Мәселе сол өзекке қайта орала алдық па, жоқ па – сонда... Қазіргі мектеп бұрынғыдай тек білім беретін орын ғана емес. Ол – ойланатын, таңдайтын, жауапкершілік алатын тұлға қалыптастыратын орта. Оқушы тек ақпаратты жаттап қоймай, оны қолдана білуі керек. Әлемдік білім жүйесінде бұл «әрекетке негізделген оқу» деп аталады. Ал кей елдерде шығармашылық ойлау, өмірмен байланыс басты құндылық саналады. Оқушы білімді өмірінен алшақ сезінсе – нәтиже де солғын болады. Бұған қарап «бұл бізге жат» деуге бола ма? Жоқ.
Ахмет Байтұрсынұлы білімді «тірі» және «өлі» деп бөлгені белгілі. Жаттауға құрылған, өмірмен байланысы жоқ білім – өлі білім. Ал адамды ойландырған, әрекетке жетелеген, тәжірибеде қолданылатын білім – тірі білім.
Ұлт ұстазының бұл ойы бүгін де өз маңызын жойған жоқ. Керісінше, әлемдік педагогика айтып жүрген жаңашыл тұжырымдардың барлығы осы тірі білімнің әртүрлі атауы ғана сияқты. Ахаңның «мәніс білім көп те, әдіс білім аз» деген сыны – қазіргі мектеп үшін де өзекті.
Ұлттық мектеп дегеніміз – өткенге байланып қалу емес. Ол – заманмен үндесе отырып, өз тамырын сақтай алатын мектеп.
Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы өз ұстанымым дәл осы жерден басталады. Оқушы бұл пәндерді тек бағдарлама үшін емес, өмірі үшін қажет екенін сезінуі керек. Бүгінгі бала – цифрлық кеңістіктің баласы. Әлеуметтік желі, қысқа видео, визуалды мәтін – оның күнделікті ортасы. Мәселе баланың желіде болуында емес, мәселе – сол кеңістікті қалай пайдаланып жүргенінде. Егер оқушы көркем мәтінді бүгінгі өмірмен байланыстыра алса, кейіпкерді қазіргі заман көзқарасымен талдаса, өлең мен прозаны медиа тіліне аудара білсе – әдебиет оған жат болмайды.
Мен сабақ барысында осыны байқаймын: бір тапсырма дұрыс қойылса, бұрын үндемей отырған оқушы да ой айта бастайды, мәтінге жан кіреді, оқушы өзі жасаған дүниесіне жауапкершілікпен қарайды. Бұл – шығармашылық қабілетті дамытып оқыту.
Осы тәжірибеге сүйене отырып, «Жоба жасау арқылы оқушының шығармашылық қабілетін дамыта отырып, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту» атты авторлық бағдарлама әзірледік. Оның өзегінде Ахмет Байтұрсынұлының «тірі білім» ұстанымы жатыр. Яғни, А.Байтұрсынұлының «тірі білім» ұстанымын заманауи форматта қолдану, оқушының «нені» және «не үшін» жасап отырғанын нақты түсінуі, оқылым, айтылым, жазылым, тыңдалым дағдыларын бір-бірімен табиғи байланыстыру, қазақ тілінің сөз мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, қарым-қатынас әдебі сияқты қолданымдық қырларын жоба арқылы меңгерту, фонетика, лексика, грамматика, стилистиканы дайын ереже емес, тәжірибе үстінде таныту тәрізді бағыттарды қамтыдық.
Бұл жердегі мақсат – оқушыны тыйып ұстау емес, бағыт беру. Технологияны жоққа шығару емес, оны ұлттық мазмұнмен толықтыру.
Білім өмірге қызмет етпесе – ол толыққанды білім емес. Мектеп баланы өмірге дайындауы керек. Ал өмір – әрекеттен тұрады. Әрекетке жетелемеген оқу тірі болмайды. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тірі білім – мәніс білімі мен әдіс білімі қатар жүргенде ғана қалыптасады. Бүгінгі мектептің басты міндеті – осы екеуінің арасындағы көпірді қайта жалғау.
Еділ АНЫҚБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі