Атырау облысында болған тағы бір тосын жағдай елді елең еткізді.
Тоққа түскен тағдыр
122
оқылды

Бұл жолы әңгіме жай ғана жазатайым оқи­ға емес, адам өмірі мен еңбек қауіпсіздігіне сал­ғырт қараудың салдары туралы болып отыр. Желтоқсан айын­да  Индер ауданына қарасты Көктоғай ауылында «Атырау-Жарық» ЖШС-ның электригі, 25 жастағы Еламан Сағиев жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде ток­қа тартылып қалды. 10 кВ кернеулі электр доғасының ас­тында қалған жас маман қазіргі уақытта жансақтау бө­лімінде өмір үшін күресіп жатыр.

Оқиға болған сәтті көрген Көк­­тоғай ауылының тұрғындары сол күнгі көріністі әлі ұмыта ал­май­­ды. «Бағананың басынан най­за­ғай секілді жалын шарпыды. Бір сәтте бәрі өртеніп кеткендей бол­ды», – дейді куәгерлердің бірі. Ела­ман Сағиев сол күні бағана ба­­­­сында электр желісін жалғап жат­­қан. Алайда қауіпсіздік тех­ни­ка­сының ең басты талабы – «тоқ беру» туралы нақты команда күту сақ­талмаған. Өрлік елді ме­ке­нін­дегі подстанция қызметкері рұқ­сат­сыз ток қосып жіберген. Сал­дары­нан Еламанды электр доғасы шар­пып, денесінің бірнеше бөлі­гін күйік шалды.

Қорғансыз  қалған жұмысшы

Зардап шегушінің туған әп­ке­сі Қарлығаш Қайыр­жа­нова­ның ай­туынша, қазіргі уақыт­та науқастың жағдайы ауыр. Дәрі­гер­лер науқас­тың аяқ-қолы ам­пу­та­циялануы мүмкін екенін айтады. 

«Оқиға Көктоғай ауылының территориясында бағанада тоқ жалғау барысында болды. Ең со­рақысы, қауіпсіздік техникасына жауапты маманның болмағаны және «ток қосу» жөнінде команда берілмей тұрып, подстансаға электр қуаты қосылып кеткені.  Оның үстіне, інімнің үстіндегі қыз­меттік киімі токтан қорғайтын ар­найы киім емес. Қолында кәсіби диэлектрлік қолғап та болмаған. Үйден алып шыққан қарапайым мата қолғаппен жұмыс істеп жүр­ген. Қыс мезгіліне сай жылы, қор­­ғаныш киімі де берілмеген. Ал ол киіп жүрген форманы мекеме 2024 жы­лы берген, бір жыл ішінде қыз­мет­тік киімнің тоз-тозы шыққан, – дейді ол.

Ол ол ма, жас маманда рация се­­кіл­ді байланыс құралдары да бол­­маған. Еламан Сағиев алдымен Ин­­дер аудандық ауруханасына жет­кізіліп, кейін Атырау облыстық ау­ру­ханасына ауыстырылды. Аты­р­ау облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының мәліметінше, ол 10 кВ кернеулі электр доғасының әсерінен электр күйігін алған. Оң қолы, сол жақ саны, оң балтыры мен аяқ башпайлары зақымданған. Күйік көлемі – шамамен 15 пайыз.

13 жыл бұрынғы қайғылы жағдай

Бұл оқиға Сағиевтер әулеті үшін алғашқы соққы емес. Дәл осы сала, дәл осы жұмыс…

2012 жылдың 2 тамызында, яғ­ни осыдан 13 жыл бұрын, бағана ба­сында тоқ жалғау кезінде Ела­ман­ның туған ағасы Бауыржан  Са­ғиев оқиға орнында қаза тапқан. Ол кезде де жұмыс «Атырау-Жа­рық» жүйесінде болған. Алайда отбасының айтуынша, іс сол күйі әділ тергелмей, «жабулы қазан» күйінде қалған.

– Ешкім жауапқа тартылмады. Ол кезде отбасымызға ешқандай кө­мек көрсетілген жоқ. Енді Ела­ман­­ның жағдайы да «жабулы қа­зан» күйін­де қалмай, қажетті ем-до­мын алуына барлық жағдай жа­­сал­са және кінәлілер жауапқа тар­тыл­са дейміз. Қазіргі уақытта «Аты­рау-Жарық» мекемесі тара­пы­нан Еламанды Астанаға жеткізу жә­не жанында болатын екі туысы­ның бас қалаға жол жүру, тұрақтау шы­ғын­дарын өтеу бойынша кө­мек­тер көр­сетілуде. Бауырым аман-есен ор­тамызға оралса екен», – дей­ді зар­дап шегушінің туған әпкесі Қар­­лы­ғаш Қайыржанова. 

Оқиға болған күні, 19 желтоқ­сан­­да, Индер ауданына қарасты Өр­лік ауылындағы «Жалғас» ка­фе­сінде Энергетиктер күніне ар­нал­ған мерекелік кеш өткен. Ал келесі күні, 20 желтоқсанда, Аты­рау қаласындағы «Алтын шатыр» мей­рамханасында «Атырау-Жа­рық» ЖШС басшылығы мерекелік отырыс өткізгені айтылуда. Ал сол сәтте Еламан Сағиев жансақтау бө­лімінде өмір мен өлім арасында жат­қан.

Статистика не дейді?

Денсаулық сақтау басқармасы барлық медициналық көмектің көр­сетіліп жатқанын хабарлады. Ал «Атырау-Жарық» ЖШС қыз­мет­тік тексеру басталғанын, ем-дом шы­ғындарын өтейтінін мә­лім­деді.

Бірақ бұл жеткілікті ме? Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне қарасты мемле­кет­тік еңбек инспекциясы комитеті Атырау облысы бойынша депар­та­ментінің өкілі Сабыржан Төле­ге­новтің сөзінше, 2025 жылдың қаң­тар-қараша айларында Атырау облысында 51 өндірістік жаза­тайым оқиға тіркелген. «Салда­ры­нан 44 адам ауыр жарақат алып, 7 адам қаза тапты. 28 қылмыстық іс қоз­­ғалды. Оқиғалардың басым бө­­лігі – құрылыс, мұнай-газ және қыз­­мет көрсету саласында орын алып отыр. Бұл жерде басты се­беп­тер – еңбек қауіпсіздігін тиісті дең­­гейде ұйымдастырмау, арнайы қорғаныш құралдарының болмауы және ішкі бақылаудың әлсіздігі», – дейді ол. 

Қазіргі уақытта Еламан Са­ғиев­­­ті жүкті жұбайы, бір жасар ба­­­ла­сы, қарт ата-анасы күтіп отыр. Ол – отбасының жалғыз асырау­шы­сы. Бүгінде бұл іс жеке траге­дия­­­дан әлдеқашан асып, қоғам үшін маңызды мәселеге айналып отыр. Айтпақшы, жергілікті про­ку­­­ра­тура осы жағдай бойынша қыл­­­мыстық іс қозғалғанын хабар­ла­­ды. Қазіргі уақытта Индер ау­дан­­­дық полиция бөлімі «Еңбекті қор­­­ғау қағидаларын бұзу» бойын­ша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бас­­­­тады. Еңбек инспекциясы ко­ми­­­­теті қызметтік тексеру жүр­гі­зу­де. 

Астана қаласындағы Ұлттық шұ­­ғыл медицинаны үйлестіру ор­та­лығына (НКЦЭМ) ауыр жағдай­да жеткізілген 25 жастағы науқасқа бір­неше апта бойы қарқынды ме­дициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер ішкі ағзалардың қыз­ме­тін қалпына келтіру үшін бар­лық қажетті шараларды қабылдап, науқастың өмірін сақтап қалуға күш салды.

Алайда қол-аяқты аман алып қалу мүмкін болмады. 16 қаңтар күні өткен дәрігерлік конси­лиум­ның шешімімен сол аяқ тобықтан төмен, оң қол білезіктен төмен ам­пу­тациялау қажеттігі анықтал­ды. 19 қаңтар күні үш сағатқа со­зыл­­ған операция барысында нау­қас­тың аяқ-қолы кесілді.

Дәрігерлердің айтуынша, нау­қас бір ай бойы өмірі үшін кү­рес­кен. Күндіз-түні ауырсынумен ар­­па­лысып, үлкен моральдық жә­не физикалық сынақтан өткен. Қазір­гі уақытта оның өміріне қауіп жоқ, жағ­дайы тұрақты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы