Ақылы мектеп неге қақылы?

Жақында елімізде Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қабылдау басталды. Алтыншы сынып оқушылары арасында іріктелген мықтылары ғана оқи алатын мектепке қабылдану биыл да оңай болмайын деп тұр.

Себебі бір ғана Атыраудың өзінде бір орынға жыл сайын 125 оқушы таласады. Небәрі 120 орынға бөлінетін грантқа осынша тайталас – зияткерлік мектептерге деген сұраныстың қаншалықты деңгейде екенін көрсетсе керек. Расымен де, қазір Назарбаев Зияткерлік мектептері (НЗМ), Білім-инновациялық лицейлер (БИЛ) мен Республикалық физика-математика мектептері (РФМШ) – ата-аналар үшін баласының болашағына салынған ең ірі инвестициялардың біріне айналды. Алайда бұл жолдың бағасы тек баланың білімімен емес, ата-ананың қалтасымен де өлшеніп отыр.

Қабылдау емтиханына дейінгі күрес

Мұндай мектепке түсу үшін рес­ми түрде «тегін» деп саналатын емтиханның өзіне дейін ата-ана­лар айтарлықтай шығынға бата­ды. Бір ғана Атырау қаласының өзінде ірілерін алғанда – MEET, «Зерделі», Bolashak school сияқты 20-дан астам ірі орталық бар. Айлық оқу ақысы ең қымбаты – MEET білім орталығы. «Балаңыз­ды бір жыл ішінде зияткерлік мектептерге дайындап береміз» дейтін бұл орталыққа айына 1 баланың оқуы – 100 мың теңге. Бір үйден екі немесе үш бала оқы­са, айына 300 мың теңгеңізді дайын­дап отырасыз. «Зерделі» бірнеше пакет ұсынады. Ең тиімдісі өздері pro деп атайтын пакет. Қазақ тілі, орыс тілі, ағыл­шын тілі, математика, сандық сипаттама және жаратылыстану пәндерінен сабақ беретін орта­лық­тың үш айлық оқу ақысын бірден төлесеңіз, 220 мың теңге жеткілікті. 

«Менің үш балам бар. Үлкен ұлым 7 сыныпта, қызым 6 сы­ныпт­а оқиды. Кенжем 4 жаста. Қызымды НЗМ мектебіне дайын­дап жатырмын. Біз дайындықты 4 сыныптан бастадық. 4, 5 сы­нып­та Bolashak school мектебіне барып жүрдік. 6 сыныпта дайын­дығымызды нығайту керек бол­ды. Сөйтіп, «Зерделі» орталығына келдік. Мұнда 3 ай сайын 220 мыңнан төлеп отырамыз. Ай сайын балалар тест тапсырады, сол арқылы білім деңгейімізді бай­қап отырмыз. Күні кеше қы­зым Назарбаев Зияткерлік мек­тебінде сынама тест тапсырды. Ол сынақтың өзіне 20 мың теңге төледік. Наурызға дейін уақы­тымыз бар, айына 2 рет тест тап­сырамыз деп жоспарлап отыр­мыз. Қызымның енді ағылшын деңгейін көтеру керек болып тұр. Оған қосымша репетитор алып жатырмыз. Енді сенбі, жексенбі күндері сол маманға барамыз. Ол кісімен 30 мың теңгеге келістік. Ұлым басқа орталықта оқиды. Оның оқу ақысына 4 ай сайын 300 мыңнан төлеп отырмын. Мұ­ның сыртында несиелер, үйдің ақысы, азық-түлік, балалардың бас­қа да керек-жарағы бар. Сол үшін үш жерде жұмыс істеймін. Өзім жалғызбасты анамын», – дейді атыраулық Гүлбану Атама­шқызы. 

Біз сөйлескен тағы бір ана – Салтанат Мұқашева 5 сыныпта оқи­тын қызын «Зерделі» мекте­біне берген. Бұл мектепке жылы­на 1 миллион 680 мың теңге тө­л­­ейді екен. Егер бала мектепте тамақтанатын болса, қосымша 35 мың теңге қосылады. Бала сағат 8:30-да сабаққа кіргеннен кешкі 17.30-да шығады. Үй тапсырмасы берілмейді. Барлық оқу процесі мектепте өтеді. Бұл ана да бала­сының БИЛ немесе НЗМ сияқты мектепке түсуін қалап отыр. Өйткені осындай білімі жоғары мек­тепті аяқтап жатқан балалар­дың шетелде оқуға мүмкіндігі көп деп санайды.

Білім бе, бәсеке ме?

15 жылдық еңбек өтілі бар педагог Жанмира Құбашева бұл үрдістің екінші жағына назар ау­дару керек екенін жеткізді. Оның сөзінше, балалар 10-11 жасынан бастап қатты бәсекеге түсіп жа­тыр. Аптасына 6 күн дайындық, тест, қысым. Бұл баланың пси­хо­логиясына салмақ салуы мүмкін. Мектепке түсу білім сапа­сын арттырудың емес, жа­рыс­тың нышанына айналған.

«Мектептердің бас­ты артық­шылығы – тереңдетілген бағ­дарлама, пәндерді ағылшын тілінде оқыту, логикалық ойлауға бағытталған жүйе, халықаралық олимпиадалар мен жобаларға қатысу мүмкіндігі. Ал қарапайым мемлекеттік мектептерде білім беру жалпы стандартпен шек­теледі. Мұнда мұғалімнің жүкте­месі көп, материалдық база әлсіз, ал қосымша мүмкіндіктер көбіне ата-ананың жеке бастамасына байланысты. Сондықтан мәселе тек мектептің атауында емес, орта мен мүмкіндік теңсіздігінде», – дейді ол.

Мектеп түлектері көбіне шетел­дік жоғары оқу орындары немесе беделді отан­дық универ­ситеттерге түседі. Ағылшын тілін еркін меңгер­ген, ғылыми жо­баларға қатыс­қан түлек еңбек нарығында да бәсекеге қа­білетті.

HR-мамандардың бей­ресми пікірінше, түйіндемеде НЗМ, РФМШ немесе БИЛ атауы кей жағдайда артық­шылық береді. Әсіресе, халық­аралық компаниялар мен ірі корпора­циялар үшін белгілі бір сапа көрсеткіші. Қарапайым мектеп түлектері де жетістікке жете ала­ды, алайда олар көбіне қосымша курс­тар, қайта даярлау, жеке еңбектің арқасында теңе­суге мәжбүр.

Нұрсұлтан Жаңабай – әлемге әйгілі америкалық NASA ұйымы­ның зерттеу жұмысына қатысып жатқан қазақ баласы. Ол Аме­рика­дағы Дрексель универ­ситетінің студенті. Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебін аяқтаған Нұрсұлтан бұл мек­тептен алған білімінің арқа­сында АҚШ-та тегін оқу мүмкін­дігін иеленген. 

«Менің Америка еліне алғаш­қы қадамым 2022 жылы 13 қыр­күйекте басталды. Өзге адамдар, өзге мәдениет, өзге орта болғаны­мен, тілді жетік білгенімнің пай­дасы болды. Бейімделу маған аса қиын болма­ды. Ерекше атап өтер­лігі, ол жақ­та сыйластық бірін­­ші орында тұрады. «Сіз маған тиіспесеңіз, мен сізге тиіспеймін» деген ұғым бар. Америкада көшеде кездескен кез келген адаммен еркін сөй­лесіп кете аласыз. Бір тақырыпты бас­тап кетсеңіз, ол кісімен бірге түс­тік ас ішіп те отыруыңыз мүм­кін. Бастапқыда осындай жағ­дайларға таңданысым болға­ны рас. Десе де, білім деңгейі бойын­ша қазақстандық жастар­дың білімі жоғары деп айта аламын. Неге? Себебі Америка­дағы жоға­ры сыныптар мен Қазақстандағы жоғары сынып­тар­дың арасын­дағы білім беру айырмашылығы жер мен көктей. Америкада оқушыларға сабақты таңдауына қарай оқуға мүмкіндік беріледі. Ал Қазақстанда оқушы барлық пәнді оқуға міндетті. Жалпы, ТМД елдері оқушылары­ның артықшылығы да осында дер едім. Енді қараңыз, егер мен америкалық болсам, математика­ны оқығым келмеуі мүмкін. Сөйтем де, физика мен химияны таңдаймын. Бірақ университетке келгенде бәрібір математиканы оқуыма тура келеді. Жанымдағы студенттердің осындай сабақтар­дан біраз қиналғандарын көрдім. Тіпті кейде оларға ментор болып, математика бағытында көмек көр­сеткен кездерім де болды. Сон­дықтан «керек емес» деген пән болмайтынын түсіндім», – дейді Нұрсұлтан.

Әйтсе де, мектептер білім сапасын арттырғанымен, қоғам­дағы әлеуметтік алшақ­тықты айқындай түсуде. Бір тарапта баласына жүздеген мың теңге жұмсауға дайын ата-аналар, екінші тарапта мемлекеттік мек­теппен ғана шектелген отбасы­лар. Бұл жағдай «білім бәріне тең қолжетімді ме?» деген сұрақты қайта көтереді. Егер мемлекет білім сапасын тек таңдаулы мектептерде емес, қарапайым мектептерде де тең деңгейде дамыт­паса, бұл алшақтық алдағы жылдары одан әрі ұлғая түсуі мүм­кін. Білім бәсекеге емес, мүм­кіндікке айналғаны жөн.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы