Ақ халатты абзал күрескер
Ақ халатты абзал күрескер
282
оқылды
Әлеуметтік желіде кішкентай қыз баланың Денсаулық сақ­тау министріне жазған хаты көпшілікті толқытты. «Анам оралмай қала ма деп қорқамын!» – дейді жасөскін. Бұл хат жаһанды жайлаған пан­демиямен арпалыстың алдыңғы шебінде жүрген ақ халатты абзал жандар қызметінің қиындығын және маңызын қатар аңғартады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа өтінішпен қа­йырылған 13 жасар қыз баланың анасы дәрігер екен және қазіргі қауырт шақта COVID-19 инфек­ция­сына шалдыққандарды емдеу үшін тәулік бойы жұмыс істеуде. Шешесі қызының туған күніне де келе алмапты. Әлеуметтік желілерде тез тарап, танымал болған хатта қыз бала ана­сының тағдырына алаңдайды.
«Құрметті Елжан Амантайұлы! Менің анам Әсем дәрігер болып қызмет атқарады. Төтенше жағдай енгізілгелі анам тәулік бойы жұмыс істеуге көшті, көбіне үйге келе ал­майды. Кеше менің туған күнім бол­ды, 13 жасқа толдым. Бұл күні қатты тұнжырадым, өйткені жа­нымда ең жақын адамым – мамам болмады. Мен оның маңызды және қайырымды іспен айналысып жат­қанын білемін. Бірақ онымен қашан қайта табыса алатынымды білмеймін. Анам үшін қатты қор­қамын. Ол ауырып қалады деп қорқамын. Анам қайта оралмаса не істемекпін» деп қамығады Раида.
Ол министр Е.Біртановтан бұдан былай ешкім де ауырмауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасауды және дәрігерлерді тезірек үйіне қайтаруды өтінеді: «Бұл мен үшін ең үлкен сыйлық болар еді», – дейді жасөспірім. Коронавируспен күресуші медицина мамандарының зор еңбегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткен болатын.
– Коронавирусты анықтау, науқастарды емдеу және вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтамын. Үкімет осындай қызметкерлерге сыйақы беру ша­раларын қабылдайды деп мәлім етті Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 17 наурызда Twitter парақшасында.
19 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының кіреберісіне Жібек жолы ауылы маңына қойылған №6 бақылау-өткізу бекетіне барып, оның жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы меди­цина қызметкерлерінің қызметіне қошемет сөзін арнады. Еліміздегі медицина қызметкерлерінің пандемияға қарсы күрестегі ауыр еңбегіне назар аударған Мемлекет басшысы оларға ризашылығын білдіріп, еңбекақылары мен сыйа­қ­ыларын уақытылы әрі толық кө­лемде беруді жүктеді. Анықталғандай, індетпен күреске тартылған ауруханалар өз қызметкерлеріне сыйақы төледі. Ол әр жерде әртүрлі болыпты, 1-2 айлық еңбекақы көлемін құ­ра­ған. Әйткенмен, сыйақы кейбір қашықтан жұмыс істеуге көшірілген және жыл сайынғы демалыста жүрген қызметкерлерге де аударылған екен. Яғни, індетпен күресу-күреспеуі – ынталандыруда басты өлшемшарт болмағанға ұқсайды.    width= Демек, бұл істе күндіз-түні, жатпай-тұрмай еңбек еткендердің үлесі COVID-19 пандемиясымен күрес жеңіспен аяқталған жағдайда жеке атап өтілетін болса керек. Салалық министрлік үздік маман­дар, тіпті мемлекеттік наградаларға ұсынылуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Әзірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантиндік шаралар күш алуда. Карантиннің аяқталу мерзімі ресми белгіленбеді. Халықаралық тәжірибе бойынша шектеу шаралары жаңадан дертке шалдыққандар легі тоқтағаннан кейін ғана жойылады. Елордада карантиндегілер, соның ішінде коронавирус жұқ­тырғандар да, диагнозы нақты­ла­нып жатқандар да жеке тұрған ғимараттағы ауруханаларға оқшау­ланыпты.
«Олар санитарлық-эпидемио­логиялық талаптарға сәйкес ке­леді. Әрбір палатада арнайы жел­деткіш жүйесі орнатылған, бұл стационардағы адамдар арасында инфекцияны өзара жұқтыру мүм­кіндігін болдырмайды. Дәрі­гер­лердің жұмысы өте жауапты. Көп адамның тағдыры дәрігерлеріміздің қолында. Өз атымнан және қа­ла тұрғындарының атынан ауыр әрі қа­жырлы еңбегі үшін дәрі­герлерімізге алғыс айтамын!», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Ол медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмектермен, қорғаныс құралдарымен толық қам­тамасыз етілгенін мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, туын­даған тапшылыққа байланысты әр дәрігерге күніне бір маска ғана берілген дерек те кездесіпті. Сондай-ақ карантин жарияланған алғашқы күнде басшылар осы іске тартылған қызметкерлерін үйлеріне жібермей, тәулік бойы ау­рухана аумағында қалуды және кез келген уақытта шұғыл шараларға даяр болуды талап еткен көрінеді. Әйтсе де, кейінірек үйлерінде жас сәбилері бар дәрігерлер мен мейірбикелерге үйіне түнеуге баруына рұқсат етілген. Дәрігерлерді қажетті заттармен, қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмекпен қамту үшін жетекші компаниялар, инвесторлар қар­жы бөліп жатыр. Үкімет те өз резервінен бұған қаражат бағыт­тады. Дегенмен ақ халатты маман­дарды сыйақымен ынталан­дырудың жеке жүйесі болғаны жөн. Мысалға, көрші Ресейде Үкімет төрағасы Михаил Мишустин вице-премьер Татьяна Голиковаға және қаржы министрі Антон Силуановқа өз өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігіп, COVID-19 кеселімен күресіп жатқан дәрігерлерге сыйақы беруге арналған бөлек қор құруды жүктеді.  

Айхан ШӘРІП