Отбасы банк жақын арада әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бірақ өтінім қабылдаудың нақты күні әзірге белгісіз.
Аталған ипотеканы 2025 жылы іске қосу жоспарланғанымен, бағдарлама бірнеше рет кейінге шегеріліп, нәтижесінде іске қосылмай қалған болатын. Қазіргі уақытта банк өкілдері «Ұмай» бағдарламасының бұрын жарияланған шарттары өзгеріссіз қала ма, әлде қайта қарала ма – бұл жөнінде нақты ақпарат берген жоқ.
Бұған дейін ұсынылған талаптарға сәйкес, несие сомасы 50 миллион теңгеге дейін белгіленген. Пайыздық мөлшерлеме бастапқы кезеңде 15 пайыз болып, кейін 5-3,5 пайызға дейін төмендеуі тиіс еді. Бастапқы жарна ірі қалаларда тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызы, өңірлерде 15 пайызы көлемінде қарастырылған. Ипотека мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін белгіленуі мүмкін.
Бағдарламаға қатысудың негізгі шарттарының бірі – үміткердің Отбасы банкте депозитінің болуы. Осыған байланысты банк қазірден бастап депозит ашуды, ал бар салым иелеріне оны тұрақты түрде толықтырып отыруды ұсынады. Өтінімдер арнайы балдық жүйе арқылы іріктеледі, яғни депозит бойынша банк сыйақысы неғұрлым көп болса, үміткердің жинайтын ұпайы да соғұрлым жоғары болады.
«Ұмай» бағдарламасына тек 18 бен 65 жас аралығындағы әйелдер қатыса алады. Отбасылық жағдайының маңызы жоқ. Міндетті түрде соңғы алты айдағы ресми расталған табыс болуы тиіс. Тұрғын үйді Қазақстанның кез келген өңірінен, тіркелген жеріне қарамастан сатып алуға рұқсат етіледі. Үміткердің меншігінде баспананың бар-жоғы есепке алынбайды. Сонымен қатар зейнетақы жинақтарының артығын, соның ішінде туыстарының қаражатын пайдалануға мүмкіндік бар. Егер жеке табыс жеткіліксіз болса, екі адамға дейін қоса қарыз алушы тартуға болады.