Шымкентте полиция колледждің 17 жастағы студентін некеге тұруға мәжбүрлегендерге қатысты қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Otyrar басылымына сілтеме жасап.
Кәмелетке толмаған қыз өзін алып қашып, келісімінсіз тұрмысқа беру үшін ер адамның үйіне күштеп әкелгені туралы арызбен полицияға жүгінген.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жергілікті тұрғынның арызы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы («Некеге тұруға мәжбүрлеу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы полиция басқармасына жеткізілді, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Елімізде кез келген құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік принципі қолданылады. Заң талаптарын бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады», — деп атап өтті полиция өкілдері.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрлардан қызды көліктен шығарып, болжамды «күйеу жігіттің» үйіне күштеп сүйреп бара жатқанда оның айқайлап, қарсылық көрсеткенін көруге болады. Бөлмеде егде жастағы әйелдер еңіреп жылаған қызға ұрсып, басына орамал тағуға тырысады.
Жәбірленушінің айтуынша, ер адамның туыстары оған қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасаған. Сондай-ақ бойжеткен «күйеу жігіттің» оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағанын мәлімдеді.