Жалпы білім беретін мектептердің толық техникалық жарақтандырылуына және цифрлық шешімдердің белсенді енгізілуіне қарамастан, іс жүзінде ата-аналар мен педагогтар мемлекеттік цифрлық сервистерді пайдалану кезінде әлі де қиындықтарға тап болуда.
Цифрлық қолдау іске асты
94
оқылды

Платформалардың жұмыс тетіктері, әлеуметтік ваучерлерді есептеу тәртібі және алушылар мәртебесін тексеру жөніндегі ақпараттың жеткіліксіздігі азаматтар тарапынан түсінбеушіліктерге, өтініштер мен шағымдардың туындауына жиі себеп болып отыр.

Дәл осы мәселелерді шешу үшін Қызылорда қаласында «Әлеуметтік әмиян» цифрлық платформасын енгізу бойынша оқыту семинары өтті. Іс-шара «AMANAT» партиясы мен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылды. Семинарға облыстың білім беру ұйымдарының педагогтары мен оқушылардың ата-аналары қатысты.

Әлеуметтік қолдауды цифрландырудағы жүйелі тәсіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған бағытқа толық сәйкес келеді. Ол цифрлық тех­нологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыратын негізгі факторлардың бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл үдерісте білім беру жүйесіне айрықша рөл жүктеледі, өйткені цифрлық шешімдер әлеуметтік көмектің қолжетімділігіне тікелей ықпал етеді.

Семинар жұмысына «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық фили­а­лының төрағасы Жандос Базартай қ­атысты. Ол анықталған мәселелердің техникалық емес, негізінен ақпараттық-түсіндіру сипатында екенін атап өтті. 

«Бүгінде еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептер аппараттық-бағдарламалық кешендермен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Дегенмен жүргізілген бірлескен талдау ата-аналар мен педагогтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстарын күшейтудің қажет екенін көр­­сетті. Ата-аналардың бір бөлігі «Әлеу­меттік әмиян» сервисінің жұмыс қағи­даттары туралы жеткілікті деңгейде хабардар емес, ал жекелеген мектеп қызметкерлерінде 1-4 сынып оқушыларына арналған тегін және жеңілдікпен тамақ­тандыру ваучерлерін автоматты түрде есептеу тәртібі, сондай-ақ мәртебені тексеру тетіктері жөнінде толық түсінік қалыптаспаған», – деп атап өтті Жандос Базартай.

Оның айтуынша, дәл осы олқылықтар министрліктер мен білім беру жүйесін басқару органдарына түсетін өтініштер мен шағымдардың артуына себеп болып отыр. Өткізілген оқыту семинары анықталған қиындықтарды жоюға, «Әлеуметтік әмиян» платформасын пайдалануда бірыңғай тәсіл қалыптастыруға және әлеуметтік көмектің нақты алушыға уақытылы әрі кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобаны жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысында «AMANAT» партиясы, облыстық білім басқармасы, облыс әкімі аппараты, сондай-ақ қалалық және аудандық білім бөлімдерінің өкілдері қатысатын сегіз жұмыс тобы құрылды. Оқытудан өткен осы топ мүшелері алдағы уақытта бекітілген кестеге сәйкес өңірдің аудандары мен қалаларында түсіндіру және оқыту іс-шараларын өткізетін болады.

«Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру әлеуметтік қолдаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық сервистерге деген азаматтардың сенімін нығайтуға бағыт­талған. Бұл қызметтерді барынша түсінікті, қолжетімді әрі адамдардың нақты қа­жеттіліктеріне жарамды ету жобаның басты мақсаты болды.

Елнар ЕЛТАЙ