Алматы коронавирусқа дайын ба?
Алматы коронавирусқа дайын ба?
196
оқылды
20 наурыздағы жағдай бойынша Алматыда коро­навирустық инфекцияны жұқ­тырған 22 жағдай тір­кел­ді. Барлығы зертханалық түр­де расталды. Алматы қа­­ла­сы аумағындағы эпиде­мио­­логиялық тексеру нә­ти­же­лері бойынша COVID-2019-дың 10 ошағы анық­­­талды. Атап айтқанда, Ал­ма­лы ауданы – 3; Медеу – 3; Түрксіб – 2; Жетісу – 1; Алатау – 1. 19 наурыздан бастап Алма­ты карантинде. Осылайша, шаһардың сыртқы периметрін қатаң бақылауға алып, инфек­цияның таралуын тоқтатуға ба­рын­ша күш салынбақ. Қалада эпи­демияға қарсы ауқымды іс-шара жүргізілуде. Көшелер мен тротуарлар, қоғамдық орын­дар мен тұрғын үйлер де­зин­фекцияланып, іргелес аумақ­тар та­залануда. Азаматтар мен ав­то­көлік құралдарының Алма­ты қаласы аумағына кіріп-шы­ғуы шек­телді. Карантин жа­рия­лан­ғаннан бері қалада ауа лас­тануы анағұрлым жақсарған. Каз­гидро­меттің соңғы мәліметтеріне сүйенетін болсақ, шаһардың орта­сында лас ауа әлі де болса сақ­талуда. Десек те, жалпы қала аумағындағы ауа сапасын қа­дағалайтын мониторинг зиянды бөлшектердің 3 есеге азайғанын көрсетіп тұр. Статистика бойын­ша, күніне Алматыға жұмыс барысымен 200 мыңға жуық көлік кіріп-шығатын болған. Қазір қалаға кіреберістегі блокбекеттерде Патрульдік по­лиция полкінің, СОБР-дің, «Гранит» полкінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвар­дия бөлімшелерінің күштері жұмылдырылған. Карантин ке­зінде қала ішінде адамдардың ары-бері жүруіне тыйым салын­байтынын, қоғамдық көліктер жүре беретінін Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов айтқан. Автобустар мен метро қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыра бермек. Тіпті, аралық интервал 20 пайызға артады. Оның сө­зінше, 22 наурызда түнгі сағат 00.00-де қала толық жабылады. Қалаға кіргісі келгендер немесе шығатындар осы уақытқа дейін Алматыға кіріп немесе қаладан шығып үлгеруі тиіс. Карантин кезінде жедел медициналық жәрдем, құтқару қызметі сияқты қаланың тіршілігі үшін маңызды көліктердің өтуіне ғана рұқсат беріледі. Олар қалаға кірер кезде толық дезинфекциядан өтеді.
Polisia.kz. сайты полиция қызметкерлері Алматы облысы аумағында айналма жолсызбасын картада белгілегенін хабарлады. Карантин ережелерін сақтау, сондай-ақ мегаполистің көлік қозғалысын азайтуды реттеу мақсатында Алматы полициясы картада облыс аумағы бойынша қаланы айналып өту схемасын белгіледі. Мәселен, Талғар ауда­нынан Қарасай ауданына қалай жетуге болады және тағы басқа жолдар бойынша. «Тұрғындарды алдын ала жоспарлауға және өз маршруттарын түзетуге, ТЖ және карантин ережелерін бұлжытпай ұстануға шақырамыз. Полиция қызметкерлерінің заң талаптарын орындауына, коронавирустық инфекцияның алдын алу және күрес шараларына түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – дейді полицейлер.
Қазір Алматыдағы 8 500-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйдің іші-сырты жаппай залал­сыз­­дан­дырылуда. Тазалық жұмыс­та­рына пәтер иелері коопера­тив­тері жауапты бол­мақ. Сон­­дай-ақ 5 мыңнан астам лифт, 4 мың­­нан астам аула дезинфекция­ланады. Бұдан былай кіреберіс, дәліз, баспалдақтар мен жедел­саты, үй жанындағы алаңдар ар­найы қоспамен жуылады.
«Бүгінгі таңда әрбір тұрғын­ға ай сайынғы жарналарды уа­қытылы енгізу арқылы өз үйлерін күтіп ұстауға белсенді қатысу өте маңызды. Дәл осы жарналар ең­бекақы төлеу қорын және ор­тақ мүлікті дезинфекциялау үшін қажетті қаражатты сатып алуды қарастырады. Қала әкім­­дігі көппәтерлі үйлердің ортақ пай­далану орындарын дезин­фекциялау бойынша пәтер иелері кооперативтерін қолдаудың қосымша шараларын пысықтап жатыр», – деді қалалық Тұр­ғын үй саясаты басқармасы бас­шы­сының орынбасары Мейіржан Отыншиев.
Қазіргі таңда медициналық мас­каның бағасын көтермеу туралы арнайы бұйрық бар. Осындай жағдайға қарамастан, Алматыда миллиондаған маска­ны қымбат бағада сатқандар ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық қаржы мониторингі комитетінің бас­пасөз қызметі хабарлады. Тергеу барысында қаладағы төрт нүктеде меди­ци­налық маскаларды ешқан­дай құжатсыз және бағасын шама­дан тыс көтеріп сатқаны анық­тал­ды. Тәртіп сақшылары 1 миллион 53 мың 520 масканы тәркілеген. Жал­пы сомасы 191 миллион тең­гені құрайды. Бүгінде тәр­кілен­ген медициналық маскалар қала­лық қо­ғамдық денсаулық сақтау бас­­қар­­­масына тапсырылды. Қазіргі уа­­қытта аталған фактілер бойынша Қыл­­мыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары бас­талған. Қаладағы ақылы автотұрақтар 21 наурыздан 15 сәуірге дейін тегін болмақ. Мұндай шешімді А-Parking мекемесі еліміздегі тө­тен­ше жағдай мен қаладағы ка­рантинге байланысты қа­былдап отыр. Кәсіпорын жүр­гізушілерді жол ережесін, көлік қою тәртібін бұзбауды сұрап, темір тұлпарды белгіленген жерге қою керегін ескертеді.  

 width=Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ