимыл да айтарлықтай күшейді. Аудандық мәслихаттағы фракция депутаттары елдегі өзекті мәселелерді тұрақты көтеріп, олардың шешіміне тікелей ықпал етіп келеді. Депутаттар сайлауалды бағдарламаларын орындауда қысқы жылу маусымына дайындық, ағын су тапшылығы, каналдарды тазалаудан өткізу, әлеуметтік мәселелер, аяқ жолдар, жолдарды асфальттау, ойын алаңшаларын салу, көшелерді жарықтандыру секілді өзекті мәселелерді қарастырып, аудан әкімін, орынбасарларын, жергілікті атқарушы органдардың және коммуналдық салалардың есебін тыңдады, өзекті мәселелерді бірлесе қарастырып ортақ шешімдер қабылдадық. Сонымен қатар биылғы жылы депутаттар тарапынан 230-ға жуық депутаттық сауал жолданып, тиісті жауап алынып, 85 пайызы өз шешімін тапты. Бұл жұмыстар аудан көлемінде көптеген өзекті мәселенің оң шешілуіне себеп болды.
Қоғамдық қабылдау бөлмесінде жыл басынан 675 арыз-өтініш келіп түссе, оның 403-і оң шешіліп, 272-не кеңес берілген. Саяси кеңес бюросының 4 отырысы өтті. Партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы ауылдардағы проблемаларды талқылайтын, олар бойынша нақты шешімдер қабылдайтын алаңға айналды.
Партиялық жобалар өз тиімділігін айқын көрсетті. Мәселен, «Жер аманаты» жобасы аясында 2025 жылға Отырар ауданында 7 мың гектар жер ортақ мал жайылымына қайтару жоспарланған болса, 22-агроқұрылымнан 8 910 гектар жері ауданның арнайы жер қорына алынды.
Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылға жобаға қатысу үшін Аққұм, Көксарай, Отырар, Талапты 4 ауыл округінен жобаға қатысуға 132 адам ниет білдірген. «Қарызсыз қоғам», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыс өте көп.
Алдағы жұмыс бағыттары ретінде «Ауыл аманаты» жобасын тиімді жалғастыру, Жол картасы тармақтарының орындалуына бақылауды күшейту, партия филиалының материалдық-техникалық базасын нығайту міндеттері белгіленіп отыр. Сайланбалы лауазымдарға партия атынан ұсынылатын кандидаттар бойынша гендерлік теңдік қағидатын ұстану, аудандағы әлеуметтік тәуекелі орта деңгейдегі отбасылардың санын азайту бойынша пәрменді шаралар қабылдау ұсынылды. Ауданда шағын кооперативтерді біріктіріп, өндіріс көлемін ұлғайту, «Әкімдер мектебі» жобасының тиімді іске асырылуын үйлестіру жүктелді. Партия қызметі, оның бастамалары туралы ақпараттық жұмысты күшейту тапсырылды, жастармен бағдарланған жұмыстар атқаруға басымдық берілді. Партияның қоғамдық белсенділігін арттыру, партиялық бақылауды күшейту бағыттарында бірқатар тапсырма берілді. Бұл жұмыстар аудандық партия филиалының алдағы жұмыс бағыттарының бірі болып түзіледі.
Уалихан ҰЗАҚОВ,
«AMANAT» партиясы Отырар аудандық
филиалының төрағасы, аудандық мәслихат төрағасы