Ұлттық контингенттің инженерлік-саперлік тобы БҰҰ мандатына сәйкес Голан биіктіктерінде жүктелген міндеттерді сәтті орындап, 1 200-ден астам жарылғыш затты жойған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар қазақстандық саперлер жергілікті аумақта, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерінде бес іздестіру іс-шарасын өткізіп, миналы алқаптарға үш барлау шығуын жүзеге асырды.
Сондай-ақ анықталған оқ-дәрілерге 11 рет алдын ала зерделеу жұмысы жасалды. Жауапкершілік аймағында инженерлік-саперлік топ әскери персоналдың, БҰҰ нысандарының және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

– Біз миналы алқаптарға барлау жүргіземіз, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерін тексереміз, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жоямыз. Табылған барлық оқ-дәрілер – Сирия аумағындағы қарулы қақтығыстардың қауіпті мұрасы, – деді Бітімгерлік операциялары орталығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының офицері, майор Ернар Амантайұлы.
Голан биіктіктеріне жіберілер алдында әскери қызметшілер Алматы гарнизонындағы Бітімгерлік операциялары орталығында және Қонаев гарнизонының минасыздандыру орталығында кешенді арнайы дайындықтан өтті. Онда олар гуманитарлық минасыздандырудың үш деңгейлі курсын меңгерді.
Осылайша, Қазақстанның инженерлік әскерлерінің әскери қызметшілері ел ішінде әскер мен азаматтық халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, БҰҰ миссиялары аясында бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға да елеулі үлес қосуда.