Сыр бойын жағалай қоныстанған Қызылорда қаласының ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді.
Тұрғын үйлерге жарық жетпей тұр
98
оқылды

Әсіресе, дарияның сол жағалауынан бой көтерген жаңа аудан өңірге келген мәртебелі меймандарға мақтанышпен көрсететін құтты мекенге айналды. Аумақтағы заманауи үлгіде бой түзеген әлеуметтік нысандар, спорттық-сауықтыру кешендері, қаз-қатар тізілген көпқабатты тұрғын үйлер, стадион, облыстық музей сынды көптеген сәулетті ғимарат  атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстардың жемісті болғанын байқатады. 

Қызылорданың сол жағалауын сәні мен салтанаты келіскен кө­рікті мекенге айналдыру жобасы алғаш қолға алынғанда күмәнмен қараушылар аз болмады. Содан да болар, аумақтан алғашқы тұрғын үй кешендері пайдалануға берілген сәтте жаңа қалаға қоныс аударуға ниет танытқандар қарасы аз болды. Алайда үздіксіз жүргізілген құ­рылыс жұмыстарының нәти­же­сінде тұрғын үйлердің қатары ар­тып, әлеуметтік осал топ санатына кіретін отбасылар, көпбалалы ана­лар, жас мамандар мен апатты үйлерде тұратын тұрғындарға жыл сайын жаңа пәтердің кілтін табыс­тау үрдіске айналды. Нәтижесінде, сол жағалауға қоныстанушылар қарасы қалыңдады. 

Дей тұрғанмен, жаңа қаланың  негізгі көшелері қырмызыдай құл­пырып, жаңарған кейіпке енге­німен, тұрғылықты халқының тол­ғ­ақты мәселесі шаш етектен. Әсі­ресе, тұрғын үй аулаларын абат­тандыру, жарықтандыруға қатысты мәселелері бір түйеге жүк болар­лық. Бір ғана аталмыш шағын ау­данның № 65 үй тұрғындары талай уақыттан бері өздерін толғандырған бірқатар түйткілдің түйіні тарқа­тылмай тұр­ғанын айтып, мұңын шағып отыр.  

Негізінен, бұл тұрғын үйдің пай­далануға берілгеніне үш жыл­дан асып барады. Нақтысы, 2022 жылдың желтоқсанында баспа­налары апатты деп танылған тұр­ғындарға осы аумақтан жаңа пә­терлер табысталған. Сол кезден бас­тап тұрғындарды тұрғын үй ай­наласындағы бірқатар кемшілік толғандырып келеді.

«2022 жылдың желтоқсан айы­ның соңғы күндері осы үйді бізге салтанатты түрде табыстады. Әри­не, қуанышымызда шек болмады. Апатты үйдің азабынан құтылып, жаңа да жайлы үйге қоныс аудар­ғанымызға шексіз риза болдық. Бертін келе пәтеріміздің ішкі са­пасын айтпағанның өзінде, үйдің айналасындағы абаттандыру, жа­рықтандыру жұмыстарынан көпте­ген кемшілік байқадық. Атап айт­қанда, осы аумақтан өтетін Ғ.Мұ­хамеджанов көшесі мен оны кесіп өтетін шағын көшеге жарық­тан­дыру жұмыстары қажет. Бұған де­йін аталмыш көшелерге жарық баға­налары орнатылған. Бірақ үш жылдан бері жарықшамдар бірде-бір рет іске қосылған емес. Жергі­лікті әкімдікке бұл жайында талай айтылды. Үш жыл бойына тек құр­ғақ уәдемен шығарып салады. Нақты нәтиже болар емес», – дейді сол аумақ тұрғыны Айда Тұрманова. 

Әсіресе, түн мезгілінде тұрғын үйлер аумағы қараңғылық құша­ғын­да қалады. Ең қиыны, ата-ана­ларды түскі ауысымда оқитын ба­лаларының қауіпсіздігі алаңдатады. Әр күндерін қорқынышпен өткізіп келеді. Ал жауапты орындар тара­пынан жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге асығар емес деп ашы­на­ды. Бұған дейін орнатылған жарық бағаналарының үш жылдан бері қосылмау себебін де түсінбей жүр. 

Сонымен қатар аяқсуға қатыс­ты мәселе де асқынып тұр. Атал­мыш аумаққа суағар да салынған. Бірақ осы кезге дейін оған бір там­шы су тамған жоқ дейді тұрғылықты халық.

«Бұл аймаққа қоныстанған ха­лық­тың қарасы қалың. Жыл санап бой түзеген тұрғын үйлердің де қа­тары артып келеді. Жаз мезгі­лінде әрбір тұрғынның өз аула­ларын көркейтіп, көгалдандыруға ниеті бар. Бірақ оған аяқсу қол­бай­лау болып тұр. Егер аяқсу беріл­ме­се, қыруар қаржыға не үшін лоток жүргізілген деген заңды сұрақ туындайды. Талай жылдан бері тамшы тамбаған арық жүйелерінің жағдайы да мәз емес. Дария дәл іргеден өтіп жатыр. Соған қара­мастан, арыққа су жіберуге қандай кедергі болып тұрғанын түсінбей жүрміз. Бұдан өзге, жаз мезгілінде дария жағасында серуендейтін халыққа да жағдай қарас­тырыл­маған. Жарықшамдармен қоса, арнайы орындықтар да қойылмай тұр», – деп мұңын шақты тағы бір тұрғыны Ұлмекен Жарымбетова.

Өз кезегінде сол жағалау халқын толғандырған мәселенің мән-жайын жауапты тараптан да сұрап көрдік.

«Қызылорда қаласының сол жағалауында салынған № 65 үйге баратын жолдағы жарық шамдарын іске қосу жұмыстары мердігер ме­кеме «Ақнұр Авто» ЖШС-ға тап­сырылған. Осыған сәйкес мердігер мекемемен тиісті жұмыстар атқа­рылатын болады. Ал аяқсу мәсе­лесіне келсек, қазір «Қызылорда тазалығы» мекемесімен аталған көшедегі арық желісі тазартылып, аяқсу жеткізу мәселелері қаралатын болады. Сонымен қатар көшелерге аялдама белгілерін орнату жұмыс­тары Қызылорда қалалық полиция басқармасының арнайы нұсқамасы арқылы жүзеге асырылады. Жол­данған нұсқамалар бойынша ау­мақ­та тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Жалпы, 2026 жылы Қы­зыл­орда қаласы аумағында жарық­тандыруды қажет етілетін көшелер тізімі әзірленді. Осыған сәйкес жобалық-сметалық құжаттары да­йындалып, бюджеттік өтінім жол­данады. Соның негізінде қажетті қаражат көзі қаралғаннан кейін тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатын болады», – деп мә­лімдеді Қызылорда қалалық әкім­дігіне қарасты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөлімінен.

Жалпы, тұрғылықты халық үш жылдан бері тасада қалып тұрған талап-тілектерінің жедел шешілуін тағатсыздана күтіп отыр. Ең бас­ты­сы, құрылыс жұмыстарының са­ны­на емес, сапасына мән беріп, мер­ді­герлердің жұмыстары мұқият ба­қы­лауға алынуға тиіс деп есеп­тейді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы