Қазақстан Азия құрлығындағы ең ірі әдеби іс-шаралардың бірі болып саналатын National Book Fair Delhi 2026 халықаралық кітап көрмесіне қатысуда.
Нью-Делидегі халықаралық кітап көрмесінде қазақ әдебиеті таныстырылды
Фото: gov.kz
219
оқылды

Аталған көрмеге қазақстандық тараптың қатысуын Қазақстанның Үндістандағы елшілігі, тиісті Қазақстанның мемлекеттік, мәдени және баспа мекемелері ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кітап жәрмеңкесі аясында Қазақстанның ұлттық экспозициясы ұйымдастырылып, онда қазақ халқының әдеби мұрасын, классикалық және заманауи қазақстандық авторлардың шығармаларын, сондай-ақ елдің тарихи-мәдени және рухани құндылықтарын таныстыратын кітаптар ұсынылды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының көрнекті әдебиет және ғылым өкілдері қатысуда, олардың қатарында: Айнұр Ахметова, PhD, әдебиеттанушы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, Алишер Айтуар, жазушы, драматург, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы және Саттар Мажитов, профессор бар.

Көрме аясында қазақстандық әдебиеттің даму үдерістеріне арналған кәсіби кездесулер, тақырыптық пікіралмасулар, сұхбаттар және әдеби таныстырылымдар өткізілді.

Сонымен қатар іс-шара аясында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерінің» хинди тіліне аударылған басылымының таныстырылымы өтті. Аталған жоба Қазақстан Республикасының рухани-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға және Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.

Үнді оқырмандары қазақ кітаптарына, мәдениетіне және Қазақстанға жоғары деңгейде қызығушылық танытты.

Қазақстан Республикасының  National Book Fair Delhi 2026 халықаралық кітап көрмесіне қатысуы қазақстандық әдебиетті халықаралық кеңістікте ілгерілетуге, мемлекеттер арасындағы мәдени дипломатияны дамытуға, сондай-ақ кітап шығару және аударма салаларындағы халықаралық әріптестікті кеңейтуге ықпал етіп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.