Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісімдерді қарайды
79
оқылды

Депутаттарға халықаралық құжаттарды рати­фикациялауға қатысты бірқатар заң жобасын қа­рау ұсынылады. Олардың қатарында 2023 жыл­ғы 4 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі тура­лы келісім бар. Бұл құжат тауарлардың шығу тегін айқындау және растау мәселелерінде мүше мемлекеттердің тәсілдерін біріздендіруге бағытталған. Ол  бақылаудың бірыңғай қағидаларын қамтамасыз етіп, қазақстандық өнімнің сұр реэкспорт схемаларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 2024 жылғы 8 мамырда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ­тың техникалық регламенттерінің сақталуын мемлекеттік бақылау жөніндегі хаттаманы рати­фикациялау туралы заң жобасын қарау жоспарланып отыр. Бұл құжат ықтимал беделдік сын-қатерлерді азайтуды көздейді. 

Бұдан бөлек, Мәжіліс мемлекеттік қыз­мет, Алатау қаласының арнайы мәртебесі, инвес­тициялық қорлар, машина жасау саласын дамыту, жол қауіпсіздігін цифрландыру, сондай-ақ жүргі­зу­шілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызметке қатысты жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдайтын болады.