Күтпеген өзгеріске қарамастан, Сәтжановтың Қазақстан боксының дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды.
«Үш бөлмелі үй мен өте қымбат көлік»: бұрынғы бас бапкер Қайрат Сәтжановқа федерация бар жағдайын жасады
100
оқылды

Қайрат Сәтжанов ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен 10 қаңтар күні босатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл шешім оның денсаулық жағдайына байланысты қабылданған. Күтпеген өзгеріске қарамастан, Сәтжановтың Қазақстан боксының дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды.

Ол жетекшілік еткен кезеңде Қазақстан құрамасы халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетіп, былтыр әлем чемпионатында жеті чемпион шығарды. Бұл нәтиже отандық бокстың әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Астанада Қазақстан бокс федерациясының бірінші вице-президенті Дархан Қызайбаев еңбек сіңірген бапкерге ерекше құрмет көрсетті. Ол Қайрат Сәтжановқа елордадан үш бөлмелі пәтердің кілтін және Toyota Land Cruiser 300 автокөлігін табыстады. Бұл қадам федерация тарапынан көп жылғы еңбегі мен ел спортына сіңірген қызметіне алғыс ретінде бағаланды.

Сонымен қатар Қазақстан бокс федерациясы президентінің бұйрығымен Қайрат Сәтжанов жаттықтырушылармен жұмыс жөніндегі вице-президенті қызметіне тағайындалды. Жаңа лауазымында ол жаттықтырушылар құрамының жұмысын үйлестіріп, ұлттық құраманың дайындық жоспарларын жүйелеумен айналысады.