Түркістан облысында бекеттер қатаң бақылауда тұр. 18 наурыздан бастап Алматы және Қызылорда бағытындағы шекаралық аймақтардағы «Сауран» және «Шақпақ» бекеттерінде коронавирус дертіне байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау-өткізу бекеттері қойылды. Полиция және медицина мамандары әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, тексерістен өткізуде.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылған соң оңтүстікке қарай ағылған жұрттың қарасы көбейді. Осыған орай, Түркістан облысында арнайы екі бақылау-өткізу бекеті орнатылып, облыстағы полицейлер мен медицина қызметкерлерімен бірлесіп қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр. Олар сырттан толассыз келіп жатқан әрбір жолаушыны тексеріп, өткізуді бастады.
Мәселен, Шымкент – Самара тасжолының 208 шақырымындағы «Сауран» бекетінде коронавирустың Түркістан облысы аумағына енбеуін қадағалау мақсатында арнайы бақылау-өткізу бекеттері тәулік бойы жұмыс істеуде.
Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаметі басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов қазірге дейін ыстығы көтерілген күдікті азаматтар анықталмағанын айтты.
«Облыстың шекаралық аймақтарындағы «Сауран», «Шақпақ» бекеттерінде арнайы бақылау-өткізу бекеттері тәулік бойы кезекшілікте. Онда мамандар арнайы 3 перометрмен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Құрылғы азаматтардың дене температурасын 2-3 секундта анықтайды. Қазірге дейін бекеттерде күдікті азаматтар анықталмады», – деді департамент өкілі.
Сонымен қатар Шымкент –Алматы тасжолы бойындағы Шақпақ бекетінде де бақылау-өткізу бекеттері тәулік бойы кезекшілікте тұр. Әр бекет тәулігіне 400-ге жуық көлікті тексерістен өткізуде.
Бұдан өзге, Түркістан облысындағы әрбір ауданның әкімшілік шекараларында да эпидемияның таралуына тосқауыл қоятын арнайы мамандар жұмыс істеп отыр.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы