Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті.
Ұлттық құрылтайда айтылған әрбір пікір мен ұсыныс еліміздің дамуына нақты қадам болды – Ұлықбек Тұмашинов
121
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Ұлықбек Тұмашинов бүгінгі Құрылтайда қоғамды толғандырған өзекті мәселелер ашық талқыланып, ұлттық мүдде, бірлік пен ортақ жауапкершілік басты назарда болғанын айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутат Ұлықбек Тұмашиновтің пікірінше, Құрылтай халық пен мемлекеттің бір арнада тоғысатын ортақ кеңістігіне айналып, мұнда айтылған әр пікір, әр ұсыныс еліміздің дамуына нақты қадам болды.

«Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық.

Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет етеміз деп сенемін.

Әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды. Сондықтан қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек.

Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай «Құрылтай» сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін»,  деді Президент.

Осы ретте Ұлықбек Тұмашинов мұндай жиындар еліміздің болашағына сенімділікті нығайтып, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратынын атап өтті.