XXV қысқы Олимпиада 6 ақпанда басталады.
Милан-2026 Олимпиадасына Қазақстаннан кімдер қатысады?
Фото: gov.kz
329
оқылды

Бірер аптадан кейін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиаданың алауы тұтанады. Қазіргі таңда Олимпиадаға іріктеу жарыстары толық аяқталып, лицензия иегерлері белгілі болды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Қазақстаннан неше спортшы қатысады?

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиадаға тоғызыншы рет қатыспақ. Милан-2026 Олимпиадасының басты ерекшелігі – гендерлік теңдік. Биыл елімізден 18 ер және 18 әйел спортшы, барлығы 36 атлет Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Бұл көрсеткіш Бейжің-2022 ойындарымен салыстырғанда екі спортшыға көп.

Құрама қаншалықты тәжірибелі?

Қысқы Олимпиада тарихында отандық спортшылар бес жүлде жеңіп алған. Сондықтан Олимпиадада тәжірибелі спортшылардың рөлі ерекше. Биыл фристайл-могулдан 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева бесінші рет төртжылдықтың басты додасында жүлдеге таласады. Дәл осындай көрсеткіш шаңғышы Елена Володина-Антонова мен фристайлшы Дмитрий Рейхердке де тиесілі.

Сонымен қатар шорт-тректен Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша қатарынан төртінші Олимпиадасына қатысады. Абзал 2022 жылы Бейжіңде 500 метр қашықтықта жүлдеден бір қадам жетпей, төртінші орын алған. Ал Денис Никиша кейінгі екі әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстан құрамасы сапынан мәнерлеп сырғанаудан Бостонда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров пен фристайл-могулдан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Анастасия Городко да Олимпиадада бақ сынайды.

Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда қандай ерекшелік бар?

2022 жылғы Олимпиадамен салыстырғанда, Қазақстан спортшылары бұл жолы 10 дисциплина бойынша сынға түседі. Сонымен қатар мәнерлеп сырғанаудан отандық спортшылар сегіз жылдық үзілістен кейін қайтадан Олимпиадаға қатысу құқығына ие болды.

Неше спортшы дебют жасайды?

Құраманың ең жас мүшесі – фристайл-акробатикадан 16 жастағы Асан Асылхан. Милан Олимпиадасы оның мансабындағы ең ірі жарыс болмақ. Дегенмен спортшының еншісінде Азия ойындарының күміс жүлдесі бар.

Олимпиадаға қатысатын 36 спортшының 18-і алғаш рет төртжылдықтың басты додасына жолдама алды. Дебютанттардың қатарында шаңғымен тұғырдан секіруден 2024 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Илья Мизерных та бар.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.