Сыр бойында ахуал тұрақты
Сыр бойында ахуал тұрақты
161
оқылды
Коронавирусқа байланысты аймақта эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 20 ақпаннан бері инфекция бойынша қолайсыз мемлекеттерден келген 151 адамның 47-і провизорлық ста­цио­нарда болып, ауру белгісі байқалмағандықтан өз елдеріне қайтты. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бақы­лауында болған 10 адамның 9-ын дәрігерлер денсаулығынан кінәрат таппаған соң үйлеріне жіберді. Аймақ медицинасы бүгінде сақ­тық шараларын күшейтті. Ауру анықталған жағдайда нау­қас­­ты емдеу, онымен қарым-қа­­ты­нас жасаған адамдарды ба­қы­лау мақсатында қажетті орын­­дар жаб­дықталды. Препарат, қор­ға­ныш бұйымдары жет­кілікті. Меди­циналық маска тапшы­лығының ор­нын толтыруға кіріскен жергі­лік­ті DalaTex тігін фабрикасы аз­ған­тай уақыт ішінде 10 мыңдай көп­реттік қорғаныш құралын дә­ріха­наларға өткізген.
– Ең бастысы, әр адам өзі­нің, отбасының денсаулығына жауап­кершілікпен қарағаны жөн. Ауа арқылы тез таралатын аурудың алдын алу амалдарын орындауы тиіс. Олар – қолды әлсін-әлсін жуу, жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық-көпшілік орындарға баруды қысқарту. Дертке негізінен иммунитеті төмен адамдар, оның ішінде балалар мен қарт кісілер жиі шалдығады.
Елде төтенше жағдай жария­лан­ған соң халықтың өмір қауіп­сіздігін сақтау мақсатында жергі­лік­ті кәсіпкерлік объектілері, мә­де­ниет және өнер, білім ұйым­да­ры­ның жұмысына шектеу қойыл­ды. Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын ірі сауда алаңдары халыққа таңғы сағат 10.00-ден кешкі са­ғат 18.00-ге дейін ғана қызмет көр­сетеді. Ал біздегі мұндай орын­дар саны 30-дан көп. Осы ара­лық­та санитарлық қауіпсіздік талап­тары қатаң сақталуы тиіс. Сауда ор­талығының аумағындағы кино­театр, балалар орталығы, ойын-сауық алаңдары жабық. Азық-тү­лік сататын дүкен, супермар­кет, базарлар қалыпты режимде жұмыс істей береді. Тек санитар­лық дезин­фекциялық шара­лар күшей­тіледі.
– Кафелер үшін шекті уақыт түнгі сағат 10-ға дейін белгіленіп отыр, онда жиналатын адам саны 50-ден аспауы тиіс. Ал қазіргі күні өңірде 189 қоғамдық тамақтану орны бар. Той-томалақ өткізуге тыйым салынуына байланысты тойханалар жұмысына да шектеу қойылды.
Қауіпті індеттің кең таралуы салдарынан мәдениет және өнер үйлерінің де есіктеріне «қызмет көрсету уақытша тоқтатылды» деген белгі ілінді. Ал оқушылар каникулға шығып, студенттер онлайн оқу жүйесіне көшті. Каникул уақыты аяқталған соң, яғни 5 сәуірден кейін оқушылар да қашықтан білім алуы мүмкін.   Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы