«Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі конституциялық қағидаттарға негізделген. Елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұстанымым – осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет», – деді Президент.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына былтыр 30 жыл болды. Осы аралықта Ассамблея өзіне жүктелген міндеттерді толық атқарып шықты десек те болады. Елдегі тұрақтылық пен келісімнің нығаюына Ассамблея мүшелері бір кісідей атсалысты. Басында консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған ұйым 2007 жылы конституциялық мәртебе алды. Қоғамдық келісімнің өзінше мәні бар құрылымға айналғаны да елдің көз алдында.
Қазақстандағы этнос өкілдері елде жүріп жатқан өзгерістердің бел ортасында жүрді. Георгий Прокоп, Юрий Пья, Иван Сауэр, Владимир Розметов, Борис Князев, Алина Соловьева, Вадим Басин, Александр Хмелев, Геннадий Зенченко секілді азаматтар қоғамда өте сыйлы.
Президент Ұлттық құрылтайдың V отырысында «реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді», – деген ұсыныс жасады.
«Жаңа органның қызметінде қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайтқан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай функцияларының стратегиялық сабақтастығын сақтау өте маңызды деп санаймын», – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халық Кеңесі іс жүзінде басқа елдердің консультативтік құрылымдарының тәжірибесін ескеретін жаңа мемлекеттік органға айналатынын айтты. Халық Кеңесіне барлық этнос пен халық топтары мен өңірлерден өкілдер мүше болады.
Қазақстанның Халық Кеңесі елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңестің құрамына 126 адам кіреді деп ұсынылып отыр: оның 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі ірі қоғамдық бірлестіктерден және 42-сі мәслихаттар мен аймақтық қоғамдық кеңестерден болады. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төрағаны оның мүшелері сайлайды. Халық Кеңесі төрағасының ротациялық негізде тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.
«Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуі тиіс. Бұл қадам оның мәртебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болмақ. Бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін түсіндіріп, насихаттау жұмысымен айналысады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзыретіне кіреді. Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Конституцияның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттеледі», – деп бәрін байыптап түсіндірді.
Қазіргі әлемде этномәдениеттердің өзара әрекеттестігі мен өзара ықпалдастығы айрықша мәнге ие. Жаһандану жағдайында этностардың дамуы үнемі назар аударуды қажет етеді. Осы ретте әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық-Дружба» журналы, төрт телеарна, бес телебағдарлама, сегіз радиобағдарлама, тоғыз республикалық басылым, жүзден астам электронды ақпарат құралы достық пен бірліктің насихатшылары болуы тиіс. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі кеңестің жұмысын жандандыру да маңызды.
Бүгінде Қазақстанда этносаралық бірегейлікті сақтай отырып, барлық этностардың тең мәдени дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруын қамтамасыз ететін қағидаттар негізінде этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимылды жүзеге асыру өте маңызды.
Осы орайда этносаралық тұрақтылықты сақтау мемлекеттік саясаттың негізі екені анық. Ұлтаралық келісімді сақтау, қазақ халқы мен елімізде тұратын этнос өкілдерін өзара құрметтеу үрдісі жалғаса беруі тиіс.
Елдегі ұлттық қатынастарды одан әрі үйлестіру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімді жүйесін әзірлеу және іске асыруға аса мұқият қараған абзал.
Бұл міндетті шешу үшін қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін кеңінен орнықтыру қажет-ақ. Мемлекет басшысының «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет», – деген сөзін негізге алып, жұмыла жұмыс істеуіміз керек.
Әр үйдің қандай екенін оның ауласынан, табалдырығынан-ақ байқауға болады. Мемлекет басшысы ұсынған «Таза Қазақстан» акциясы да тап солай. Балаларды жастайынан тазалыққа үйрету күні ертең олардың елге жанашыр, мейірімді, қамқор азамат болып өсуіне тікелей ықпал етеді. Өйткені Президент бірнеше мәрте атап өткендей, бәріміз де Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді.
Сондықтан Қазақстанның Халық Кеңесі елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болатыны айқын. Алда Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін мүлтіксіз орындау күтіп тұр.
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор