«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентті тек партиялық тізімдер арқылы қалыптастыру жөніндегі ұстанымын толық әрі сөзсіз қолдайды.
Бір палаталы модель Парламенттің кәсібилігін арттырып, жауапкершілігін күшейтеді – Елнұр Бейсенбаев
227
оқылды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында Парламентті трансформациялауға байланысты конституциялық өзгерістердің негізгі тәсілдері талқыланды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, Заң шығарушы биліктің институционалдық негізін жаңғыртуды көздейтін ауқымды әрі мазмұнды реформалық өзгерістер барынша байыпты, кәсіби әрі жан-жақты сараланған шешімдерді талап етеді.

– Жұмыс тобы шеңберіндегі жұмыс қарқынды әрі нақты жүргізілуде. Қысқа уақыттың ішінде бірнеше толық форматтағы отырыс өтті. Талқылаулар ашық сипатта өтіп, пікірталастар кей жағдайда екі жарым сағаттан астам уақытқа созылды. Заңгерлердің, ғалымдардың, тәжірибелі мамандардың және саяси партия өкілдерінің ұстанымдары әрдайым бір арнаға тоғыса бермеді. Алайда «пікірталаста шындық туады» дегендей, дәл осы ашық диалог ұсынылған шешімдерді тереңірек талдауға, әрбір мәселені – жаңа Парламент моделінен бастап заң шығару және парламенттік бақылау тетігіне дейін – сапалы пысықтауға мүмкіндік берді. 

Маңыздысы – жұмыс тобының құрамында барлық саяси партиялар, конституциялық құқық саласындағы сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері бар. Сонымен қатар азаматтардың өзі де белсенді қатысуда: ұсыныстар e-Otinish және eGov платформалары арқылы келіп түсуде. Талқылау тар шеңберде емес, кең қоғамдық алаңда жүріп жатыр. Бұл – қағидатты мәселе. Өйткені Президент атап өткендей, тағдырлы өзгерістер бойынша түпкілікті шешім жабық кабинетте емес, жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануы тиіс. Соңғы бағаны біздің жұмысымызға Қазақстан халқының өзі береді.

«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентті тек партиялық тізімдер арқылы қалыптастыру жөніндегі ұстанымын толық әрі сөзсіз қолдайды. Бұл тәсіл Парламенттік реформаның логикасына толық сай келеді және классикалық партиялық жүйені нығайтуға бағытталған. Мұндай модель жекелеген тұлғаларды емес, саяси бағдарламалар мен идеологиялық платформаларға негізделген партиялық жауапкершілікті алдыңғы қатарға шығарады. Партия – бұл жеке мүдделер жиынтығы емес, қоғам алдындағы ұжымдық жауапкершілік институты.

Бір палаталы модель Парламенттің кәсібилігін арттырып, жауапкершілігін күшейтеді, сондай-ақ оның бақылау функцияларын және мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы ықпалын нығайтады.

Жұмыс тобы аясында «AMANAT» партиясы фракциясының және әріптестерімнің бірқатар ұсыныстары қолдау тауып, ескерілді. Бұл диалогтың шынайы мазмұнды әрі конструктивті сипатта өткенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы конституциялық реформаға қатысты қоғамдық пікірталастарды, сараптамалық қорытындыларды және азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жіті бақылап отырғанын атап өтті. Бұл тағы бір мәрте дәлелдейді: алда тұрған өзгерістер – реформа үшін реформа емес, жаңа, орнықты әрі теңгерімді саяси модельді қалыптастыруға бағытталған саналы қадам.

«AMANAT» партиясы дәстүрлі түрде қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүріп, осы кезеңдегі өзінің жауапкершілігін терең сезінеді. Біз Президенттің Парламенттік реформа жөніндегі бастамасын қолдаймыз және оның мазмұнды, ойластырылған әрі қоғамның үмітіне сай жүзеге асуы үшін алдағы уақытта да жүйелі жұмыс жүргізуге дайынбыз.