«Қаралма» қашанғы қараусыз қалады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газе­тіне берген сұхбатында елімізде туризм саласы кенжелеп тұр­ғанын ашып айтты.

Әсіресе, Президент тау-шаңғы ту­риз­мі тұралап тұрғанын, барды ұқсата алмай жатқанымызды жет­кізді. Мұндай олқылық Жамбыл облысында да болып жа­тыр. Атап айтсақ, кезінде жарнамасы жер жарған «Қа­рал­ма» тау-шаңғы кешені бүгінде жетімнің күнін кешіп тұр. 

Әңгіменің әлқиссасын әріден бас­тасақ, «Қаралма» тау-шаңғы кеше­ні­нің құрылысы 2018 жылы қолға алын­ған болатын. Сол кездегі облыс әкімі Ас­қар Мырзахметов бұл нысанды ме­гажобаға балаған. Расында, сол тұста халық «Енді шаңғы тебеміз деп өзге өңірге бармайтын болдық» деп қуанды. Құрылысқа жауапты ин­вес­тор «ТаразҚұрылыс-2004» ЖШС-ның жұмысы бастапқыда ширақ кө­рінген. Жоба құны 6,3 млрд теңгені құ­раса, құрылыс жұмыстары 2020 жы­лы бітеді деп күтілді. Алайда екі жыл­дан кейін жеке кәсіпкер қаржы тап­шылығына байланысты құрылыс жұ­мыстарын тоқтатып, жоба жү­рі­сінен жаңылды. Кейіннен нысанның сметалық құны қайта есептеліп, ол 7,9 млрд теңгені құрады. Осы күнге дейін барлық игерілген қаржы 4,8 млрд тең­гені құрады, енді жобаны аяқтау үшін әлі 3,1 млрд теңге қажет. 

Осы тұста «құрылыс неге тоқтап қал­ды?» деген сұрақ туады. Мемлекет та­рапынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 542 млн 600 мың теңгеге ауызсу мен кәріз жүйесі жүргізіліп берілді. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тран­зиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі 7 шақырымға асфальт төселді. Ны­сан газ және электр жүйесімен қам­тамасыз етілді. Тау шаңғысы ке­ше­ніндегі арқан жолының құрылысы, іш­кі алаңдарды абаттандыру, кірме жол, мейрамхана, сервис орталығы, техникалық бокс, өзге қажеттіліктер шамамен 80%-ға аяқталған. Сол сияқ­ты саяхаттаушылар мен дема­лу­шыларға, шаңғы тебушілерге арнал­ған жекелеген инвесторлар қар-жысына салынуға тиіс 20 коттедждің құрылысы 70-80%-ға біт­кен. Міне, осындай басы тәп-тәуір бас­талған тірліктің соңы аяқсыз қа­лып тұр.

Бұл мәселеге қатысты ел арасында әңгіме көп. Алайда 2020 жыл­дан бері әңгімесі саябырсып, тіпті ұмыт бола бастаған жобаға қатысты мә­селені 2023 жылы Мәжіліс депутаты Ер­болат Саурықов көтеріп, жамбыл­дық шен­ділерді селт еткізді. Бір топ мәжіліс­мен­дердің атынан Үкімет бас­шы­сы­ның орынбасары Роман Скляр­ға де­пу­таттық сауал жолдаған Ер­болат Байұзақұлы «Қаралма» тау-шаң­ғы ке­шеніне ерекше назар аудару қа­жет­тігін баса айтты. 

«Ұлы Жібек жолы бойында ор­на­лас­қан Жамбыл облысының даму жос­парында туризмді дамытуға басты назар аударылуы керек деп есептейміз. Осы саланы дамыту арқылы облысқа қосымша инвестиция тарту мүмкін­дік­тері пайда болады. Өкінішке қарай, туризмге байланысты көп мә­се­ле әлі де шешімін таппай отыр. Со­ның бірі – Жуалы ауданындағы «Қа­ралма» тау-шаңғы туризм кешені. Бұл жерге Жамбыл облысы және ірге­лес жатқан, 300 мыңнан астам халқы бар Түркістан облысының екі ауданы жа­қын. Жеке инвестордың қара­жаты­мен халық игілігі үшін басталған осын­­дай іргелі жобалар неге аяқтал­май қалады? Кім кінәлі? Жүйе ме, әл­де бір әкімнің ұсынысын екінші әкім жалғастырғысы келмей ме?» – деген Ерболат Саурықов. 

Осылайша. «Қаралма» тау-шаңғы ке­шеніне байланысты мәселе «сен салар да, мен салардың» кебін киіп жүр­генде, былтыр облыс әкімдігі жан жылытар хабар таратты. 

«Негізі, «Қаралма» тау-шаңғы кешені жеке инвестордың қаражаты есебінен салынуда. Екі кәсіпкер 4,3 млрд теңге қаржы құйдық деп айтып жүр. Алайда ірі жоба аяқсыз қалған. Қазір «Ақниет групп» компаниясына өтініш жасап, «Қаралманы» әрі қарай дамытсақ деген келісімге келдік. Кейінгі 2-3 айдың бедерінде құрылысқа кеткен қаражат есептеліп жатыр. Жолға, инфрақұрылымға, арқан жолға, тағы басқа жұмыстарға қанша қаржы жұмсалғаны таяуда ғана нақтыланды. Енді «Ақниет групп» қаражат салады. Ірі жобаны аяқсыз қалдырмай бі­тіруіміз керек», – деп мәлімдеді жер­гілікті билік өкілдері. 

Алайда бұл уәде де уәде күйі қа­латын түрі бар. Олай дейтініміз, Жуа­лы ауданының әкімі Жалғас Мұр­тазаның сөзіне сүйенсек, бұрынғы ин­вестормен «Ақниет групп» ком­па­ниясы мәмілеге келе алмаған көрінеді. 

«Өзіме мәлім ақпаратты ғана   айта  аламын. Қазір мұнда құрылыс жұ­мысы жүргізіліп жатқан жоқ. Жоба қозғалыссыз тұр деуге де болады. Алматылық инвестор жобаны сатып алып, жұмысты жүйелегісі келгені де айтылған еді. Алайда ауқымды жоба­ның жаңа инвесторлары құрылыс компаниясының жетекшілерімен нысанды сату бағасына келісе ал­мапты. Айтуларынша, олар кешенге 5 млрд теңге салған. Бұл сомаға жаңа инвестор кейінгі жылдары орын алған инфляцияны ескеріп, келіспеген. Әйтсе де, жеке кәсіпкерлер наурыз айында жұмысты қайта бастап, нысан құрылысын өз­дері аяқтайтынын жеткізді. Ақиқатын айтсақ, кешеннің қазіргі жағдайы қынжылтады. Орнатылған барлық құрал-жабдық ескіріп, нысан тоза бастады», – дейді аудан әкімі.

Міне, осылайша, «Қаралма» тау- шаң­ғы кешеніне қатысты мәселе тағы бауын тапса, байлауын таппауда. Құры­лысты қайта жандандыруға кел­генде құрғақ уәде, мақсатсыз межелер айтылуда. Әрине, инвесторлар есе­бінен салынып жатқан нысан болған­нан кейін билік өкілдеріне де кінә арта алмаспыз. Алайда нысанның инф­рақұрылымына қазынадан қыруар ақша жұмсалды емес пе? Оның сұрауы кімнен болмақ? 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы