FIS президенті Йохан Элиаш спортқа қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, қазақстандықтар әлемнің байрақты бәсекелерінде лайықты өнер көрсетіп жүргеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Йохан Элиашты «Достық» орденімен марапаттады
80
оқылды

Мемлекет басшысы Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясының (FIS) президенті Йохан Элиашты қабылдады. Кездесуде Қазақстанның Халықаралық шаңғы спорты федерациясымен ынтымақтастық перспективасы талқыланды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 85 мыңнан аса адам шаңғы спортымен тұрақты түрде шұғылданатынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда тау шаңғысы мен шаңғы жарысы кешендері, халықаралық деңгейдегі мұз ареналары секілді заманауи инфрақұрылымдар бар. Мемлекет басшысы еліміз жақында Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып жатқанын жеткізді.

FIS президенті спортқа қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, қазақстандықтар әлемнің байрақты бәсекелерінде лайықты өнер көрсетіп жүргеніне назар аударды. Сондай-ақ ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға жоғары баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Йохан Элиаш еліміздің Халықаралық шаңғы спорты федерациясымен тәжірибе алмасу, спортшыларды даярлау, бапкерлерді оқыту және төрелік ету бағыттарындағы ықпалдастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесу соңында Президент елімізде шаңғы және сноуборд спортының дамуына қосқан үлесі үшін Йохан Элиашты II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.