Аймақтардың өзін-өзі қамтамасыз етуі әлі күнге дейін төмен деңгейде. Қазіргі таңда республикалық маңызды үш қала мен 14 облыстың төртеуі ғана өз бетімен күн көре алады екен. Дотацияға иек артатын өзге өңірлердің негізгі кірісі трансферттен жиналады. 2020-2022 жылдарға арналған бюджетке зер салсақ, жақын арада жағдай өзгермейтін сияқты. Әлемдегі кез келген мемлекеттің дамыған, дамушы және дамымай қалған өңірлері бар. Бұл бір аймақтың халқы еңбекқор, тағы бір өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмейді. Экономикасы шикізатқа тәуелді, жері үлкен, жан саны аз Қазақстанда мұндай болуы – заңдылық. 2019 жылы игерілген бюджет қорытындысы бойынша Қазақстанның донорлық аймақтарына Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары кірді. Бұл түсінікті де. Себебі Атырау мен Маңғыстаудың қазба байлығы мол. Алматының экономикасы тұрақты, оның ішінде шағын шәне орта кәсіпкерлік, өндіріс пен сауда қызметі өркен жайған. Елордада ұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Қаржы министрлігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2019 жылы Алматы қаласы республика бюджетіне 115,3 миллиард теңге құйған. Одан арғы жылдары да оңтүстік астана донор аймақтар рейтингінде бірнеше рет көш бастаған. Биыл мегаполистен ел қазынасына аударылатын қаражат көлемі 49 пайызға (171,7 млрд теңгеге дейін) артады. Алайда 2020 жылдың соңына қарай көшбасшы атағы Атырау облысына өтеді. Биыл мұнайлы өлке республика бюджетіне 207,3 млрд теңге береді. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Нұр-Сұлтан қаласы биыл донорлық аймақтар рейтингінің соңғы сатысында Маңғыстау облысын ығыстырып, үшінші орынға көтерілді. Бірақ бұл серпіліс елорданың экономикалық өсіміне байланысты емес. Тек Маңғыстаудың кірісі азайған. Қазақстанның әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, ел билігі қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Ақшаны былайша қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм Бюджет кодексінде нақты жазылған. Өзгелерден дотация алатын аймақтар рейтингінде Түркістан облысы бірінші орында тұр. 2019 жылы республикалық бюджеттен оңтүстік өңірге бөлінген субвенциялардың көлемі 402 млрд теңгеден асқан (мақсатты трансферттерді қоспағанда). Дотацияланған аймақтар тізімінде өндірісі дамыған Шығыс Қазақстанға екінші орын тиесілі. Аталған аймаққа былтыр 163,9 миллиард теңге бөлінген. Облыстың қара және түсті металлургия өнеркәсібінің корпоративті салығы республика қазынасына түсетіндіктен, жергілікті бюджеттің жеке кірісі ИСН-нен, әлеуметтік салықтан және акциздерден құралады. Былтыр бұл сома небәрі 112 миллиард теңгені құрапты. Мұндай ақша шығыстың білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ауыл шаруашылығына жұмсалатын шығындарын өтеуге жетпейді. Аутсайдерлер үштігін Жамбыл облысы түйіндейді. 2019 жылы бұл өңірге 161,9 млрд теңге беріліпті. Жамбыл облысының өз табысы жергілікті білім беру саласының қажетін де (133 млрд теңге) жаппайды. Үкімет дотацияға онша тәуелді емес аймақтарға Алматы облысы мен Қарағандыны жатқызады. Өйткені Алматы облысының экономикасын Қорғас бекеті, Қарағандыны географиялық жағынан Нұр-Сұлтанға жақындығы көтереді. Ондағы бизнес-белсенділікке Алматы мен Нұр-Сұлтанның ықпалы зор. Кей сарапшылардың пікірінше, бізде бюджет әкімдердің орталыққа ықпалына, басшылармен жақындығына байланысты бөлінеді. Рас-өтірігін қайдам, әкімдер өзі басқаратын аймақтарға неғұрлым көбірек қаражат қарпып қалуды көздейді-мыс. Облысын мол ақшаға кенелткен әкімдердің жағдайы жақсарып, беделі жоғарылай түседі деседі. Ал негізінде экономистер дотацияда отырған аймақтар ел дамуын тежейтінін айтады. Сондықтан әрбір облыс өз арбасын өзі сүйресе, көш түзелер еді. Сонымен, өңірлердің өз қолын өз аузына жеткізу үшін не керек? Бірден-бір төте жол – шикізатқа тәуелділіктен құтылып, адами капиталды жетілдіру, ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы жаңа технологиялар құру, тауарлар өндіру. Бұл – экономикалық өсім үшін сарқылмайтын ресурс. Мамандардың ойынша, өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырамыз десек, маңызды шешімдер қабылдауға жергілікті тұрғындар мен бизнес-орта өкілдерін тартқан дұрыс. Бұл түйткілді мәселелерге неғұрлым нақты көзқарас қалыптастырып, кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасамақ. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардан бастап, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарға өңірлік проблемалардың ең тиімді шешімдерін ұсына алатын әкімдерді сайлау жүйесін енгізу қажет. Ел экономикасы шикізатқа, яғни сыртқы факторларға кіріптар болса, өңірлердің өзін-өзі асыруы қиын. Қазақстанға құйылатын инвестицияның 75 пайызы шеттен келеді. Оның қомақты бөлігі мұнай мен газ өндірілетін аймақтарға ағылады. Басты кілтипан – осында. Әрине, «Өле жегенше, бөле же» дейтін қазаққа мемлекеттік бюджетті теңестіру деген таңсық болмауға тиіс. Әйтсе де, дотацияға алақан жайған аймақтар өз әлеуетін ұтымды пайдаланса екен.
Ерсайын БАҒДАТ