Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны белгілі. Жыл басталысымен дәл осы бағытты ілгерілетуде еліміз алғашқы қадамын жасап үлгерді. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық кодекс туралы құжатқа қол қойды. Аталған ресми құжат цифрлық ортада мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру, азаматтардың жеке деректерін қорғау сынды өзекті мәселелерді қамтиды. Цифрлық кодекс туралы құжат «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының бастамасымен әзірленген.
– Қазір біз кәсіби қауымдастықпен бірлесіп кодекстің негізгі ережелерін белсенді түрде талқылап жатырмыз. Себебі қазір оған қатысты қосымша заңнамалық, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезеңі басталды, сондай-ақ Цифрлық кодекске ғылыми-практикалық түсіндірме дайындау жұмысы қолға алынды. Алда атқарылар міндет көп, сондықтан бұл құжатты қолданатын нарық өкілдерімен, оны іске асыратын тараптармен кері байланыс орнату біз үшін өте маңызды, – деді Екатерина Смышляева.
Цифрлық кодекс – еліміздегі цифрлық экономиканың, жасанды интеллект пен деректер айналымының құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған кешенді құжат. Сарапшылардың сөзінше, оның қабылдануы жаңа тәуекелдер мен қоғам алдындағы жауапкершілікті күн тәртібіне шығарады.
– Айта кету керек, кодексті әзірлеу барысында IT және сараптамалық қауымдастық өкілдері аса белсенді болды. Жиынға қатысушылардың, шамамен жартысынан көбі де – сол жұмыс тобының мүшелері. Қазір бәрімізге осындай ашық диалог қажет. Бұл Цифрлық кодекс нормаларын дұрыс қолдануға және ұғынықты түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұған дейін елімізде мұндай кодекс болған емес, – деді Мәжіліс депутаты.
Цифрландыру саласын дамыту үшін нарыққа ең алдымен білікті кадрлар қажет. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Сақтағанұлының сөзінше, бүгінде Қазақстандағы 115 жоғары оқу орнының жартысынан астамы IT және цифрландыру саласында маман даярлайды. Бұл – қазіргі еңбек нарығында сұранысы жоғары бағыттардың бірі. Университет те осы үдерістен шет қалмай, IT саласы бойынша беделді оқу орындарының қатарына енген.
– «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша университетіміз «Атамекен» ұлттық палатасының рейтингіне сәйкес үздік үштікке енген. Сонымен қатар «Ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық технологиялар», «Жасанды интеллект», «Деректерді талдау» сынды аса қажетті мамандықтар бар. Бұл бағыттарға жастардың қызығушылығы өте жоғары. Университет энергетикалық бағыттағы жетекші оқу орны болғанымен, IT факультеті де сұранысқа ие құрылымдардың біріне айналып отыр. Өйткені жастар IT саласының болашағы мен жасанды интеллектің маңызын жақсы түйсінеді, – деді Ғани Нығыметов.
– Бүгінде қоғам екі үлкен бағытқа бөлініп отыр: дәстүрлі және цифрлық орта. Қазір көптеген мәселе цифрлық форматта шешіледі, деректер пайда болады. Бұдан туындайтын басты сұрақ – сол деректерді қалай жүйелі пайдалану керек, оларды қалай қорғау қажет? Міне, осының барлығын реттейтін негізгі құжат – Цифрлық кодекс. Деректер қауіпсіздігі мәселесінің мемлекеттік саясат деңгейінде нақты көрініс табуы қуанарлық жайт, – деді ректор.
Жиын барысында ICT саласындағы индустриялық кеңестің төрағасы Асқар Марат Алматы энергетика және байланыс университеті еліміздің цифрлық дамуы үшін кадрлар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде бұл бағытта өзін белсенді көрсетіп келе жатқанын негізге алды. «Цифрлық кодекске сәйкес нормативтік-құқықтық базаны толық сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс», – дейді ол.
– Біз цифрландыру саласындағы негізгі, іргелі құжатты қабылдадық. Ендігі кезекте ел тұрғындары бұл кодекстің не екенін, не үшін қажет екенін, қандай қоғамдық қатынастарды реттейтінін жақсы түсінуі керек. Өздеріңіз білетіндей, Президент биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осылайша, алдағы кезеңге нық әрі нақты саяси негіз қаланды. Бұл кездесуде кодексті әзірлеуге қатысқан мамандар оның негізгі ережелерін түсіндіріп, жаңа заңға қатысты толғандырған сұрақтарға жауап береді. Қазір бізде халыққа арналған ашық үкіметтік кеңес жұмыс істейді, – деді ол.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы