Редакцияның электронды поштасына түрлі хат келіп жатыр. Олардың арасында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау саласы ардагерлері де бар. Ардагер азаматтар Президент сұхбатын ел дамуының бағдарын айқындаған ойлар ретінде бағалапты. Атап айтқанда, Президенттің «Мемлекет мұғалімдерге және медицина саласының қызметкерлеріне өте жақсы қолдау көрсетті. Олардың жалақысы бірнеше есе өсіп, қоғамдағы мәртебесі де арта түсті. Бұл дер кезінде қабылданған орынды шешім болды», – дегені, расында да, саладағы оң өзгерістерге берілген баға екеніне тоқталған. Әрі жалпы медицина саласы мамандарын қолдаудың жүйелі саясатына алғыс айтты.
«Адамзат үшін ең маңызды құндылық, бірінші байлық денсаулық екенін ескерсек, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі көрсеткіштерінің бірі де – халық денсаулығы.
Осы орайда Сіз өзіңіздің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауыңызда денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше мән бердіңіз. «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық» дей келе, ақ халатты абзал жандарды қолдаудың жаңа тетіктерін айқындауды тапсырған едіңіз.
Сіздің тапсырмаңызбен қазір денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне жан-жақты қолдау жасалуда, оларға тұрақты түрде материалдық, рухани қамқорлық көрсетіліп келеді», – делінген ардагерлер хатында.
Әлбетте, сала ардагерлері бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең түсініп, бар білімі мен тәжірибесін, қажыр-қайратын халықтың амандығы жолына жұмсап келе жатқаны даусыз. Ал Мемлекет басшысы оларды ерен еңбегін сезіне, түсіне біліп, сала қызметкерлерін қолдаудың үздік үлгісін көрсетті.
«Атап айтар болсақ, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға бағытталған заңды қабылдадыңыз, бүгінде олардың қызмет барысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойдыңыз. Егемендігіміздің нышаны ретінде «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын қалпына келтірдіңіз. Өз кезегінде бұл тың бастамаларыңыз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, қоғамның біртұтастығын қамтамасыз етуге ықпал ететіні анық», – дейді ардагерлер.
Мұндай қолдаудың игілігін көріп жатқан аймақ дәрігерлері, орта, кіші буынды медицина қызметкерлері Президентке дән риза екенін жазған хатқа Қызылорда облысын денсаулық сақтау саласы ардагерлері атынан Қазақ ССР еңбек сіңірген дәрігері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Тұрғанбай Маханов, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Парасат» орденінің иегері Бақыт Пиржанова, «Қызылорда облысының құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері Абдулла Шуленбаев, «Құрмет» орденінің иегерлері Раиса Күзденова, Сағындық Шәмшиев, «Шапағат» медалінің иегері Гүлмира Жұмашева, SENIM денсаулық сақтау жүйесі салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәулебек Ысқақов қатарлы азаматтар қол қойыпты. Сала ардагерлері денсаулық сақтау қызметкерлері өздеріне деген қамқорлықтың жалғаса береріне сенімді екенін, медицина мамандары ел үшін аянбай еңбек ететінін атап өткен. Сонымен бірге Президентке ерекше ризашылығын білдірді.
А. СҰЛТАН