«Құрметті Елжан Амантайұлы! Менің анам Әсем дәрігер болып қызмет атқарады. Төтенше жағдай енгізілгелі анам тәулік бойы жұмыс істеуге көшті, көбіне үйге келе алмайды. Кеше менің туған күнім болды, 13 жасқа толдым. Бұл күні қатты тұнжырадым, өйткені жанымда ең жақын адамым – мамам болмады. Мен оның маңызды және қайырымды іспен айналысып жатқанын білемін. Бірақ онымен қашан қайта табыса алатынымды білмеймін. Анам үшін қатты қорқамын. Ол ауырып қалады деп қорқамын. Анам қайта оралмаса не істемекпін» деп қамығады Раида.Ол министр Е.Біртановтан бұдан былай ешкім де ауырмауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасауды және дәрігерлерді тезірек үйіне қайтаруды өтінеді: «Бұл мен үшін ең үлкен сыйлық болар еді», – дейді жасөспірім. Коронавируспен күресуші медицина мамандарының зор еңбегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткен болатын.
– Коронавирусты анықтау, науқастарды емдеу және вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтамын. Үкімет осындай қызметкерлерге сыйақы беру шараларын қабылдайды деп мәлім етті Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 17 наурызда Twitter парақшасында.19 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының кіреберісіне Жібек жолы ауылы маңына қойылған №6 бақылау-өткізу бекетіне барып, оның жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы медицина қызметкерлерінің қызметіне қошемет сөзін арнады. Еліміздегі медицина қызметкерлерінің пандемияға қарсы күрестегі ауыр еңбегіне назар аударған Мемлекет басшысы оларға ризашылығын білдіріп, еңбекақылары мен сыйақыларын уақытылы әрі толық көлемде беруді жүктеді. Анықталғандай, індетпен күреске тартылған ауруханалар өз қызметкерлеріне сыйақы төледі. Ол әр жерде әртүрлі болыпты, 1-2 айлық еңбекақы көлемін құраған. Әйткенмен, сыйақы кейбір қашықтан жұмыс істеуге көшірілген және жыл сайынғы демалыста жүрген қызметкерлерге де аударылған екен. Яғни, індетпен күресу-күреспеуі – ынталандыруда басты өлшемшарт болмағанға ұқсайды. Демек, бұл істе күндіз-түні, жатпай-тұрмай еңбек еткендердің үлесі COVID-19 пандемиясымен күрес жеңіспен аяқталған жағдайда жеке атап өтілетін болса керек. Салалық министрлік үздік мамандар, тіпті мемлекеттік наградаларға ұсынылуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Әзірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантиндік шаралар күш алуда. Карантиннің аяқталу мерзімі ресми белгіленбеді. Халықаралық тәжірибе бойынша шектеу шаралары жаңадан дертке шалдыққандар легі тоқтағаннан кейін ғана жойылады. Елордада карантиндегілер, соның ішінде коронавирус жұқтырғандар да, диагнозы нақтыланып жатқандар да жеке тұрған ғимараттағы ауруханаларға оқшауланыпты.
«Олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді. Әрбір палатада арнайы желдеткіш жүйесі орнатылған, бұл стационардағы адамдар арасында инфекцияны өзара жұқтыру мүмкіндігін болдырмайды. Дәрігерлердің жұмысы өте жауапты. Көп адамның тағдыры дәрігерлеріміздің қолында. Өз атымнан және қала тұрғындарының атынан ауыр әрі қажырлы еңбегі үшін дәрігерлерімізге алғыс айтамын!», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.Ол медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмектермен, қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, туындаған тапшылыққа байланысты әр дәрігерге күніне бір маска ғана берілген дерек те кездесіпті. Сондай-ақ карантин жарияланған алғашқы күнде басшылар осы іске тартылған қызметкерлерін үйлеріне жібермей, тәулік бойы аурухана аумағында қалуды және кез келген уақытта шұғыл шараларға даяр болуды талап еткен көрінеді. Әйтсе де, кейінірек үйлерінде жас сәбилері бар дәрігерлер мен мейірбикелерге үйіне түнеуге баруына рұқсат етілген. Дәрігерлерді қажетті заттармен, қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмекпен қамту үшін жетекші компаниялар, инвесторлар қаржы бөліп жатыр. Үкімет те өз резервінен бұған қаражат бағыттады. Дегенмен ақ халатты мамандарды сыйақымен ынталандырудың жеке жүйесі болғаны жөн. Мысалға, көрші Ресейде Үкімет төрағасы Михаил Мишустин вице-премьер Татьяна Голиковаға және қаржы министрі Антон Силуановқа өз өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігіп, COVID-19 кеселімен күресіп жатқан дәрігерлерге сыйақы беруге арналған бөлек қор құруды жүктеді.
Айхан ШӘРІП