Шымкент қаласында Момынов көшесі бойындағы теміржол үстінен салынған жаңа автокөлік өткелі пайдалануға берілді. Инфрақұрылымдық жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған.
Автокөлік өткелі пайдалануға берілді
89
оқылды

Аталған өткелдің құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында басталған. Жоба қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және орталық көшелердегі көлік жүктемесін азайтуға бағытталған.

Техникалық ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен жергілікті тұрғындар қатысты. Қала басшысы өз сөзінде заманауи әрі қауіпсіз көлік инфрақұрылымын қалыптастыру әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Жаңа автокөлік өткелі қаланың шы­ғыс бөлігін орталық аудандармен тікелей байланыстырып, теміржол желісінен қауіпсіз өтуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар көлік қозғалысын жеделдетіп, тұрғындардың жолға кететін уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазірде өткелге іргелес аумақта абат­тандыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолы салынып, көгалдандыру жүргізілуде, көше инфра­құрылымының элементтері мен жарық шамдары орнатылуда.

Айта кетейік, биыл Тіленшин көшесіндегі теміржол үстінен өтетін автокөлік өткелін де пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл көлік ағынын тиімді қайта бөлуге және көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға ықпал етпек. Сонымен қатар Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылы­сында салынып жатқан жолайырық та жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.

Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша партияның сайлауалды бағдар­ламасы аясында 1 059 шақырымнан астам автокөлік жолына асфальт төселіп, көше­лерді жарықтандыру деңгейі 100 пайызға жеткізілді. Бұл көрсеткіштер мегаполисте инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесін айғақтайды.

Елнар ЕЛТАЙ